Өз-өзін өртейтіндерді осыдан кейін түсінесіз…

0
517

“Айта-айта Алтайды..” демекші, құқық саласындағы заңсыздықтарды айта беріп, бұрынғы әріптестерге де жексұрын боп біттік. Айтпайын десең, әділдікке жете алмай, шырылдаған халық..Сот пен прокуратураның алдында өзін өртеймін дейтіндерді сол кезде түсінесің..

Жазда бір келіншек байланысқа шықты. Ақтөбеденмін деп таныстырған Гауһар күйеуінің заңсыз сотталғанын айтып, құқықтық көмек сұрады.

Ол кезде адвокаттық қызметті уақытша тоқтата тұруыма байланысты, іспен танысып, ауызша көмек берумен шектелген болатынмын. Осы жерде айтатын кететін нәрсе, сол кезде үш баласының әкесі, жан жары-азаматы үшін басын тауға да, тасқа да ұрып, әділдік іздеген қайсар келіншектің Бас Прокуратураға үшінші рет (!) келуі  екен.

Қазақтың қыздары шынында мықты ғой. Мойындайықшы. Елге жау шапқанда ерлермен қатар атқа қонған да, кешегі 90 -жылдың тоқырау жылдарында отбасын асырау үшін ала дорба арқалап жүріп, балаларын ел қатарына қосқан да қазақ әйелі, қазақ қызы еді.

Жақынының басына қиындық түссе, жанын беруге дайын боп, қасық қаны қалғанша күресетін де қазақтың қыз-келіншектері.

Мән-жайды қысқаша айтып өтейін:

2020 жылдың ақпан айында Ақтөбе облысының Мартук ауданында контрабандалық жолмен өткізбек болған 611 960 қорап акцизсіз темекі (құны шамамен 244 млн.теңге) ТӘРКІЛЕНІП, ол бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалады.

Тауар акцизделмеген, яғни құрамы, басқа да белгілері анықталмаған, тексерілмеген. Мұндайда біздің Заң не дейді?

Сотта, тергеуде тәркіленетін заттай (контрабандалық заттар, есірткілер, валюталар, т.с.с) айғақтарды тіркеудің, сақтаудың, өткізудің және жоюдың Үкіметпен бекітілген арнайы Ережесі бар.

Атауы -ұзын -сонар. “»Тәркіленге заттарды есепке алу, сақтау, беру және заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды,есірткі құралдарының, психотроптық заттардың,қылмыстық істер бойынша сот, прокуратура, қылмыстық

қудалау және сот сараптамасы » деп аталады) Қысқаша — ЕРЕЖЕ дейік.

Қай зат жойылуға жатады, қай айғақ қайтарылуға, қай нәрсені сатуға және одан түскен қаражатты мемлекет кірісіне өндіруге жатады деген құқықтық мәсәлелер сол Ережеде көрсетілген.

Аталған норманың талабы бойынша, тергеуде тәркіленген заттарды сатуға немесе жоюға шешімді СОТ қабылдайды. Яғни тергеу органы қандай да бір әрекет жасау үшін соттың санкциясы керек.

Қош, аталған заң талабын сақтап, сол кездегі Мартук аудандық полициясының тергеу бөлімі басшысы АЙБАТ ЕРҒАЛИЕВ тәркіленген темекілерді сатып, қаражатты мемлекет пайдасына өндірге рұқсат сұрап, тергеу сотына жүгінеді.

Сот отказ береді, яғни тергеуші талабын қанағаттандырусыз қалдырады. Сатуға рұқсат етпейді. Өйткені, ҚР “Темекi өнiмдерiнiң өндiрiсi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы” Заңының 13 бабында “АКЦИЗДЕЛМЕГЕН ТЕМЕКІ өнімдері  ЖОЙЫЛУҒА ЖАТАДЫ” деп анық көрсетілген.

Сонымен тергеудің басшысы А.Ерғалиев бұл іске нүкте қояды. Заңмен көзделген барлық шараларды жасайды да, контрабандалық жолмен әкелінген акцизсіз темекілерді жою үшін аудан прокурорына шығады.

Сол кезде аудан прокурорының м.а. А.МАХАМБЕТЖАН өз өкілеттігін пайдаланып, Мартук аудандық прокуратурасы Ақтөбе облыстық сотына шағымды өзі түсіреді.

Ақтөбе облыстық сотының судьясы Н.ОРМАХАНОВ  06.08.2020 ж.Қаулысымен тергеу сотының судьясы НҰРШАРЫПОВТЫҢ акцизсіз темекілерді сатуға тиым салған қаулысын БҰЗАДЫ.

Сөйтіп, аудан прокурорының талабын қанағаттандырып, тәркіленген 611 960 қорап, құны 244 млн.теңгеге бағаланған темекілерді сатуға РҰҚСАТ БЕРЕДІ.(!)

Содан тергеудің басшысы А.Ерғалиев не істейді? Соттың шешімін орындамасқа өкілеттігі жоқ. Облыстың соты солай шешім шығарып берсе, сатылу керек.

Одан түскен қаражат мемлекетке түсу керек. Ең жоғарыда көрсетілген ЕРЕЖЕ талабына сай, тәркіленген заттарды сататын компанияны жергілікті ӘКІМДІК табу керек. Солардың құзырына жатады. Ерғалиев хатпен әкімдікке шығады.

Әкімдік «Adele invest» ЖШС-н ұсынады. Ол ЖШС-ның директорын Ерғалиев танымайды, білмейді. Әкімдіктің  белгілеген мекемесі болғандықтан, жаңағы қоймада сақталып тұрған 612 мыңға жуық қораптағы темекіні акт жасап, түгел өткізеді. ЖШС — ң директоры Т.ЖАЛҒАСОВ тауарды түгел қабылдап алады.

Қызықтың бәрі осы жерден басталады. Әлгі ЖШС 244 млн-дық затты алып, жоқ боп кетеді. Ерғалиев оны екі жыл іздейді.

Себебі МЕМЛЕКЕТКЕ тәркіленген тауардан бір тиын ҚАРАЖАТ ТҮСПЕГЕН.(!) Шарқ ұрып, іздеп, тауып алады да, ЖШС-ның үстінен іс қозғау үшін прокурорға қаулымен шығады.

Қысқасы, соңында кімнің сотталғанын білесіздер ме?! Мемлекет пайдасын ойлап, пәлен млн-дық тауарды жымқырып, жоқ боп кеткен компанияны жауапқа тартпақ болған А.ЕРҒАЛИЕВТІҢ өзінің үстінен іс қозғап, 5 жарым жылға соттатып жібереді(!)

Бас бостандығынан айырып, қамауға алады. Түкке түсінбеген Айбатқа араша сұрап, шырылдаған әйеліне облыс прокурорының сол кездегі көмекшісі “Күйеуің секіре бермеу керек еді. Білуге тиісті емес нәрсеге мұрнын тығып” дейді..

(Жалғасы бар)

Ләззат АХАТОВА, заңгер.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.