Еңкілдей жылаған мұғалімнің ерекше өмірі

0
949

Президент қолынан марапат алған Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абибулла Жакудаев қуаныштың көз жасына ерік берді деп жазады Democrat.kz.

Білім саласында 40 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан ағылшын тілі мұғалімі алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

58 жастағы ұстаз Абибулла Жакудаев Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында сабақ береді. Ұстаз марапат алғаннан кейінгі эмоциясын өмірде көрген сынақтармен байланыстырады. «21 жыл бұрын өмірлік серігімнен айырылдым.

Сөйтіп жәутеңдеп қалған екі қызымды бір өзім жетімсіретпей өсірдім. Үйімдегі әйелдің де, еркектің де тірлігін істеп, екінші рет үйленгем жоқ. Артынан ата-анам да бақилық болды. Әпкем мен қарындасым да жолдастарынан айрылды.

Сөйтіп оларға да арқасүйер болдым. Үйдің үлкені болған соң, қара шаңырақтағы ініме де қарайласып тұрдым. Көрген осыншама қиыншылықтың бәрі президенттен марапат алар күні, одан кейін де шер болып сыртқа шықты ғой деймін», — дейді Абибулла Жакудаев.

Ордабасылық ұстаздың өмірде көрген сынағы аз емес. 1983 жылы мектепті үздік аяқтаған ол Алматыдағы Абылайхан атындағы шет тілдері институтына грантқа түседі.

Бірақ сол кездегі белең алған бұзақылықты естіген әкесі ұлын ауылына қайтарып алады. Сөйтіп сырттай бөлімге еріксіз ауысқан азамат ізденісті тоқтатпадым дейді. «Ауылдағы мұғалімдердің мазасын алатынмын. Ағылшын тілін жетік үйретсін деп үйлеріне баратынмын.

Мектепке сол 1983 жылы-ақ жұмысқа кірдім. Алғашқы үш жыл мен үшін оңай болған жоқ. Әдістемені білмеймін, балаға сабақ өтуге қорқамын. Жиған-тергенімді білім алуға жұмсадым.

Қаладағы семинар, курстың ешқайсысынан қалмайтынмын. Содан бері қырық жыл өтіпті. Осы уақытқа дейін оқушыларыммен барған байқаулардың саны 500-ден асады», — дейді ұстаз.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мектеп түлектерімен әлі күнге дейін байланысын үзбеген. Сөзінше, өзі сабақ беретін оқушылардың көбі шет тілінде жоғары білім алуды таңдаған. Олардың алды 40 жастан асыпты.

Бірі Дубайда, тағы бірі Малазия, Катар, Австрия, АҚШ-та тұрып жатыр дейді. «Екі қызым да ағылшын тілін таңдады. Үлкені 30 жаста болса, екіншісі 23-те. Тұңғышым Дубайда тұрады. Үш немерем бар.

Күйеу балам екеуі аудармашы болып жұмыс істейді. Олар кейде мені оқушыларымнан қызғанады. Шәкірттерімді өз қыздарымнан кем көрмеймін. Құшақтаймын, еркелетемін, кейде ұрысып та аламын. Шүкір, қазір 50-ден аса шәкіртім шетелде оқып жатыр», — дейді Абибулла ағай.

Ауылда жүріп талай баланың шетел асуына септігі тиген ұстаз өзін Астана, Алматы, Шымкенттегі жоғары оқу орындары жұмыс істеуге шақырғанын айтады. Облыс әкімінің өзі директор қызметін ұсынған екен.

Алайда балаға білім беру басты миссиям дейді мұғалім. «Біліктілігін жетілдіргісі келген кей мұғалімдер мені іздеп үйіме де келеді.

Сиыр сауып жүріп сабақ өтетінім де бар. Олар оқушыларыммен бір жылда 10-20 байқауға қатысатыныма таң қалады. Байқау, семинар дегенді жаным сүйеді», — дейді ұстаз. Абибулла ағай алты жыл бұрын инсульт алған. Содан бері оң жақ аяқ-қолы әлсіреп, үшінші топ мүгедегі атаныпты.

Денсаулықтың сыр беруі де мұғалімді тоқтата алмаған. Керісінше сабақ өтпесем ауырып қаламын дейді ұстаз. «Жұмыста аяқтан шалу аз болмайды. Адамның құлатқаны ештеңе емес, құдай құлатпаса болғаны.

Алты жыл бұрын жүрегім ауырып, оң жақ бетім істемей қалды. Содан бері сол қолмен жазуды үйрендім. 46 жасымда магистратураға түстім. Диссертация қорғап, магистр атағым да бар. Бала-шағамды баршылықта өсірдім деп айта алмаймын.

Байлыққа ұмтылғам жоқ. Өмірімнің мәні педагогика болды», — дейді ұстаз. Ауылдағы қара домалақтарды шет тіліне үйіріп, үйретіп жүрген ұстаз төрт жыл бұрын министр қолынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін де алған.

«Қазақстанның құрметті ұстазы» медалі де Абибулла Жакудаевтың президенттен алған алғашқы марапаты емес. Бес жыл бұрын да мемлекет басшысының құттықтауына ие болған.

Мұғалімнің еңкілдей жылаған осы қуанышты сәті видеоға түсіп қалыпты.

Фото видеодан скринделіп алынды.