Қасіреттен сенсация жасамай, бұл тажалдың алдын алуға күш салайық

0
272

Соңғы жылдары елімізде суицид жағдайларының көбеюі кәдімгідей алаңдаушылық туғызуда. Ауылда мектепті 9-сыныпқа дейін оқыдым. Сол кезде ауылда өте жақсы білімге құмар кластасым болған еді.

Қыстық каникулда бір кездескенде “Ерболат, сенің қалаға кеткенің дұрыс болды. Дамуыңа әсер етеді” дегені есімде. Кейін сол кластасымның 11 класты бітірген соң суицидке барғанын естіп, көңіл-күйім түскен еді… Содан бері ойлайтынмын, неге әсіресе оқушылар сондайға барады екен деп…

Бізге ақпараттық алаңда, әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаларды тарата бергенше, себептеріне де бір сәт үңілу керек деп есептеймін. Төменде екі маңызды факторды бөліп көрсетуге тырыстым: ақпараттық кеңістіктің әсері және отбасының жауапкершілігі. Бұл менің жеке ойым…

Біріншіден, ақпараттың әсері.

Батыс елдеріндегі көптеген зерттеулер көрсеткендей, суицид оқиғаларының бұқаралық ақпарат құралдарында артық жариялануы “Вертер эффектісін” туғызуы мүмкін.

Яғни бұл суицид туралы ақпараттың басқа адамдардың да осындай қадамға баруына себеп болатынын білдіреді. Мысалы, Германия мен Ұлыбританияда БАҚ-қа қатаң ережелер енгізілген, олар суицид оқиғаларының егжей-тегжейлі сипатталуын шектейді, осылайша қоғамға кері әсерін болдырмайды.

Мұндай шаралар бірқатар елдерде суицид деңгейін төмендетуде тиімділігін дәлелдеді.

Батыс медиасы бұл тақырыпта сенсацияға ұмтылмай, алдын алу шараларына басымдық береді, көмек көрсету жолдарын көрсетеді және оң шешімдерге назар аударады.

Мысалы, Норвегия мен Швецияда жаңалықтарда психологтардың қолдау көрсету пікірлері мен дағдарыстық жағдайлардағы көмек туралы айтылады.

Ақпараттық алаңды тек суицид туралы емес, пайдалы және нақты шешімдермен көбейткен кезде, мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол берілмейді.

Біздің елде көбінесе басқа жағдайды көреміз. Жаңалықтар мен әлеуметтік желі белсенділері суицид туралы ақпараттарды сенсация қылып жариялайды, ал бұл қиын жағдайдағы адамдарға қосымша қысым көрсетеді.

Менің ойымша, біз осы тақырыпты жариялау стандарттарын күшейтіп, ақпараттың жаңа қайғылы жағдайларды тудырмауына назар аударуымыз керек. Шынын айтайын, өзім журналист болсам да бұл тақырыпта цензураның, регуляцияның болуы маңызды деп есептеймін.

Себебі, жақында Алматыда болған қайғылы оқиғада ата-анасының бірі Е.М.(қысқартып алынды) барлығына өтініш ретінде сенсация қылмауын сұрады (ал біз оны ескермей, таратудың үстіне ақпаратты тарата бердік). Артынан тағы бір оқушы сондай әрекетке барды…(

Екіншіден, ата-аналардың жауапкершілігі

Барлық жауапкершілікті тек медиаға да артуға болмайды, сонымен қатар отбасы негізгі рөл атқарады. Италия, Испания және Португалия сияқты суицид деңгейі төмен елдерде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, жақсы отбасылық байланыстар мен ата-аналардың балаларының эмоциялық жағдайына назар аударуы осындай трагедиялардың алдын алатын негізгі факторлардың бірі.

Ата-аналар балаларының өміріне белсенді араласып, олардың уайымдарын түсінгенде, суицид жағдайлары әлдеқайда төмендеуі мүмкін.

Қазақстанда отбасы құндылықтары туралы айтумен ғана шектелмей, оларды іс жүзінде қолдау қажет. Ата-аналар балалардың тек білім алуы мен бос уақытын қалай өткізетінін ғана емес, олардың эмоциялық жағдайын да бақылауы керек.

Жалғыздық, түсінбеушілік және қолдаудың болмауы жастардың күйзеліске түсуіне жиі себеп болады. Егер ата-аналар балаларынан келетін алаңдаушылық белгілеріне дер кезінде назар аудармаса, салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Айтпақшы, дамыған елдерде, мысалы Финляндия мен Жапония сияқты елдерде де суицид деңгейі жоғары болған, бірақ олар бұл мәселені шешу үшін кешенді мемлекеттік бағдарламалар әзірлеген.

Бұл бағдарламалар жастармен жұмысты, психологиялық қолдау көрсетуді және ата-аналарды балаларындағы дағдарыс белгілерін тануға үйрететін білім беру бағдарламаларын қамтиды.

Суицид мәселесі тек бір отбасының қайғысы емес, бұл қоғамдық жауапкершілік, сәйкесінше БАҚ, мемлекет және ата-аналар барлығы бір бағытта жұмыс істеуі керек.

P.S. Суицид біздің қоғамда бірнәрсенің дұрыс еместігін көрсетеді. Ақпараттың әсері мен отбасының рөлі – бұл мәселені шешуге ықпал ете алатын басты элементтер.

Біз дамыған елдердің тәжірибесін алып, трагедияларды жария етуді шектеп, отбасылық қолдауды күшейтуіміз керек. Мәселені тек талқылау жеткіліксіз, нақты шешімдер табу қажет, өйткені адам өмірі — бәрінен қымбат.

Ал менің кластасымның қайғылы әрекетінен соң, ауылға барып анасына көңіл айтып жағдайын сұраған кезде, кластасым қайтыс боларының алдында алма ағаштарға ақ шүберектер байлап, оқуға тапсырмаймын деген сияқты ойларын айтып жүрген… егер соны барлығымыз дер кезінде байқасақ аман қалар ма еді… кім білсін…

Ерболат МҰХАМЕДЖАН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.