Украина әскері кері шегіну шешімін қабылдай ма?

0
188

«Украина майданынан не хабар» дейді кей досым. Жеңіс бар сәтте жеңісін жаздық, сәтсіздік болғанда оны да бұқпасыз айттық, ендігі қиын жағдайын да айту парыз.

Қазір Украинаның жағдайы мәз емес. Фронтта Ресей басымдыққа ие бола түсуде. Біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ шептегі жағдайды, майдандағы көріністі, карталарды, шабуыл нұсқаларын, екі тарапты қолдаушылардың шешімдерін қарап отырып, солай деп тұжырым жасауға тура келеді. Сонымен қысқаша.

Донбасста Ресей алға жылжуда. Жақында Селидово елді-мекенін басып алды. Артынша Горняк елді-мекені Ресей қолына өтті. Горняктың ерекшелігі Донбасстағы ең биік нүктенің бірінде тұр. Яғни, майданға қажет радар, дрон ұшыру алаңы, РЭБ және басқаны орнатуға болады деген сөз.

Қазір Ресей әскері Курахово бағытында алға жылжуда. Егер картаға назар аударсақ, Украина көп ұзамай бұл қалашықтан айырылатынын түсінеміз.

Себебі Ресей үш бағытта, шығыс, солтүстік, оңтүстік бағытта шабуылдауда. Батыс бағыттан Кураховоға келетін қамтамасыз ету жолын Ресей басып алса, қаладағы гарнизон қоршауда қалады.

Демек, Украина әскері көп ұзамай бұл қалашықтан шегініп, қорғануға тиімді позицияға ауысуына тура келеді.

Ресей Торецк және Часов Яр бағытындағы шабуылын да үдете түсуде. Часов Ярды алса, Краматорскке жылжиды. Ал Селидово және Торецк арқылы Покровск қалаларына бағыт алады.

Бұл Донбасстағы ірі қалалар саналады. Әскери және экономикалық маңызы зор. Одан бөлек тасымал жолдарының тоғысқан тұсында тұр. Краматорск, Покровск, Славянск қалаларын алса, Ресей көп ұзамай Донецк облысының әкімшілік шекарасына шығады.

Запорож бағытында да Ресей шабуылға әскер топтастыруда. Сарапшылар олардың саны 150-200 мыңды құрайды дейді. Курск пен Харьков бағытында да Ресейдің белсенділігі байқалады. Курскте Ресей жаппай шабуылға шығуда.

Жаңа жылға дейін Курскты қайтаруды ойластыруда. Рота-рота әскер қырылса да, Курскты Путиннің жаңа жылдық құттықтауына дейін қайтару міндеттемесі тұр. Бұл бағытта КХДР әскері де жақында ұрысқа кірісуі мүмкін.

Бұл картаның үстінен бір қарағанда, айқын көрінетін дүниелер. Әлбетте, бұл шабуылдар Ресей үшін оңайға соғып жатқан жоқ. Шығын орасан. 2024-тің қыркүйек-қазанында Ресей осы соғыстағы ең көп шығынына ұшыраған.

Бірақ адам шығыны Ресейді әзірге тоқтатпайды. Себебі демография Ресей пайдасына ойнауда. Соғысқа дейін Ресейдің халық саны Украинадан 4 есе көп болды. Қазір тіпті көп.

Себебі Украинада 6-8 млнға жуық адам сыртқы босқынға айналды. Бұл фронтта да айқын байқалуда. Кей шайқаста күш қатынасы 1/5, 1/7, 1/10 негізінде Ресей пайдасында болып тұр. Ондай сәтте әрине Украина әскері шегіну шешімін қабылдайды.

Одақтастардың Украина мен Ресейге көмегі, Украинаның қару өндірісі, қыстағы энергетикалық дағдарыс пен оның салдары, Оңтүстік және Солтүстік Кореяның ұстанымы, Украина мен Ресейдегі ішкі саяси және әскери өзгерістер, санкцияның экономикаға және әскери салаға әсері, соғысты аяқтау сценарийлері және басқалар басқа тақырып болсын.

Айтпағым, ұрыс даласында Украина қиын жағдайда тұр. Қазіргі тактикасы барынша қорғаныс шептерін құру, барынша аумақты ұстап тұруғы тырысу деп ойлаймын. Жағдайы қиын…

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.