Мұғалімнің мазасын қашырған «Мақсатты мектеп» жобасының кесірі күн санап артуда

0
665

Оқу ағарту министрлігі биыл енгізген «Мақсатты мектеп» жобасы бірақ мұғалімді жұмыссыз қалдыратын сыңайлы деп жазады Democrat.kz.

«Мақсатты мектеп» жобасы бойынша қыркүйектің алғашқы күніне бері еліміздің 943 мектебінің мұғалімдері тест тапсырып, бүкіл шаруаны шетке ысырып қойды.

Таяуда ғана астаналық мұғалім өз мектебінің бірнеше мұғалімі тест тапсыруға кетіп, оқушылардың бос, қараусыз қалғанын хабарлаған еді.

Енді міне, шығыс өңірінен «Мақсатты мектеп» жобасымен байланысты жағымсыз ақпараттар жарыққа шыға бастады. Тест тапсыруға мұғалімді зорлап жібергенімен қоймай, кей мектеп басшылары басқа да қысым жасау әрекеттеріне көшіпті.

Бұл туралы белсенді мұғалім, білікті ұстаз Мира Барказатқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, жазды.

«Нысаналы мектеп жобасына енген мектептің мұғалімдері қыркүйек, қазан айында сабақ өткен жоқ, тек модуль оқыды, тапсырма орындады, тест тапсырды. Ақиқат.

Білім басқармалары мен мектеп әкімшілігі түк көрмегендей айлық төледі және “сабақ өтпедің”,”модульді ашпадың” тапсырма орындамадың” деп дікеңдеумен өтті. Модульден өте алмағандарға “сөгіс жазып” жұмыстан шығарудың қамын жасап қойды.

Аягөзден хабарласқан әріптесім осы жобаға барғанда ауырған, ауырып отырса да бірінші кезеңнен өтіпті. Оған бару үшін жиырма мың қарыз алған.

Енді айлық әлі ала қоймаса да екінші кезең тестін тапсыруға жұмсаған. Оған бару үшін мұғалімдерге “ақысыз демалыс” берген. Сабақтарын не істегенін білмеймін. “Бармаймын” десе, әкімшілік жұмыстан шығару жазасын қолданбақ екен», — деп жазды Мира Барказатқызы.

P.S Басқа емес, білім саласында жүрген, мектеп мұғалімдерінің өзі «Мақсатты мектеп» жобасының кесірінен бір тоқсан бойы оқушылар тиісті білім алмағанын ашық айтып отыр.

Мұнан бөлек, осы жобаның кесірінен мұғалімдерге жасалып жатқан қысымдар шектен шығып барады. Оқу ағарту министрлігінің «Мақсатты мектеп» жобасын қызғыштай қорып, сол тестке мұғалімдерді кез келген жолмен барғызуға жанталасуының себебі неде?

Білім саласындағы барлық проблема бітіп, тек осы «Мақсатты мектеп» жобасы ғана қалғандай, министрліктің осы жобаға қадалуы — көкейдегі күмәнді қоюлата түсуде.

Білім сапасын арттырам деген кісі тым болмаса, жұлым-жұлымы шыққан оқулықтарын жөндеп алар еді. Бұл жерде басқа бір гәп бар. Лайым, ел қазынасындағы миллиардтармен байланысты болмасын деп тілейік…

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.