«Осы бейғам қалпыңнан танба, қазағым» дейді жазушы
«Ата-бабаларымыз адасқан, олардың істеген амал-әрекеттері – Жаратқанның жолына қайшы, ширк» деп шиқылдап жүрген шірік көкіректер, сол ата-бабаларыңнан асқан данышпан, артық батыр, ақылға бай кемеңгер болсаңдар, солардың қандай жолмен болса да Қазақ жерін сақтап қалып, соңына төрдей қалдырып, қолыңа мөрдей ұстатып, аманаттап кеткен айлапат аумақтың – ұшы-қиыры жоқ ұлан даланың, тұтас территорияның бір сүйемін де жауға бермей, жатқа билетпей, айдың-күннің аманында неғып ұстап қала алмай отырсыңдар?!
Еркектерің иектеріне сақал жапсырып, иіндеріне шапан ілгеннен, балақтарын кесіп, бастарына сәлде орағаннан, ұрғашыларың ұлттық киімнен безініп, арабтың алапес шүберегі мен қап-қара қылып қапқа оранып, хиджап кигеннен ұйықтап жатқан ұлы сезімдерің оянып, ұяттарың тіріліп кетті ме?!
Тақырға түскен пақыр дән сияқты тамырларынан ажырап, ұлтынан безіп, ұрпақты улап жүрген, не қазақтың тілінде, не орыстың тілінде сауатты сөйлеп, салуалы әңгіме айтып қарық қылмаған, өмірінде дені дұрыс бір кітаптың бетін ашып оқымаған, салпаңқұлағымен естігеніңді сақылдап айтып беріп, дарылдап дағуат оқып, ұлыған иттей уағыз айтып, сарттың сақалының астына, арабтың сасық қолтығына кіріп кеткен сендер сияқтылар «Құдайға шүкір», «Құдай қаласа», «Құдай сақтасын!» деген қадым замандардан бері келе жатқан қазақтың тым жақсы сөздерін «Машаллаһ», «Иншаллаһ», «Әлхамдулляһ», «Астағфируллаһ» деп қанды ішіп, тілімізді де, дінімізді де былғап, быламықша былықтырып, ыдыратып, ылықтырып, қолдан қойыртпақ көже жасап, онсыз да өзі барар жолын таба алмай, бағытын білмей, басы айналып жүрген жас ұрпақтың миын қаңғырт, санасын мәңгүрт қылып бітті. Арғы-бергіде өткен қай ата-бабаларыңның тілін бұрап, «Машаллаһ» деп маңырағанын, «Әлхамдулляһ», «Астағфируллаһ» деп аңырағанын көріп-естіп едіңдер?!
Жүздеріңде де, көздеріңде де иба мен инабат жоқ, ауыздарыңнан агрессияға толы шайпау сөздер мен бет-ажарларыңнан бетпақтықтан басқа ештеңе сезілмейтін сендердің тілдеріңде бар да ділдеріңде жоқ, жәдігөйсіп, жалған «иман келтіргендерің» мен іштеріңді тазартпай, имандарыңды жерлеп тастап, өтірік ұстаған отыз күн «оразаларыңда», жат түгілі жақыныңа да, туғаныңа да түк қайыры жоқ, тек көзге көрініп қалу, ұтыры келгенде ұпай жинап қалу, рия үшін берілетін зердесіз «зекеттеріңде», тоңқаңдап оқыған «намаздарың» мен топырлап Меккеге шұбырған «қажылықтарыңда» қандай қасиет бар?!
* * *
Боқтан – пұт жасауды, тұттан – Тот*** жасауды, тоқтан – мұт жасауды, жоқтан – құт жасауды, шоқтан – өрт жасауды, соттан – от жасауды, ойдан – шот жасауды, зордан – бит жасауды, қардан – үт жасауды, талдан – бұт жасауды, балдан – өт жасауды, қолдан жұт жасауды қою керек!
Әр нәрсенің орны бар, обалы бар, соңы бар, сұрауы бар.
(***Тот – ежелгі Мысырдың даналық құдайы һәм ХVІ ғасырдағы перғауынның есімі).
* * *
Жарайсың, қазақ!
Осылай от басын, ошақ қасын күзетіп, сүдінің кетіп сүмірейіп, үндемей үйде бұғып, «Көрмедім, білмедім» деп көрпеңді тас бүркеніп, жаныңды бағып жата бер, қазағым!
Сонда ақыр түбінде Азаттықты, Тәуелсіздікті, Теңдікті, Бақытты қойдың басы сықылды басқа біреулер өзі алтын табаққа салып, алдарыңа алып келеді.
Сол бір ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күнді, айһай-дәуренді күтіп, аспанға қолыңды жайып, «Алла! Алла!» деп жалбарынып жата бер!
«Жұтаған шүкірге тоймайды» дегендей, жүзіңді құбылаға бұрып, жүз рет тоңқаңдап намазыңды оқып, қырық рет қажылыққа барып, «Шүкірміз ғой, шүкірміз» деп зіркілдеп зікіріңді салып, халықтың сөзін сөйлегенге қарсы пікіріңді айтып, бас көтергеннің басынан ұрып өлтіріп, тоқпақпен сабап, торға тоғытып, жатқа жарамсақтанып, жауға жарбаңдап, кім келсе де табанын жалап тарбаңдап, құлдық ұрып қолдап, мүләйім, мүмін, мүслим қалпыңда мүсәпірсіп, ыңғайына көніп, ығына жығыла бер!
Осы самарқау, самсоз, бейшара, бейғам қалпыңнан танба, қазағым! Әйтпесе, аяқ астынан оянып кетіп, халық қатарына қосылып кетіп жүрерсің.
Рахат ҚОСБАРМАҚ, ақын, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.