Аруақты ренжітіп, өмірім талқандалып кетті

0
7747

“Қазіргі кезде діншіл кісілер “аруақ — ширк”, “аруаққа сену — Аллаға серік қосу” деген сияқты дүниелерді көп айтады. Мен де сондайлардың қатарынан болдым” деп бастады әңгімесін жол серігіміз Санжар Тұрсынбай. 

Мешітке барып, араласып жүрген мұсылман бауырлардан алған діни біліміме қарай, аруаққа сенбеу керек дейтінмін. Өйткені өлген адам ешкімге, ештеңеге әсер ете алмайтын қауқарсыз деп санадым.

Қош, сонымен мені аруақ қалай атты? Жаздың әдемі бір күнінде Шәуілдір жақтағы Қоғам деген ауылда той болады деп, көршілерім апарып- әкелуімді өтінді. Көлігіме тойшыл қауымды салып алып, Қоғам ауылына тарттық.

Ертерек келген екенбіз, сыртта біраз бөгеліп тұрғанымызда “той басталғанша, Арыстанбабтың басына барып, дұға етіп келейік” деп көршім өтініш жасады.

Әлгілерді кесене жаққа әкеліп, өзім көлікте қалмақшы болғам. “Сен де жүрсеңші. Күнде келе бермейміз ғой. Өмірден өткен ұлы кісінің рухына дұға бағыштап шығайық”, — деп көршім Ардақ қоймады.

Ардақтың көңілін жықпай, амалсыз кесенеге қарай бет алдым. Шынымды айтайын іштей истихфарымды айтып, жанымдағылардың әрекетін сөгіп тұрдым. Ақырында шыдамай, Ардаққа: “Бұл кесене де, ол жерде жатқан Арыстанбаб та тірі адамға түк істей алмайды. Неменесіне тәу етіп, әлдеқандай етіп жатсыңдар?” дедім.

“Біз тәу етіп, сәждеге жығылып, кесенеден, Арыстанбабтан жәрдем сұрап, болмаса тілегімізді орындашы деп жатқан жоқпыз. Бар болғаны өмірден өткен осындай ұлы адамның о дүниедегі өмірі үшін Құдайдан медет сұрағанда тұрған не бар? Қазақ аруаққа құрмет қана көрсетеді. Қазақ аруаққа табынбайды”, — деген Ардақтың сөзіне мырс етіп күлдім де, қойдым.

Мұнымен қоймай, әлгі жердегі құдықтан су ішкен жұртты көріп, “надандар! Арыстанбабың не істей алады? Оны әулие деп дәріптеудің не қажеті бар? Арыстанбаб та кәдімгі пенде. Сүйегі қураған пенде ғой” деп Арыстанбабтың атына біраз ауыр сөз де айтып, өзімнен өзім іштей ашуландым.

Тойдан кейін жолай Түркістандағы туыстарының үйінде түнеп, ертесі асықпай жолға шығамыз деп жоспарлап шыққан көршілерімді енді Түркістанға әкелдім.

Ол жерде де Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тоқтап, дұға бағыштаған көршілерімнің әрекетін іштей сөгіп, онымен қоймай, Ясауидың аруағына тіл тигізіп…

Сонымен қойшы, не керек сол тойдан кейін арада көп өтпей, тыныш өмірімнің шырқы бұзыла бастады.

Бір намазым қаза болмайтын, мұсылман шарттарын толық ұстайтын менің өмірім біртіндеп астан-кестең бола бастады. Түсініксіз.

Төрт балам бірінен кейін бірі түсініксіз ауруға ұшырап, ешбір дәрігер диагноз қоя алмай, әбден сандалдық. Кезек-кезек ауырған баламызбен әлек болып жүргенде, теп-тегіс жерден жығылып құлаған әйелім жамбасын сындырып, төсек тартып жатып қалды.

Ауру балалармен сандалу, үйдегі кәрі әке-шешемнің жағдайы…қысқасы әбіржіп кеттім. Жалғыз қарындасымды шақыртып, жәрдем болсын дегем. Жәрдемге келген қарындасым ыстық суға күйіп, ауруханадан бір-ақ шықты.

Жұмысым жайына қалды. Бар медетім — намазым мен үздіксіз жасаған дұғам. Алайда тізелерім тілінгенше отырып дұға етсем де, ең болмаса, бір тілегім қабыл болмады.

Үш- төрт айдың ішінде кәдімгідей жүнжіп кеттім. Ісім кері кетіп, үйден береке ұшып…осы уақыт ішінде сап-сау, өзі шауып жүрген әкем төсекке таңылып…Ойлап қараңызшы, бір үйдің екі бөлмесінде әйелім мен әкем төсекке таңылды.

Қарындасым денесін күйік шалып, ауруханада жатыр.

Төрт балам жиі қызуы көтеріліп, сұлық түсіп жатып қалатын түсініксіз дертке ұшырады. Әйтеуір қалқиып шешем отыр. Күйбеңдеп бір шәугім шайды әрең қайнатып, сүйретіліп жүрген сол кісі ғана.

Сондай сұрықсыз күндердің бірінде ешкімге көрсетпей, еңіреп, солқылдап жыладым. “Аллаһым, саған не жаздым? Мұншама сынақты жалғыз мойныма неге арттың? Ешкімге қиянатым жоқ, намазын қаза етпеген, көркем мінезінен айнымаған мұсылман құлың едім ғой!? Өмірім не болып кетті? Жәрдем етші!” деп жыладым.

Жылап жатып көзім ілініп кеткен екен. Түсімде…Көк күмбездің үстінен қалықтай ұшып келген аппақ кептерге қарап тұр екенмін. Ту сыртымнан біреу “әуелі Ибраһим ата, сосын Арыстанбаб, содан кейін Ясауи” деді. Жалт қарағанымда, ешкімді көрмедім. Оянып кеттім.

Алайда әлгі түстің бір нәрседен хабар беріп тұрғанын жан дүниеммен сездім. Сол сәтте аруаққа тіл тигізгенімді, аруақтарды ренжіткенімді анық түсіндім. Алайда “әуелі Ибраһим ата” дегенін түк түсінбедім. Санамда “аруақтардан кешірім сұрау керек” деген сөз жаңғырып тұрды.

Таңертең әкемнің жанына отырып, түсімді айттым. “Ибраһим ата кесенесі — Сайрамда. Сансыз бабтар сонда жатыр. Әуелі Ибраһим ата дегені — әуелі кешірім сұрауды сол жақтан бастайсың дегені.

Ибраһим атадан бұрын Ясауиге баруға болмайды. Шарты — сондай. Әуелі Ибраһим ата, сосын — Арыстанбаб, содан кейін — Ясауи бабаның басына барып, аруақтарынан кешірім сұрап, дұға бағыштайсың”, — деген әкем аруаққа тіл тигізгенімді естіп, басын шайқап, терең күрсінді.

Ертесіне бүкіл шаруаны жинастырып тастап, жолға шықтым. Сайрамдағы сансыз бабқа, Арыстанбабқа, Ясауи бабамыздың бастарына барып, дұға бағыштап, рухтарынан басымды иіп кешірім сұрадым.

Сізге өтірік, маған шын, сол күннен кейін өмірім де түзеле бастады. Балалардың сырқаты өз-өзінен жоғалды. Аяғын сылтып басып, әйелім төсектен тұрды. Әкем де басын көтеріп, ескі қалпына келе бастады.

Арада бір айға жуық уақыт өтер-өтпес, бұрынғы мамыражай өмірім қайта оралды. Үйімізге құт-береке кіріп, баяғы бақытты отбасы болып өмір сүріп жатырмыз.

Міне, осы оқиғадан кейін қазақтың аруақты неге сонша қастерлеп, сыйлайтынын түсіндім. Қазақ аруаққа табынбайды. Қазақ аруақты сыйлайды. Адам өлді, бітті деген нәрсе жоқ. Өлген кісінің тек тәні өледі, ал рухы, энергиясы өлмейді екен. Бұл туралы жүздеген кітап оқып, түрлі деректерге қол жеткіздім.

Қазақ рухтың өлмейтінін әу бастан білген дана халық. Өйткені кей кісілердің энергиясы, рухы сондай мықты болады екен, артында қалған ұрпағын қорып, қолдайды екен. Бұған миллиондаған дәлел-дерек бар.

Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген кісі бұл деректерді интернеттен де қараса, табады. Сөз соңында айтарым, тағдырың талқандалып, өмірің паршаланбасын десең, аруаққа тіл тигізбе. Ал маған сенбесең, дәл мен сияқты аруаққа тіл тигізіп, қорлап бір тәжірибе жасап көр. Көресің көресіңді”, — деп күлген Санжар аға әңгімесін бітірді.

Әңгімені жазып, дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.