Мәулен Әшімбаев жас діни көшбасшыларға арнап сөз сөйледі

0
153

Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Жас діни көшбасшылар форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Біз бүгін осы алаңда қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселелерді талқылаймыз. Бұл бастама жас лидерлер арасында жан-жақты диалог қалыптастыратын және қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформаға айналады деп үміттенеміз.

Бүгінгі цифрлық ғасырда жалған жаңалықтар мен бұрмаланған ақпараттың таралуы тұрақтылық пен бейбітшілікке үлкен қауіп төндіріп тұр. Ол шындықты бұрмалап, дұшпандық пен өшпенділік тудырады.

Сіздер өз салаңыздың көшбасшысы ретінде шынайы ақпаратты ғана ілгерілетіп, сыни ойлау үлгісін көрсету арқылы қоғам санасына манипуляция жасау әрекеттеріне қарсы тұра аласыздар», — деді ол.

Сондай-ақ, ол жас діни көшбасшылардың халыққа шындықты өтіріктен ажыратуға көмектесіп, жалған ақпарат пен зиянды насихатқа төзбеушілікті арттыруы өте маңызды екенін алға тартты.

«Білім – кедейлік пен теңсіздікті жеңудің негізгі факторы. Бұл – баршаның гүлденуі мен дамуының қайнар көзі.

Мен сіздерді балалар мен жастардың сапалы білімге қол жеткізуін жақсартуға бағытталған білім беру бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырамын.

Инклюзивті білім беруді қолдау және барлық әлеуметтік топтардағы адамдарға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету өте маңызды», — деді Мәулен Әшімбаев.

Фото интернеттен алынды.