Оқушы неге мектептен қазақ тілін меңгеріп шықпайды?

0
400

Әлеуметтік желіде журналист Ришат Әскербекұлы қоғамдағы келесі бір әділетсіздік туралы ойымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.

«Сіз үшін қалай екенін білмеймін, бірақ мен үшін бұл– әділетсіздік. Қазақ мектептерінде орыс тілі пәні жүреді. Мұғалім тым талапшыл.

Қазір қаланың балалары орекеңдердің тілінде жатық сөйлейді. Себебі тұтынатын контент сол тілде. Ортасы да солай. Қыңқ етсе болды, сол тілде шүлдірлей жөнеледі. Бала тоқсандыққа жалғыз орыс тілі пәнінен 3 деген бағамен шыққан.

Ал дәл сондай орыс мектептерінде қазақ тілі пәні аптасына 4 сабақ жүреді. Алайда біздің ана тілімізді меңгеріп шығатын бала тым аз.

Осындай мектептерде директор мұғалімге қазақ тілінен 3 деген баға қойма деп, сыпайы тапсырма беретінін білеміз. Нәтижесі белгілі. Онға дейін қазақша санай алмайтын орыс балалары өте көп.

Бұл ұлтшылдық емес. Шынайы картина солай. Осыны тексеру үшін АЗС-те бензин құйып тұрған орекеңнің бір баласына 95-ші бензин дедім. Түсінбеді. Сол сияқты автосалонда ресепшн менеджері телефон номерімді сұрады. Тіркеу үшін. 1-10 аралығындағы сандармен асықпай айттым. Түсініп, жаза алмады.

Соңғы екеуінің аттестатында қазақ тілінен 4-5 деген баға тұрғанына сенімдімін. Ал біздің балаларға 3 қойып, көңіл-күйін түсіреді. Осыны істеп отырған өзіміз. Өзімізге обал жоқ. Айналып келгенде құлдық сана» деп жазды журналист.

Осы мәселеге қатысты қанша жылдан бері дәл осы тақырыпты көтеріп жүрген белсенді ұстаз Айман Сағидулла бұл әділетсіздіктің басты себебін түсіндіріп берді.

«Өзге тілде білім беретін мектеп оқушыларының қазақ тілінде еркін сөйлеп шықпауының бірден бір себебі — қатаң талаптың жоқтығынан. ҰБТ — да өзге тілді оқушылар қазақ тілінен сынақ тапсырмайды. Ондай талап жоқ.

Егер ҰБТ-да қазақ тілін тапсыруды бүкіл оқушыға міндеттесе, кез келген ұлт өкілінің баласы мектептен қазақша үйреніп, сайрап шығар еді. Мысалы, қазір ағылшын тілін білмейтін адам магистратураға құжат тапсыра алмайды.

Ағылшын тілінің қажеттілігі мен ол тілге қойылған талаптың арқасында үлкені де, кішісі де сол тілді үйренуге күш салуда. Қазақстан мемлекетінде мемлекеттік тіл — қазақ тілі.

Олай болса, осы елдің әрбір азаматы мемлекеттік тілді оқып, үйренсін десек, ең алдымен ҰБТ-да қазақ тілі пәні бойынша сынақ тапсыруды міндеттеу қажет», — дейді Айман Сағидулла.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.