Имам Ержан Төлепов мешіт мүлкінің «итін шығарған»
Түркістан облысының бас имамы мешіт мүлкін ысырап қылды. Мұның шариғаттағы үкімі қандай? Ержан Төлепов айыппұлды неге жанқалтасынан төлемейді?
Жазба астына салынған суреттегі Toyota Camry 50 көлігі «Ахмет Яссауи облыстық орталық мешітінің» балансына тіркелген. Бұл машина бас имам Ержан Төлеповтың қызмет көлігі саналады.
Toyotaны Ержан мен оның іс басқарушысы Алимхан екеуі кезектесіп тепкілеп мініп жүр. Үнемі жылдамдықты асырып айдап, айыппұлға түсіп қалады (суретте).
Әрине, көлік мешітке тіркелгендіктен, жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды Төлепов емес, мешіт есепшісі төлейді. Мешітке Құдай аспаннан ақша жаудырып жатқан жоқ, бұл қаржы жамағаттың бала-шаға аузынан жырып мешітке берген пітір-садақасы.
Ал бас имам мешіт көлігімен жол ережесін бұзып, айыппұлға түсіп, халықтың қаржысын ысырап қылып жүр.
Әлқиса, Toyota Camry 50-дің тарихына аз-маз тоқталайын. 2021 жылы Еркебұлан Қарақұлов Түркістан облысының бас имамдығына тағайындалды.
Сол кездегі өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевке жөн-жосықты білетін әрі білімді әрі білікті Еркебұлан имамның қызметі ұнаған болу керек, 2022 жылдың 8 мамыры күні осы көлікті сыйлаған.
Сыйлағаны да мешітке емес, Еркебұлан имамның жеке өзіне берген. Еркебұланның иелігінде жеке көлік болмаса да, ол Toyota Camry 50-ді мешіт балансына қойдырды.
Еркебұлан бас имам болғанда мешіт көлігін күтіп-баптап мінетін, жылдамдықты қаланың ішінде 50 км-ден асырған емес, ол көлікті баяу айдайтын.
Жағымпаздыққа жаны қас Е.Қарақұлов Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке жақпады. Ол 2023 жылдың басында Түркістан облысына бас имам етіп Ержан Төлеповты тағайындады.
Содан бері Toyota Camry 50-дің көрмеген құқайы жоқ. Аудандарды жиі-жиі аралауға шығатын бас имам қотыр жолмен көлікті құйындатып айдайды.
Биыл «баламды Шымкенттегі мектепте оқытам» деп Шымкентке көшіп алып, Түркістандағы жұмысына іс басқарушысы Алимхан екеуі осы көлікпен күніге шапқылап, Toyota Camry 50-дің «итін» шығарды.
Күніне оншақты мың теңгенің бензинін құйып, екі ортаны әбден жол қылды. Әрине, көлікке құйылатын жанармай, көліктің жөндеу шығыны бас имамның қалтасын шықпайтыны белгілі.
Тіпті, оның қалтасындағы қаржы да белі қайысып жұмыс істеп тапқан ақша емес. Мұның бәрі мешітке халықтың пітір-садақасы түрінде немесе «Алланың ризашылығы үшін» берген көмек ақшасы.
Ал бас имам халықтың сол қазынасын ысырап қылып жүр. Бұған Төлеповты бас имамдыққа тағайындаған Бас мүфти Н.Өтпенов не дейді екен?! Ысырапшылдықтың шариғаттағы үкімі қандай?..
Эх, бірі кем қу дүние-ай…
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фотолар автордың парақшасынан алынды.