Асанәлі Әшімовтің немересі: «Әкеміз келеді деп көп күттік»

0
624

Менің есімім – Аңсар Сағиұлы. Менің бақытым – Сағи сияқты әкем, Асанәлі сияқты атамның болуында. Әкесіз өстім.

«Әкең іссапарға кеткен» деген жауап естіп өстік Майра екеуміз, есейе бастағанымызда, бізді зират басына апарып, құран оқуға қатыстыра бастады, сонда ғана әкеміздің келмеске кеткеніне көз жеткіздік, үміт үзілді, сенім өлді.

Әкеміздің қайтып келуінің өзін күту бақыт еді, Майра екеуміздің көкірегімізде бір бақытсыздық пайда болды…

Әкесі барлар қандай бақытты! …

Тек соны бағалай білсе ғой? Бақыттан айырылу – күрес сияқты екен, ішкі дүниең арпалысып жатса да, сыртқа шығарып, сыр білдірмеуге тырысасың, мен өзімнен гөрі әкемді көбірек ойлаймын, ол кісі өзін бақытты сезінді ме екен?.. әлде?.. меніңше, ол – бақытты, оның өнері халық есінде мәңгілік сақталады.

Әкесіз өмір мені ертерек есейткен сияқты, өзіме деген сенім күннен күнге арта түсті, қазір көкірегімде бір жеңілдік бар, ішкі әлемімнің тас болып қатып қалмайтынына қуанамын, аяған адамдарды жақтырмаймын, әкем туралы әңгіме қозғалса немесе түс көре қалсам, көзіме қалай жас келгенін байқамай қаламын, өскенде, әрине, жыламайтын боламын.

Әзірге көз жасым шықса, әкеммен тілдескендей жеңілдеп қалам, үлкендер: «Аллаға да жақсы адам керек», – деп жатады ғой, менің әкем Алланың сүйікті құлы болған соң, еретерек кеткен шығар… әкем Сағи қысқа ғұмырының өзінде көп іс тындырды, ал атама Алла ұзақ өмір берсе екен деп тілеймін, ол біздің тегіміздің атын шығарып, аспандатқан тұлға, бізге – тірек, әрі өмір ұстазы, екі бірдей ұлынан айырылу атама оңай болған жоқ. Енді біз оған тірек болуымыз керек.

Достарым: «Атаң мен әкеңдей әртіс болатын шығарсың», – дейді, мүмкін, атаммен қоса, әкемнің де өнерге үлкен үлес қосқанын әрқашан мақтан тұтам, бәлкім, режиссер болатын шығармын.

Ең үлкен арманым – жақсы адам болу, әкемнің алдындағы міндетім – сабағымды жақсы оқу, анамды тыңдау, атамды ренжітпеу!

Жазба Тоқтар РАҚЫМЖАНҰЛЫНЫҢ

парақшасынан алынды.

Фото автордың парақшасынан алынды.