Қазақ тіліне деген сұранысты қалай арттыруға болады?

0
231
Біздің тілдер орталығында мен ағылшын, қазақ тілдерінен сабақ беремін. Қазақша оқуға ұмтылып жатқандар көп, оның ішінде орыстар отбасымен, кәрістер, қытай, украин, тәжік және өзіміздің қазақтар да бар.
Қазақша оқып жатқан отыздан асқан бір жігіт бар. Өзі Қостанайдан көшіп келген.
— Баламды қазақ мектебіне бірінші сыныпқа бердім, қазақша сөйлесін деп, өзім де қазақша білуім керек, сол үшін осында келіп отырмын.
— Отбасыларыңда қай тілде сөйлейсіңдер?
— Орыс тілінде.
— Неге орысша сөйлейсіңдер, әйелің де, өзің де қазақша сөйлемесеңдер, мына үйренгенің не үшін керек?
Ойланып қалды.
— Әйелім қазақша білмейді, сол қиын болып тұр. Баланың тапсырмасын орындау үшін қиналамыз.
Міне, қазақшаны үйде, қоғамдық орында қолданбаса, әрине үйрену қиын болады. Баласы мектепте, өзі тек сабаққа келгенде ғана қолданады.
Қазақша сөйлеу үшін қазақша ой­лау керек. Ойлау үшін қазақша ән-күй, терме, жыр тыңдап, кино кө­ріп, кітап оқу керек. Жалпы, тіл үй­ре­нуде балабақшадан да, мектептен де отбасының рөлі зор.
Ата-анасы үйретпеген тілді оқу орындарының үйретуі қиындау. Сондықтан, қазіргі ата-аналар жаңсақ басып, өз балаларына өздері үйрете алмаған тілді балабақша, мектеп, репетитор арқылы үйретпекші болып, әуреге түсіп жүр.
Отбасында өз халқының абзал қасиеттерін, асыл дәстүрлерін үйренбеген ұл мен қыздың ертең отбасы құрарын, біреуінің отағасы, әке боларын, біреуінің келін, ана боларын көп ата-аналар ойламайтын сияқты.
Егер Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмесе, күні ертең қазақ тілі бүкіл ел ауқымында салтанат құрғанда олар қоғамнан қалай лайықты орнын таппақ, олардан өнген балалар қалайша ұлттық тәрбие алып шықпақ, осыны дәл қазір, бүгін ойланған жөн.
Жанна ЕСЕНАЛЫ, филолог.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.