«Бүкіл дін өкілінің баласы діни киіммен мектепке барсын» дейді қоғам белсендісі

0
276

Мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты дау толастамай тұр. Осыған байланысты қоғам белсендісі, тарихшы Қайрат Амангелді өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.

«Дәл қазір басқа проблемалар бітіп, тек хиджаб мәселесі қалғандай, тек соны талқылап жатырмыз. Жалпы, бұл мәселені ушықтырып жатқандар өздерін құқық қорғаушы санайтын кейбір кісілер. Жарайды, олай болса, былай етейік. «Біздің Ата заңымызда адам құқығы қорғалуға тиіс деп көрсетілген» дегенді алға тартуда ғой.

Қазақстанда бүкіл азаматтың құқығы бірдей. Олай болса, неге Қазақстанда тек қана Ислам дінінің киіміне ғана рұқсат беріледі? Елімізде жүзден астам ұлт өкілі тұрады. Қаншама діни конфессия бар. Олардың да бәріне діни киімдерімен мектепке баруына рұқсат берейік. Музыкамен айналысып жүрген металистер бар. Оларға да сол темір шынжырлы, салпыншақты киімдерімен мектепке баруға рұқсат берейік», — дейді қоғам белсендісі.

Мұнан бөлек, ол құқық сақталуы мәселесіне тоқталып: «Құқығымыз сақталсын, бұзылмасын десек, онда ең бірінші, қазақ ұлтының намысын аяққа таптап жүрген, ұлттық салт-дәстүр, ғұрпымызды «ширк» деп аяққа таптап жүрген молда-имамдарды заңды жауапқа тарту керек. Заңды құқық дегенде, ең бірінші осы мәселені реттеп алайық онда», — деді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.