Министр мырза, мұғалімдер қашан бала оқытады?

0
2296

Жаңа оқу жылының басталғанына бір ай да толмады. Алайда өкінішке қарай, әлеуметтік желі беттерінде мұғалімдердің жан айқайы толастар емес. 

Жазғы демалыстан кейін тың серпінмен балаға білім үйрету жұмысына кірісуге тиіс мұғалімдер мүлде басқа шаруалармен бас қатырып, аяқ тоздырып, шапқылауда.

Интернеттегі әлеуметтік желілерді парақтай отырып түсінгеніміз, 1 қыркүйектен басталған мектептегі қағазбастылық жұмыс толастамай, керісінше, күн өткен сайын еселеніп көбеюде екен.

Әлем электронды құжатқа өткелі қанша жыл болды. Ал Қазақстанның мұғалімдері әлі ақ парақ көтеріп, сканер, ксерокс, компьютер сынды техникаларды айналшықтап жүр. Бұл қалай?

Соншама құжат, соншама қағаз кімге керек? Әлде Оқу ағарту министрлігіндегі басшы-қосшылар әлі күнге электронды құжат дегеннен хабарлары жоқ па?

Жинақтасаң, жүк көлігіне толатын мұншама қағаз құжаттың керегі бар ма? Тонналап жөнелтілетін сол құжаттар Қазақстанның әріп танып, білім алайын деп мектепке келген баласынан да құнды ма?

Бітпейтін қағаз құжаттың соңында шапқылаған мұғалім оқушыға талапқа сай білім береді дегенге сенесіз бе? Мектепте бітіре алмаған жұмысын үйіне тасыған мұғалім басқалар сияқты уақытылы тамағын ішіп, уақытылы демалуы мүмкін емес.

Ал уақытылы тынықпаған кісіден қандай сапалы жұмыс күтуге болады? Ұйқысы бұзылған ұстаз жан-тәнімен жаңа сабақты түсіндіріп, оқушыларымен 100 пайыз жұмыс істейді амасы сөзсіз.

Мұғалім оқушыға білім бермеді деу — тұтас ел сауатсыздыққа ұрынды деген сөз емес пе?

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзі де мектепте мұғалім болған адам. Министр  бұрынғы әріптестерін қағаз құжаттан босатып, алаңсыз сабақ өтуіне мүмкіндік беретін шығар деген үміт біртіндеп сөніп барады.

Қағаз құжаттан босату былай тұрсын, керісінше, мұғалімдерге артылған жүктің салмағы ұлғая түсті. Құжат толтырудан бөлек, түрлі даталарға арналған іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу, есебін беру де — мұғалімдерге жүктелген.

Мұнан бөлек, түрлі курстар мен сауалнамалар, ҚмЖ, БжБ, ТЖБ жұмыстары, «Нысаналы мектеп» сынды түрлі жобалар да мұғалімнің ұйқысын қашырып, шаршатуда.

Интернеттің заманында әр аймақтан «шаршадық, мұғалім болып сабақ өтейікші!» деген ұстаздардың жанайқайын министр Ғани Бейсембаевтың естімеуі мүмкін бе?

Қоғамды сауатсыздық жайлап барады дейміз. Сауатсыздық қалай жайламасын, егер мұғалім өз міндетін орындап, балаға білім бермесе. Өз ісімен алаңсыз айналыспаған мұғалімнен сауатты шәкірт шыға ма? Шықпайды әрине!

Мұғалімді осылай зорықтырып, қағаз құжатқа көміп, сілесін қатырудың артында оқушыны білімсіз ету саясаты қарқынды жүріп жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.