Уахаббиттің қазақ әйелі елді адастырып, улап жүр

0
473

Қазақстанда теріс ағымдағы діндердің желілер арқылы таралуы қазіргі таңда қауіпті мәселелердің бірі болып отыр. Бұған дейін Orda.kz әлеуметтік желілер арқылы уағыз айтып жүрген Дарын Мүбаров жайлы жазған болатын.

Жақында белгілі дінтанушы әл-фараби Болатжан ғаламтор арқылы исламның радикалды, теріс бағытын таратушылардың тағы бір қаупі жайлы баяндады.

Мұндай бағытта жүргендердің арасында Ресейден қашып кеткен сәләфит және оның қазақтан алған тоқалы бар.

Дінтанушы ақпарат ағымына шектеу жоғын айтып, оның белгілі бір сүзгіден өтпейтінін атап өтті. Бұл жағдай діни экстремизмнің белең алуына түрткі болып отыр.

«Интернетте экстремистер Исраил Сайидахмедович Ахмеднабиевтің ( Абу Умар Саситлинский атымен танымал) уағыздарын кеңінен насихаттап жатыр. Ол — уаххабит, сәләфит уағыздаушы. Өзі Ресейдегі Дағыстан Республикасының тумасы. Өз отанында ол Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 205 бабы 1 бөлімі «Террористік іске қатысу», 205 баптың 2 бөлімі «Террористік іске жәрдемдесу немесе терроризмді жария түрде ақтау» және 282 «Дұшпандық немесе дұшпандық қоздыру, сондай-ақ адам абыройын төмендету» баптары бойынша іздеуде жүр», — деді әл-фараби Болатжан.

Абу Умар Саситлинский лақап атымен танымал Исраил Ахмеднабиевтің уағыздарының Қазақстанда да бейнежазбалары таралған.

Дағыстанда туып, Ресейде террористік қызметті насихаттағаны үшін қудалауға ұшыраған ол Түркияда тұрып, интернет арқылы өз экстремистік идеологиясын жүргізіп жатыр.

Ең қауіптісі, оның жақтастарының арасында қазақстандықтар да бар. Дінтанушы әл-фараби Болатжанның айтуынша Саситлинскийдің төрт әйелінің бірі Қазақстан азаматшасы, Әсел Мелік.

Оның қазіргі таңда youtube арнасында 8 мыңнан аса жазылушы бар.

Ол өзінің блогы мен подкастары арқылы қазақ әйелдерін теріс ағымға тартып жатыр.

Бұл жағдай Қазақстанда діни алауыздықты өршітуі мүмкін.

«Қазіргі таңда Абу Умар Саситлинский Түркияда баспана тапқан. Оның діни экстремистік пропагандасына тек ерлер ғана емес, әйелдер де ұшырайды. Өзінің төрт әйелі бар. «Қазақстанға қандай қатысы бар?» – деп сұрарсыз. Мәселе мынада, оның төрт әйелінің бірі, өкінішке қарай, Қазақстан азаматы, этникалық қазақ Әсел Мелік. Жалпы, ол ресми әйелі ме, әлде олар тек «неке» діни рәсімін тіркеусіз өткізген бе, түсініксіз», — деді дінтанушы.

Дінтанушының сөзінше мұндай уағызшылар жанға жылы сөздерді айтып, өз насихаттарын бүркемелеп, аудиторияны тартады. Алайда олардың мақсаты – экстремистік әрекеттерге шақыру.

Мүфтияттың Дарын Мүбаров жайлы жауабын мына сілтемеден оқыңыз.

Фото дереккөзден алынды.