Баланы қауіп-қатерден сақтау — ата-ананың қолында

0
215

Қазақстанда жыл сайын 3,5-4 мың адам суицид жасайды. Бір күнде кемінде 9-10 адам суицид жайлы ойлайды екен.

Өкінішке қарай, өз-өзіне қол жұмсайтындардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Бала неге суицид жасайды және қалай оның алдын алуға болады? Massaget.kz тілшісі балалар психологы Данияр Ареновтан сұрады.

Бала неліктен суицид жасайды?

Маманның айтуынша, көп жағдайда жасөспірім өмірінде болып жатқан ауыр жағдайдың шешімі жоқ деп ойласа, суицидтен басқа жол көрмейді.

«Мысалы, бала мектепке барады, буллингке тап болады. Ол бұдан құтылудың жолын іздеп, мектептегі мұғалімдерге жүгінеді, ал олар мәселені шешпейді, мән бермейді. Кейде тіпті «өзің кінәлісің» деп айтуы мүмкін. Сонымен бала ешкімнен көмек сұрай алмай, тұйықталып қалады», — деді ол.

Сонымен қатар баланың қиындыққа шыдай алмай, суицид жасауға итермелеуі оның жүйке жүйесімен байланысы бар көрінеді. Психолог жүйке жүйесін әлсіз және күшті деп екіге бөлді.

Жүйке жүйесі күшті бала жасөспірім буллингке тап болғанда қарсы тұрады, бүлік шығарады, ал әлсіз бала төзіп жүре береді, ақырында осындай салдарға әкеп соқтырады.

Суицид туралы ойлап жүрген баладан қандай да бір ерекшелік байқала ма?

Данияр Аренов суицид туралы ойлап жүрген баланың бойынан белгілер байқалады.
Мысалы:

бала жабырқап жүреді;

айналасына мән бермейді;

бұған дейін қызыққан дүниелеріне назар аудармайды;

киімі мен сырт келбетіне қарамай кетуі мүмкін;

көңіл-қошы мүлде болмайды.

«Оның түрлі белгісі болуы мүмкін. Ата-ана баласынан біртүрлі қылықтарды байқаса, не болғанын анықтау үшін баладан тікелей сұрау қажет. Ол сізбен бөліспеген жағдайда оның веб шолғыш тарихын тексеруге болады.

Кейде бала ата-анасына айтуға қорқатын бір жағдайға тап болуы да мүмкін. Яғни ұтыс тігіп, ақшасынан айырылып, оған қоса қарызданған болуы ықтимал, салдарынан бала мазасызданады, бұл да бірден байқалады.

Ал егер бала буллингке тап болса, ол міндетті түрде байқалады. Белгілерді қандай ата-аналар байқамайды? Балаларына қажетті мөлшерде көңіл бөлмейтін, балаларын дұрыс білмейтін ата-аналар», — деді балалар психологы.

«Қолын кесетіндер» туралы не дейсіз?

Маман егер бала өзінің денесін қасақана жарақаттайтын болса, бұл — аутоагрессия екенін түсіндірді.

«Адамның ішінде қаншама эмоция бар, оның бәрін сыртқа шығару керек. Ал эмоция сыртқа шықпаған кезде немесе оны шығаруға мүмкіндік, рұқсат болмаған жағдайда, баланың ашу, ыза секілді барлық эмоциясы ішіне сыймай, ол өз-өзін зақымдай бастайды.

Ата-ана баласының денесінен белгілі бір жарақаттарды көрсе, бұл оларға сигнал бола алады. Мұндай сәтте балаға бірден көмек қолын созу қажет. Егер мәселенің шешімі табылса, бұл жақсы», — деді ол.

Бала өз денесін жарақаттау арқылы ішіндегі дүниені сыртқа шығарып, осылай психикасын бір қалыпқа келтіруге тырысады. Бұл баланың тығырықтан шығуға көмектесетін өзіндік жолы.

Осы жол аяқталған кезде бала суицид туралы ойлануы мүмкін. Сондықтан ата-анаға баланың өзін-өзі қасақана жарақаттайтынын білгеннен кейін ұрысуына болмайды.

Өйткені аутоагрессиядан зардап шегетін баланың бұл әрекетін іштей көмек сұрап, айғайлап жатыр деп түсінген жөн. Егер ол мұндай сәтте ата-анасынан қолдау емес, керісінше, ашу көретін болса, бала екінші рет ата-анасына жүгінбейді.

Баланың күдікті қылықтарын «өтпелі кезең» деп қабылдау қаншалық дұрыс?

Жасөспірім кезеңнің міндеті – баланың ата-анадан бөлінуі.

«Яғни бала ата-анасымен өміріндегі барлық ақпаратты бөліскісі келмейді, олар бір-бірін түсінбейді, өйткені баланың өз әлемі бар. Жасөспірім шашын бояғысы келеді, ал ата-анасы мұны түсінбейді.

Тар немесе бос шалбар кигісі келеді, ата-ана мұны тағы да түсінбейді. Бұл кезеңде бала мен ата-ананың бір-бірін түсінбеуі қалыпты жағдай», —  деді маман.

Бала суицид туралы ойлап жүргенде ата-ананың оған деген жылуы мен махаббаты қаншалық маңызды?

Өтпелі жаста кез келген жасөспірім тұйықталады. Данияр Ареновтің сөзінше, ата-ана перзентінің бойындағы өзгерістерді қабылдап, қауіпке алаңдамауы үшін олардың арасында «ашық сенім терезесі» болғаны жөн.

Яғни бала еркін өмір сүреді, ал өз кезегінде ата-ана баласының қиын жағдайға тап болғанда ол ең бірінші ата-анасынан көмек сұрайтынына сенімді.

«Әдетте бізде қазақта ата-ана мен баланың қарым-қатынасы қандай? Ата-ана жұмыстан келіп, балаларынан «Сабағыңды оқыдың ба? Бағаларың жақсы ма? Кітап оқыдың ба? Үйді жинадың ба?» деп сұрайды, бұл тек іскерлік қарым-қатынас. Екі жақ мүлде әңгімелеспейді», — деді ол.

Сондықтан балалар психологы ата-аналарға өтпелі кезеңдегі баламен қалай сөйлесу керегін айтты.

«Мысалы, егер бала сізге келіп, мектепте сыныптасымен сөзге келіп қалғанын айтқанда, сіз оған «әрине, сен ешкіммен араласпайсың, үнемі үйде отырасың, смартфон қарап жатудан басқа ешнәрсе білмейсің» деп айтсаңыз, бала екінші рет сізге өміріндегі оқиғаны айтпайтын болады.

Ал керісінше, бала сізге мұндай дүниені айтқанда, сіз «Неліктен? Бұған не себеп деп ойлайсың?» деп сұрасаңыз, ол сізге одан әрі ашылады. Бала ата-анасымен әңгімелесуге болатынын, олардың тыңдай алатынын түсінеді.

Осылай бала мен ата-ананың арасында сенімді қарым-қатынас орнаған кезде бала басына қандай іс туса да бірінші кезекте ата-анасынан көмек, ақыл сұрайды», — деді ол.

Маман осындай жағдайда балаға тәуелсіздік беруге болатынын алға тартты.

Жасөспіріммен қалай сөйлескен дұрыс?

Жасөспіріммен ең дұрысы — сұрақ қою арқылы сөйлесу керек. Психологтың айтуынша, жасөспірім тыңдағанға қарағанда, сөйлегенді жақсы көреді.

Сондықтан жасөспірім үйге келгенде оған лекция оқудың орнына, одан мысалы, күні қалай өткенін сұраған жөн. Жасөспірімге сұрақ қою арқылы оған бағыт-бағдар беруге де болады.

«Мысалы, жасөспірім ата-анасына үй жұмысын істеуге көмектеспейді. Ата-ана баласына «Анаға/әкеңе көмектес» деп бұйырудың орнына, «Менің бір сұрағым бар» деп әңгімені бастаса, оған бұл міндетті түрде қызық болады.

«Анаң/әкең үй тірлігін істеп үлгермей жүр, мен оған көмектескім келеді. Бірақ қолымнан келер емес. Сен қалай ойлайсың? Оған қалай қол-ұшын созуға болады?» деп сұрау арқылы балаға таңдау жасауға мүмкіндік береміз.

Ал жасөспірім өзі таңдау жасаған кезде өзінің есейгенін түсінеді. «Үйде менің ойым маңызды екен ғой» деген ой қалыптастырады. Адамды не есейтеді? Жауапкершілік. Егер біз жасөспірімнің дұрыс есейгенін қаласақ, оған сұрақ қою арқылы бағыт-бағдар бере аламыз», — деді ол.

Ал, керісінше, балаға тек бұйыратын болсаңыз, оның жауапкершілікті өз мойнына алуына ешқашан үйрете алмайсыз, онда оның есеюі де кешігеді.

Қалай баланың суицид жасауының алдын алуға болады?

Данияр Аренов жасөспірімге эмоциясын көрсетуге мүмкіндік беру керегін айтады.

«Бұл өте маңызды. Мысалы, мектепте буллингке тап болған бала «қорқудың», «әлсіз», «біреуден әлсіз болудың», «ашуланудың» қалыпты жағдай екенін түсінуі керек.

Ата-ана баланы әрдайым қорғап, қанатының астына алып жүре алмайды ғой. Бірақ егер жасөспірім ішіндегі сезімді ата-анамен бөлісуге болатынын түсінсе, бұл үшін олардың оған ұрыспайтынын, кемсітіп, күлмейтінін білсе, ол сізге келеді», — деді ол.

Осы тұста балалар психологы қазақтың менталитетін сынады.

«Мысалы, қазақта «мен жігітпін» деген түсінік қалыптасқан. Бала өмірінде болып жатқан оқиғаны әкесіне айтайын десе, әкесінің айтуы мүмкін «Сен еркек емессің бе? Масқара» деген сөзінен қашады.

Сөйтіп, ол бәрін ішіне сақтайды. Тағы бір мысал, үйде анасы балаларына «Маған дауыс көтерме! Мен сенің анаңмын, сені тудым, сен неге маған айғайлайсың?» деп айтуы мүмкін. Сонда бала тағы да бәрін ішіне сақтайды», — деді ол.

Мәселені шешудің тағы бір жолы бар! Мысалы, ата-ана балаға «Балам, сенің не сезінетінің, не ойлайтының мен үшін маңызды. Ол сезіміңді сен менімен бөлісе аласың» деп айтса, ол сізбен ары қарай не істеуге болатынын жоспарлауға болатынын түсініп, ашылады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.