Олжас Бектенов қытай инвесторларын Қазақстанның жобаларында бірге жұмыс жасауға шақырды

0
101

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен екі мемлекет басшылары деңгейінде қойылған міндеттер аясында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Сауда-саттық, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту шаралары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен ҚХР арасындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықтың даму қарқынына оң баға берді.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында екіжақты сауда көлемі $33 млрд-ты құрады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ірі сауда әріптесіміз Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары «алтын 30 жылдықтың» кезекті кезеңіне Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосымша серпін берді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара тауар айналымын арттыруға ниеттіміз. Қазақстан Үкіметі өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қытаймен толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Қазақстан сауда айналымы ауқымын арттыруға және құрылымын, оның ішінде қосылған құны бар өнім есебінен оңтайландыруға дайын екенін атап өтті.

Мәселе құны $1,6 млрд-ты құрайтын 180 өнім түрі туралы болып отыр. Негізінен, металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салаларының бұйымдарын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының маңызды құрамдас бөлігі – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша АӨК саласындағы өзара сауда айналымы 5,8%-ға артты, бұл қытай азаматтары тарапынан қазақстандық органикалық және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысын көрсетеді.

Осыған байланысты қазақстандық астық, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері экспортын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар жемдік бидай және арпа ұны, бидай кебегі, бидай, майлы дақыл және басқа да дақылдар өндіретін жаңа қазақстандық кәсіпорындарды қытай нарығына шығару үшін аккредиттеу мүмкіндігі талқыланды.

Сондай-ақ теміржол вагондарының барлық түрімен тасымалданатын жүктерді қабылдау көлемін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстан Премьер-министрі мен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Осы тұрғыда Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру шеңберінде өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі. Олжас Бектенов жаһандық маңызы бар жоба Қазақстан аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытыменн бірлесіп, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің әлеуетін ашуға қабілетті екенін атап өтті. Биылғы 9 ай ішінде орташа дәліз бойынша тасымалдау көлемі өткен жылдың көрсеткіштерінен 23%-ға асып, 3,4 млн тоннаны құрады. 2030 жылға қарай жүк тасымалдау көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Контейнер тасымалы саласында Сианда қазақстандық логистика орталығының ашылуы нәтижесінде «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша транзиттік жүк тасымалы 24 есеге өсіп, 24 мың ЖФБ-ге жетті.

Биылғы қазан айында «Ляньюнган порты» компаниясымен кооперацияда Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы басталды.

Жоба Ақтау портының контейнерлерді ауыстырып тиеу қуатын жылына 300 мың ЖФБ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемін 60%-ға ұлғайту аясында кедендік процестерді жеделдету мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысында жаңа өткізу пункттерін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян Қытайдың қазақ-қытай стратегиялық әріптестігін тереңдету бойынша екі елдің көшбасшылары ұстанған бағытты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан – ежелден тату көрші, бізді 1700 шақырымнан асатын ортақ шекара байланыстырып жатыр. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде біздің тату көршілік, достық, құрмет пен теңдік рухында өзара тиімді ынтымақтастық құрылды. Екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен соңғы жылдары біздің қарым-қатынасымыздың жаңаша тынысы ашылып, тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетті», — деп атап өтті Ли Цян.

Тараптар екі мемлекет арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі дамуын қамтамасыз ету ниетін қуаттады.

Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.