Ер адам әйелдің басын жарып, пышақпен ұрған

0
78

Ақмола облысында әйел адамға пышақпен шабуыл жасап, оны зорламақ болған ер адам ұсталды. Бұл туралы #НеМолчиKZ қорының негізін қалаушысы Дина Тансари өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, оқиға 14-15 қазан түнінде болған. Жәбірленуші көптеген жарақат алған.

«Әйел мен балалары әпкесінің жеке үйінде болған. Әпкесі нәрестесімен инфекциялық ауруханаға түсіп қалған. 14-15 қазан түнінде, балалар ұйықтап жатқанда, әйел үй жинап жүргенде, оларға қолында пышағы бар ер адам басып кірген. Ол көрші үйде тұратын азамат болып шыққан. Ер адам әйелді қатты соққыға жығып, салдарынан ол ауруханаға түскен. Оны күйеуі аман алып қалды, ол полициядан бұрын келіп үлгерген. Ер адам алдымен әйелдің басын жарып, пышақпен ұрған. Балаларды іздеп, оларды өлтіретінін айтқан. Кейін әйелге: «Берілсең, мұның бәрі болмас еді» деген», – деп жазды Таңсәрі.

Қордың мәліметінше, шабуылдаушы өзінің әрекеттерін алдын ала ойластырып, өте агрессивті болған. Ол терезелерді қарап, есікті сындыруға тырысқанда үлкен терезеден көрінбеу үшін еңкейген.

«7 жасар қыз оянып кеткен, ал әйел оған төсек астына тығыл деп айғайлаған. Қазір қыз қатты күйзелісте, ұйықтай алмайды, ұйықтаса да түсінде айғайлап оянады. Әйелдің жарақаттары бар, маңдайы тігілген, миы шайқалған. Оның әпкесі бұл үйде тұруға қорқып жүр», – деп жазылған қордың хабарламасында.

Қордың айтуынша, Ақмола облысының полициясы қылмысты тек ҚР ҚК 149-бабы бойынша тіркеген. Сонымен қатар, шабуыл жасаған ер адам бұрын сотталған екен.

«Бұл бап бойынша жаза: айыппұл, не түзету жұмыстары, немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. Алайда бұл жағдайда өлтіруге талпыныс, зорлау қаупі (ол тіпті шешініп үлгерген), орташа дәрежеде денсаулыққа зиян келтіру және қарақшылық әрекеті бар. #НеМолчиKZ қылмысты қайта саралауды талап етеді. Агрессордың анасы оның үйіне келіп, көлік жөндеуге ақша талап еткенін, бас тартқан соң пышақты алып, көршілерге барғанын айтқан. Бұрын ол қарақшылық үшін сотталған», – деп жазды Дина Таңсәрі.

Қоғам белсенділері Ақмола облысының прокурорынан бұл істі жеке бақылауға алуды сұрайды. Ал құқық қорғау органдары бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.