Президент Тоқаев Ураина-Ресей соғысына қатысты пікірін айтты

0
266

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Германия канцлері Олаф Шольцтің өтінішімен Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар», — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн.

«Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр», – деді президент.

Айта кетері, бүгін «Ақорда» резиденциясында Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Шольц Қазақстанға ресми сапармен келген.

Фото дереккөзден алынды.