Мыңдаған мұғалім ата-аналарға үндеу жолдады

0
2157

Бірер күн бұрын Президент, Премьер-министр, Парламент депутаттарына ашық хат жолдаған еліміздің мыңдаған ұстазы Қазақстандағы бүкіл ата-анаға үндеу жолдады деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы. 

Бұл үндеу балам білім алсын деген кез келген ата-анаға арналады. Бүкіл жамандық атаулыға мұғалімді кінәлай бермей, бір уақыт олардың да жанайқайын тыңдап көрсек…

Мұғалім — айлығын алып, мектепке жай ғана барып-келіп жүрген адам емес екенін төмендегі үндеуді оқыған кез келген сауатты ата-ана түсінеді деп ойлаймыз. Олай болса, төмендегі мұғалімдердің жанайқайына толы үндеуіне назар салыңызшы…

Білім саласына қатысты кез келген мәселеге мұғалімді кінәлау стереотипі қалыптасқалы көп болды. Оқушының сабақ үлгерімінен бастап, тәрбиесі, сырттағы өмірдегі жүріс-тұрысына дейін мұғалімнің мойнына жүктелген міндет сияқты.

Баласының білімі нашар болса да, тәртіпсіздік жасаса да, ең ақыры мектеп асханасынан дұрыс тамақтанбаса да, сол үшін мұғалімді кінәлап, тіпті үстінен арыз жазып, шу шығаратын ата-ана көбеймесе азаймай тұр.

Сондай ата-аналардың ең болмаса біреуі «осы біздің мұғалім баламызға алаңсыз сабақ беріп жүр ме екен?» деп ойланып көрді ме? Солай ойлайтын Қазақстанда білімді, баласының ертеңі үшін бей-жай қарамайтын ата-ана бар ма?

Егер бар болса, сондай ата-аналарға мұғалімдердің осынау жанайқайын жеткізгіміз келеді.

Сіздің балаңызға алаңсыз сабақ беруге тиіс апай, ағайлар дәл қазір немен айналысып жүргенінен хабарыңыз бар ма? Хабарыңыз болмаса, айтайық.

Жаңа оқу жылы басталған күннен бастап мұғалімдер «Нысаналы мектеп» деген жобаның тестін тапсырып, бастары қатып жатыр.

Дәл қазіргі уақытта мұғалімдердің күнделікті сабақтарына зейін қойып, оқушыларымен мейлінше көбірек жұмыс жасауына ешқандай мүмкіндігі жоқ. Себебі әлгі тесті уақытылы тапсыруы керек. Ол тесті бастапқыда онлайн тапсырған-ды.

Онлайн тапсырған уақыттарында интернет дұрыс жұмыс істемей, мұғалімдер таңғы сағат 03-04-ке дейін  телміріп компьютердің алдында отырды.

Ет пен сүйектен жаралған мұғалім  таңғы сағат 03-04-ке дейін ұйқы көрмесе, 2-3 сағаттық шала ұйқымен мектепке барып, оқушыларына шабыттана білім беруі мүмкін бе?

Бұл аз десеңіз, мұғалім сол 2-3 сағаттық шала ұйқымен таңғы сағат 08-00-де мектепке кіргеннен әлгі тестен бөлек, түрлі есеп беру қағаздарын да толтырып, уақытында өткізуге тиіс.

Ойлап қараңызшы, жай ғана бір сыныптағы 20-25 оқушының дәптерін тексеріп шығу, оның әрбірінің бағасын Kundelik.kz-ке қойып шығу, сабақ жоспарын жасап, оны компьютерде толтырып, оны қайта қағазға шығарып, қайтадан сканерлеп Kundelik.kz-ке жүктеу… Қаншама уақыт, қаншама күш-қуатты алады, жүйкеге тиеді.

Ал бұл аралықта оқушыңыз тетігі басылған роботтай түзу жүріп, түзу тұрса, жақсы. Бірі құлап, бірі жылап, ал бастауыш сыныптарда тіпті түрлі жағдайлар болып жатады.

Мұғалім шапқылап ол мәселелерді де дер кезінде шешуге тиіс. Әйтпесе, білесіздер, кез келген жағдайға мұғалімді кінәлі ету үрдісі қалыптасқан.

Сонымен қатар басшы-қосшылар «Мақсатты мектеп» жобасы білім сапасын арттырады дегенге жұртты сендіргісі келеді.

Үш-төрт ауысымдық мектеп мәселесі шешілмеген елде, кей мектепте кәдімгі борды сатып алып отырғанда, талапқа сай мектеп ғимараты жоқ ауылдары барда, бір сыныпта 30-35 баладан оықытып отырған жағдай барда әлдебір жобаның білім сапасын арттырып жіберуі мүмкін бе?

Оқушыға сапалы білім берілсін десек, ең алдымен мұғалімнің уақыты ұрланбасын. Оқушының баратын мектебі талапқа сай материалдық базамен жабдықталсын.

Оқушының оқулықтары қатесіз, миға қонатын тапсырмамен жасалсын. Арнайы сынып бөлмелері керекті құралдармен жабдықталсын. Осыдан кейін білім сапасы артпаса, министрлік қалаған жобасын іске қосса, жарасады.

Ал бізде бәрі керісінше жүріп жатыр. Жыл он екі ай «мұғалімнің білімін тексеру» деген науқан толассыз жүруде. Мұғалім өз білімін университетте оқып, дипломымен дәлелдемеді ме?

Бұл аз десеңіз, әр бес жыл сайын аттестация сынағын тапсырып жатқан жоқ па? Бес жыл бойы да бос жүрген мұғалім жоқ. Білімін шыңдау үшін түрлі курстарға барып, оқып жатыр.

Құрметті ата-аналар, «балам білім алсын, мұғалімі балама алаңсыз сабағын өтіп, күн сайын түрлі тақырыпта баламның білімін толықтырсын, балам надан болып қалмасын» десеңіз, дәл қазір бізді қолдауға шақырамыз.

Біз, Қазақстанның мыңдаған мұғалімі «оқушымызға алаңсыз сабақ өткіміз келеді! Түкке керегі жоқ, заңдық күші жоқ «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын!» деген талаппен Президентке, Премьер-министрге, депутаттарға ресми ашық хат жолдадық.

Өкінішке қарай, біздің бұл бастамамыз кейбіреулерге ұнамай, қазір осындай талаппен ашық хатқа қол қойған мұғалімдерге жан-жақтан қысым жасалып, қудалау науқаны басталды.

Білім саласындағы осындай басы бар, аяғы жоқ жобалар білім сапасының күн санап төмендеуіне тікелей әсер етуде. «Білім сапасын көтеру үшін жасалған жоба» деп жұртты сендіргісі келеді жоғарыдағылар.

Алайда балаңыз сөмкесінде арқалап жүрген оқулықтарды парақтап, ақтарып көріңізші. Миға қонбайтын тапсырмаларды, қатеге толы сөйлемдерді көресіз. Сондай ескірген, қатеге толы оқулықты жаңартып, мұғалім мен оқушыға жағдай жасаудың орнына, министрлік мұғалімдерді жоба тестерімен шапқылатуда.

Ашық хатты әр партада отырған оқушым білім алсын, көкірек көзі ашылсын, болашақта Қазақстанның таңдаулы бір маманы болсын, елдің ертеңіне үлес қоссын дейтін, бүкіл өмірін бала оқытуға арнаған  ұстаздар жазды.

Ашық хатты мұғалімдер қара басының қамын күйттеп жазбады. Ол ашық хатта сіздің балаңыз білімсіз қалмасыншы деп шырылдаған мұғалімнің жанайқайы бар. Ол ашық хатта ешбір мұғалім «көйлек әпер, тамағыма ақша бер, үйіме ремонт жасап бер» деген талап қоймады.

Бар болғаны хатта — өзіме артылған міндет, яғни бала оқыту міндетін алаңсыз атқарғым келеді деген талап қойылды.

Мұғалімнің оқушысы — сіздің ұл-қызыңыз. Мұғалімдер оқушысы үшін осындай талап қойып отырғанда, ұл-қызыңыз үшін ата-аналар сіздер де мұғалімнің талабын қолдайды, осындай  сәтте бізбен бірге болады деген сенімдеміз.

Құрметпен Қазақстанның мыңдаған ұстазы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.