Оқушы асханадан сапалы тамақ ішіп жүр ме?

0
148

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының мүшелері мектеп оқушыларын тамақтандыру жүйесі қаншалықты сапалы жұмыс істейтінін зерделеп, орын алған олқылықтар мен оларды жою жөніндегі нақты шараларды талқылады.

Бастауыш сыныпта білім алатын, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында сөз болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінде мектеп қабырғасында 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтылған, оның 1,4 млн-нан астамы – бастауыш сынып оқушылары, қалған 340 мыңы – әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін 5-11 сынып шәкірттері.

Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 164 млрд теңге бөлінді. Мектептер мен балабақшалардағы тамақ сапасын бракераж комиссиялары бақылайды. Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұл жұмысқа партиялықтар да белсенді араласуға тиіс екенін атап өтті.

«Дұрыс тамақтану ағзаның сау әрі мықты болып қалыптасуы кезінде шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ, балалардың ақыл-ойы мен физикалық тұрғыда дамуына ықпал етеді.

Сондықтан, әр бала әлеуметтік мәртебесі мен тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы әрі үйлесімді тамаққа қол жеткізуі керек. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндік мәселесі», – деді ол.

Алайда, жағдайды бақылау және жақсарту бағытында көп жұмыс жасалып жатқанын қарамастан, жекелеген жағдайлар қоғамдық үлкен резонанс тудыруда.

Комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина мектеп оқушыларына мерзімі өткен өнімдер беріліп, ыстық тамақтың салмақ нормалары сақталмайтынына, тағамдардың дәмсіз екеніне қатысты бірқатар мысал келтірді.

Баяндамада 2023 жылы қазанда Павлодарда мектеп асханасында 7-сынып оқушысы ботқадан тірі құрт тауып алғаны; 2023 жылы қарашада Жамбыл облысы Сарыкемер ауылындағы мектеп асханасында адамдар жаппай уланып, 33 оқушы мен 2 мұғалім ауруханаға жатқызылғаны айтылды.

Ал биыл сәуірде Алматы облысы Кемертоған кентінде балалар жаппай іш ауыруына шағымданып, мектеп асханасынан мерзімі өткен өнімдер анықталды; Ақмола облысы Зеренді ауылында асхананың бұрынғы қызметкерлері балалар қалған-құтқан азық-түлікпен тамақтандырылғанын мәлімдеді.

«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалмай отыр. Еліміздегі 7474 мектептің тек 6790-ы ғана ас әзірлейтін бөлмемен қамтылған. Онда оқушылардың басым көпшілігі ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенімен, шешілмей жатқан мәселелер де бар. Қаржыландырудың, қажетті үй-жайлар мен санитарлық жағдайлардың болмауы, сондай-ақ шалғай елді мекендерге азық-түлік жеткізу қиындығы тамақтандыру жұмысын сапалы ұйымдастыруға айтарлықтай кедергі келтіреді. Көптеген бұзушылықтардың рұқсат беру құжаттарын алу сатысында анықталып жататыны айрықша алаңдаушылық туғызып, бұдан да қатаң бақылау қажет екенін көрсетеді», – деді ол.

Бұл ретте, ПБК төрағасы жауапсыз азық-түлік жеткізушілеріне қатысты қабылданатын шараларды қатаңдату, соның ішінде оларды «қара тізімге» қосу және мектептерді азық-түлікпен қамтамасыз ету құқығынан біржола айыру қажет екенін айтты.

«Жауапсыз жеткізушілер алдымен тендерді жеңіп алады, содан кейін барып құжат рәсімдей бастайды. Бұл – мүлдем қисынсыз жағдай. Мұндай компаниялар тіпті тендерге де қатыстырылмауы керек. 4 жыл бойы шағын және орта бизнес субъектілерін жоспарлы тексеруге мораторий жарияланды. Алайда, арыз-шағым түскен жағдайда тексеріс жүргізуге де болатын еді. Бала ауруханаға түскенше күтіп отырудың қажеті жоқ. Бала – ең қымбат қазынамыз. Сондықтан біз, партиялық бақылау комитеті, осы мәселелерге жан-жақты назар аударуымыз керек», – деді Павел Казанцев.

Комитет мүшесі, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бүгінде мектеп асханаларында тәтті тағамдарды, алкогольдік және энергетикалық сусындарды, фаст-фуд және осыларға ұқсас өзге де өнімдерді сатуға тыйым салынғанына назар аударды. Алайда, білім ошағының іргесіндегі дүкендерде, әсіресе ауылдық жерлерде, бұл өнімдердің барлығы сатылымда бар. Кейбір балалардың асханаларда тамақ ішпеуінің бір себебі – осы. Осыған байланысты, депутат білім ошақтары жанында зиянды тағамдарды сатуға шектеу қоюды, сондай-ақ қолданыстағы мектеп мәзірін қайта қарауды ұсынды.

«Ыбырай Алтынсариннің бір еңбегінде мектеп оқушыларының міндетті рационына қымыз, айран және өзге де ашытылған сүт өнімдері енгізілгені айтылады. Жуырда депутаттық сапар аясында Алматы облысы Ақтерек ауылында болып, жергілікті тұрғындар өндірген айран, қаймақ және өзге де сүт өнімдері күн сайын ондағы мектептер мен балабақшаларға жеткізілетінін байқадым. Бұл қадам кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, балаларды табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бәлкім, осындай шараларды ұлттық тамақтану стандарттарына енгізген жөн болар. Себебі бүгінде балалардың көбісі айран мен сүт ішпейтінін, қаймақ жемейтінін, оның орнына тәтті су, кептірілген нан немесе чипсы сияқты әртүрлі зиянды тағамдарды ұнататынын байқаймын. Сонымен қатар, мектеп мәзіріне қазақ ұлттық тағамдарын қосу керек», – деді халық қалаулысы.

Бұған жауап ретінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектеп қабырғаларында балаларды дұрыс тамақтану мәдениетіне, дастархан басында дұрыс тамақтануға және тағам таңдай білуге баулу жұмыстары басталғанын жеткізді.

Қазақ ұлттық тағамдарына келетін болсақ, бұл жұмыс Астана мен Алматыдағы бірнеше мектептің асханасында пилоттық режимде қолға алдынды.  Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық тамақтану академиясымен бірлесіп, осы мәселені пысықтауда.

Өз кезегінде, Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева МЖӘ тетігінің тиімділігіне және жеке тамақ жеткізушілерді тарту жұмысына талдау жүргізуді ұсынды.

«Мектеп оқушыларын тамақтандыру қызметін бәсекелестік ортаға, аутсорсингке беру туралы шешім қабылданған кезде бюджет қаражатын үнемдеу, сондай-ақ бизнесті қолдау мәселесі шешілді. Енді біз осы қадам арқылы қанша қаражат үнемдегенімізге талдау жүргізіп алуымыз керек. Оның мемлекеттік бюджетке қандай пайдасы бар екенін түсіну қажет», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша ПБК мүшелері мектептердегі тамақ сапасын жақсарту үшін бақылау және мониторинг жүргізудің жаңа тетіктерін енгізу бойынша орталық және жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдардың атына жолданатын бірқатар ұсыным қабылдады.

Атап айтқанда, мектептегі тамақтың ұлттық стандарттарын әзірлеу, өндіруден бастап мектепке жеткізуге дейінгі барлық кезеңінде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жүйесін енгізу қажет.

Сонымен қатар, Комитет кәсіби диетологтар мен нутрициологтарды тарта отырып, мектеп асханалары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды талап етті.

Сондай-ақ, партиялықтар мектеп асханаларына азық-түлік сатып алу процесін мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында реттеуді қайтару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.