Мұғалімдер министр Ғани Бектайұлына «іздеу жарияламақ»

0
1232

Қазақ билігінің тізгіні алған күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл шенді-шекпенділерге халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған еді. Соның үлгісі ретінде өзінің де әлеуметтік желілерді қолданатынын тілге тиек еткені есте. 

Өкінішке қарай, интернет заманында қарапайым азаматтар билік өкілдеріне үнін жеткізе алмайтын халге түсті.

Әлеуметтік желіде бадырайтып ашып қойған парақшалары сірескен жаттанды жаңалықпен толып тұрғаны болмаса, көп министр, әкім-қаралар жұрттың өзіне жазған жазбасына жауап та бермейді.

Сондай министрдің бірі — Ғани Бейсембаев. Айлар бойы мұғалімдер министрге хат та жолдады, ресми ақпарат көздері арқылы да сұрау салды, әлеуметтік желілерде де тегтеп жазып жатыр.

Алайда Оқу ағарту министрі Ғани ағайдан жауапқа татитын үн шықпады.

Министр Ғани  ағайды «іздеп жүрген» мұғалім саны күн санап артуда. Көкейдегі сұрақтарына жауап ала алмаған ұстаздар «әлеуметтік желіде де жауап жазбайды» деп бас мұғалімге өкпелі.

Бүгін де редакциямызға белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі хабарласып, министрлік тарапынан сауалдарына жауап ала алмай жүргендерін жеткізді.

«Мағжан Жұмабаевтың: «Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым. Мен педагогика майданында бәйге алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, хата жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім» деген сөздері бар.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі осылай қарапайымдылықтың шыңын көрсетіп кетіпті.

Ал, қазіргі ағартушылықтың тізгінін ұстағандарға, сын немесе ұсыныс айтылса, тыңдамақ түгіл, тоңмойындыққа салынып, сыңар езулікпен өзінің жобасын немесе көзқарасын тықпалап әлек боп жүр?

Мағжанның ақыл тәрбиесі- логикалық ойлауды, сыни пікірді қалыптастыруды талап етеді. Мағжан білімнің тек ақпарат алу емес, сонымен қатар білімді қолдана білу екендігін атап өтті.

Осы қағиданы ойлап жатқан біреу жоқ. Тек миллиондаған ақпаратты, үйіп-төгіп мектепке тықпалай беруден кімнің сәйгүлігі бәйгеден  озып шықты екен?!

Тұлпарды да, жарату үшін, жейтін жем- шөбіне, ішетін суына дейін мән берген.

Осы жолдағы адамдардың ақыл тәрбиесі, қалай қалыптасқаны таң қалдырады. Өйткені, мен білім саласындағы, түрлі құжаттар мен бұйрықтарды қорыта алмай жүрмін.

Реформалау деген желеудің, Қазақ біліміне орасан зиян тигізіп жатқанын, көзі қарақты қазақтың бәрі біліп отыр.

Ал, өз пікіріңді, өз сұрағыңды қойсаң, екінші тарап, жеке тұлғаны мақтап, келсін-келмесін, негізсіз бірдеңе жазады.

Қазақтың болашағы- жеке министрге байланып қалмауы керек. Оған сын айтуға да, сұрақ қоюға да, халықтың құқығы бар», — дейді Сәния Нүсіпәлі.

P.S Түркістан облысынан хабарласқан бірнеше мұғалім де «Ғани Бектайұлы қайда? Біздің үнімізді неге естімейді? Бар ма өзі ол кісі? Әлде министрге «іздеу жариялайық па?» деп бізден сұрайды.

«Біз Ғани Бектайұлын көрмедік»,- деп жауап беруден әріге аса алмадық. Себебі біз де айлар бойы министр Ғани Бектайұлынан жауап күтіп жүрміз.

Өкінішке қарай, тұтас елдің тағдыры, ертеңі сөз болып отырғанда, «әу» демеген Оқу ағарту министрлігі өздеріне қатысты ешбір сынды қабылдағысы келмейтінін жұртқа осылай ұқтырғысы келетіндей. Сіз қалай ойлайсыз?

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАНҰЛЫ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.