Қазақ — нағыз жарысатын нәрсеге ақша қимайды

0
90

Біздің қоғам қызық қой. Айналасын, жұртты, елді “Бәсекемен өмір сүреді” деп жазғырады. Ал өздеріне келгенде, сол бәсекенің қызу көрігіне шешініп жіберіп, түк ойламастан сүңгіп кетеді.

Мәселен, ағайын-тума, құда-жекжаттар хабарласады. “Ұлыма, қызыма, анаған-мынаған айфон-сайфон алсам деп едім. Сен техниканың жөнін білесің ғой. Қайсысын алуға болады?” дейді.

1) Ол адам жағдайы жетсе, әрине, менен сұрамайды ғой. Барады да айфонның ең соңғы нұсқасын ала салады. Болды. Несі бар оның сұрайтын?

Демек, жағдайы әрең жетеді, кредитке алайын деп тұр, ең соңғы нұсқасын алуға кредитімен бірге бағасы ұшынып кетеді. Сондықтан ғой ақыл сұрайтыны.

Бәсекеге кірді ме? Кірді. Мектептегі не студент адамға айфон не керек, егер ақшаң жетпесе? Ұқпаймын.

Әдетте, осындай жағдайда, мен ескі айфон алуды немесе қолдан алуды ұсынамын. Әпіл өнімдерінің бір жақсысы — қолданған демесең, біраз жыл сырын бермейді. Одан кейін тағы 5 жыл ұстауға болады.

Жоқ, міндетті түрде дүкеннен алу керек. Бәсеке ме? Бәсеке! Демек, адамға айфон емес, оны дүкеннен алғаны, су жаңасын алғаны мақтан. 11-ші айфонды да місе тұтпайды.

Жағдайы жетпей тұрса да тыраштану. Әйтпесе, 13-ші айфонды дүкеннен ал не, қолдан ал не, түк парқы жоқ. Бір ашқаннан кейін айырмашылығы қалмайды.

2) “Айфон не қыласың? Одан да 70-80 мыңға Хуауей-Шаоми бірдеңелер ала сал. Ал үстіндегі 400-500 мыңға Макбук ала сал. Сотканы білмеймін, ноутбук оған тамақ болады. Қазіргі заманда ноутбуксыз адам — болашақ жұмыссыз адам” дейсің ғой.

Жооо, атама. Азар да безер болады. “Қайдағы ноутбук? Не істейді онымен?” дейді. Құдды бір 600 мыңның Айфонымен бірдеңе істейтін адам сияқты.

Ал Айфонмен істегенді 60 мыңның Оппосымен де істеуге болады. Айына 300.000 алатын мобилограф, таргетолог, SMM болса, ұғамын. Ақшасын 2 айда ақтайды. Басқа жағдайда… білмедім.

Бәсеке ме? Бәсеке. Елдің ұлы-қызы айфон ұстайды, оның ұл-қызы да айфон алу керек. Бітті.

Арада бірер күн өтеді. Әлгі адам той-садақада “Қазір айнала қып-қызыл бәсеке боп кетті ғой. Жап-жас балдарға дейін менің 3 айлығымдай тұратын Айфон ұстап жүреді. Сондағы көретіні Ютуб пен ТикТок” деп әңгіме айтып отырады…

“Сау ақыл” деген сөз бар қазақта. Рационал ойлау деп айтады былайғы жұрт. Мен қазаққа қалайтын сау ақыл, ол — ұл-қызыңа тамақ болатын, нан болатын, бірдеңеден бірдеңе өндіретін, оның қабілетіне қабілет қосатын дүние әперуді насихаттау.

Яғни, “Балық берме, қармақ бер!”. Бүгін ноутбук алған адам, ертең сайт немесе чатбот жасап үйренсе, 2-3 айдан кейін өзі-ақ ең соңғы Айфонды сатып ала алады. Одан кейін саған ақша бере бастайтын болады. Өзі техниканың құлағын ерттеп мінер еді.

Сен кредитке Айфон алсаң, кемі 12 ай төлейсің. Жарайды 6 ай. Бірақ, ұл-қызың ештеңе де үйренбеді, дайын дүние, өзің тағы бір несиеге кірдің. Бұл — сау ақыл емес.

Қоғамымыз, еліміз сау ақыл болғаны — жекелеген өзімізден басталады ғой.

Қарапайым смартфон алғанда осындай бәсекешіл қазақ, көлік алғанда, үй алғанда, үйге жиһаз алғанда — бәсекеге ермейді, сол бәсекенің басында жүреді. Содан кейін бұл елде барлығы нарық заңдылығы түсіндіре алмастай қымбат, қолдан өсірілген бағам пайда болады. Себебі… қымбатшылық пен дефицитті қолдан жасаймыз. Бәсеке арқылы.

P.S. Айтпақшы, мен сол Макбукты да қолдан алуды ұсынамын. Дүкендегіден 2-3 есе арзан болады. Жаңасынан түк айырмашылығы жоқ.

Тимур БЕКТҰР, ІТ маманы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.