Тайып Ердоған ультиматум қойды

0
96

Осыдан екі күн бұрын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 2025 жылы өз елінің терроризммен күресте жаңа белеске шығатынын жариялады. Бұл ретте Сирия аумағындағы күрдтердің шабуыл жасап тұратыны тілге тиек етілді деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы Inbusiness.kz.-ке сілтеме жасап. 

Осыдан екі айдай бұрын ер туған (есімі солай аударылады) Ердоған Сирия басшысы Башар Асадтан Түркияға бағытталған лаңкестік шабуылдарды тоқтату бойынша нақты, конструктивті шешімдер күтетінін нықтап, ультиматум қойды.

Осыдан үш апта бұрын, 11 қарашада түрік басылымдары Эр-Риядта өткен араб-ислам саммитінде Асад сөз сөйлей бастағанда, Ердоғанның залды тастап, шығып кеткенін жазды. Сөйлеушіден теріс айналу Шығыста ол адамды құрметтемейтінін білдірудің тәсілдерінің бірі саналатыны белгілі.

«Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, бүгін, 11 қарашада Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының кезектен тыс бірлескен саммиті өтіп жатқан залды тастап шықты. Дәл осы кезде Сирия мемлекетінің басшысы Башар әл-Асад сөз сөйлей бастаған еді. Анкара және Дамаскінің қатынастары 1998 жылдан бастап дағдарысқа ұшырады. Сонда Түркия Сирия билігін террористік ұйым деп танылған «Күрдістанның жұмысшы партиясын» қолдады деп айыптады», – деп хабарлады түріктің «Haberler» порталы.

Содан кейін Асад билігінің түркітілдес халықтарға және олардың ана тілін пайдалануына жасаған қысымы алдымен шиеленіске, соңынан, 2011 жылы азаматтық соғысқа ұласты. Салдарынан, Түркияға миллиондаған сириялық босқын ағылды.

Сол тұста Премьер-министр болған Ердоған Асадты «өз халқына зорлық-зомбылық көрсетті» деп айыптады және оны «лаңкес» деп атады. Жүздеген мың адамның қаза табуына, миллиондардың шетелге босуына соқтырған іргедегі соғысты тоқтату үшін Түркия Асад билігіне оппозициядағы көтерілісшілерді қолдады.

Бірақ «Хюрриет» басылымының түсіндіруінше, 2015 жылы соғысқа Ресей араласып, Башад Асад режиміне қолдау көрсетті және көтерілісшілерді, соның ішінде түркі тілдес халықтарды аяусыз бомбалады.

2015 жылғы 24 қарашада түріктің F-16C жойғыш ұшағы Сирия-Түркия шекарасының жанында түркі тілдес туркомандарға әуеден үстемелете соққы берумен айналысып жүрген Ресей әуе-ғарыш күштерінің Су-24М майдандық бомбалаушы ұшағын атқылап, жойып жіберді. Одан катапульта жасап құтылуға тырысқан ресейлік ұшқышты көтерілісшілер атып өлтірген. Бұл енді Мәскеу және Анкараның қарым-қатынасының бұзылуына соқтырды.

Тараптарды сонда Қазақстан татуластырды. Ал, «Астана процесі» аясында елдің басым бөлігін өз қолына көшірген Башад Асад үкіметі мен көтерілісшілер, негізінен, түркітілдес оппозиция бітімге келді. Содан кейін, 2016 жылдан бері бірліжарым қақтығыстар болғанымен, соғыс негізінен доғарылған еді.

Сириядағы соғыс 2024 жыл түгесілер шақта қайта басталды.

Ресейлік ақпарат құралдары Түркияның қуатты қаруына сүйенген түркітілдес күштердің бұдан бұрын, 2018 жылдан бері Сирияның солтүстік бөлігіне белсенді жылжып, сондағы «Халықтық қорғаныс жасақтарының» («Күрдістанның жұмысшы партиясының» филиалы) күрдтік бүлікшілерін ығыстырып келгенін еске салады.

Дамаск наразылық білдіріп, кейінгі жылдары мұны тоқтатуды талап етті. Украинадағы соғысынан басқаға мойын бұра алмаған Мәскеу бұған назар аудармады. Араағайын болған Иран былтыр көрші екі елдің келіссөзіне бастамашы болғанымен, нәтиже шығара алмады.

Жалғыз қалған Асад биылғы жазда шырылдап, мәлімдемелер жасап, Дамаскінің Анкара ілгерілететін және түрік-сирия қатынастарын қайта жандандыратын кез келген бастамаға дайын екенін жариялады. Ол тіпті түрік әскерінің Сирияда бітімгер ретінде қалуына қарсыласпады,

Алайда, Анкара көршінің аумағынан дүркін-дүркін жасалатын террористік шабуылдардан шаршағанын аңғартты. Лаңкестік акт таяуда да болғаны мәлім. Биылғы қарашаның басында, Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан «Хюрриет» газетіне сұхбатында Асад әкімшілігі «Түркиямен және сириялық оппозициямен қатынастарды жан-жақты қалыпқа келтіру жөнінде сарабдал келісімге келуге әлі күнге дайын еместігін» айтты.

Сонымен, қазіргі кезде, Би-Би-Си жазуынша, оппозиция Сирияның ең ірі, әрі маңызды қаласы Алеппоға кірді. Мұны көтерілісшілердің мегаполис орталығындағы дәмханаларда тамақ ішіп, қала ішінде еркін жүрген фото, видеоларынан байқауға болады.

«Сирияда көтерілісшілердің шабуылдары жалғасуда. Асадтың армиясы ойсырай жеңіліп, шегініп жатқанын мойындады. Бұған жауап ретінде ресейлік авиация Алеппоны үстемеле бомбалауға кірісті. Өлгендер, жараланғандар көп. Көтерілісшілер елдің солтүстік-батысындағы сириялық әскерилердің бақылауындағы территорияның бір бөлігін басып алды. Олар Алеппо аудандарының басым бөлігін өз қолдарына көшірді. Бірқатар дереккөздердің мәліметінше, оппозициялық күштердің тегеурінінің ғаламаттығы сонша, кейбір аудандарда үкіметтік армияға еш қарсылықсыз қашуға, кері шегінуге тура келген», – деп хабарлады ВВС.

Мұны ресми билік те мойындады.

«Қарсыластарымыздың санының көптігі және ашылған майдандардың қаптап кетуі қарулы күштерімізді қайта дислокациялану, орнын ауыстыру операцияларын жүзеге асыруға итермеледі. Сол арқылы олар сұрапыл шабуылдарды тойтару, бейбіт тұрғындар мен солдаттардың өмірін сақтау және контршабуылға дайындалу үшін негізгі қорғаныс желілерін, жаңа бекіністерді нығайтуда», – делінген армия қолбасшылығының бастапқы ресми мәлімдемесінде.

Алайда, кеше кешке ол оппозициялық күштерді тықсырып, кейбір ауданды қайтара бастағанын хабарлады.

Би-Би-Си 2016 жылдан бері алғаш рет Ресей авиациясы Сирия аумағына әуеден соққы жасай бастағанын мәлім етті. Куәгерлер оның бомбалаушы ұшағының бірін көтерілісшілер атып түсіргенін айтады. Интернетте тиісті видео тарады.

Ресей әскерилері әуеден соққылап жатқандарын ресми растады.

«РФ Әуе-ғарыш күштері заңсыз қарулы құрылымдардың техникасы мен тірі күштеріне, басқару пункттеріне, қоймаларына, артиллериялық позицияларына зымырандық-бомбалық соққы жасауда», – деді Ресей әскери тобының Сириядағы жауласушы тараптарды бітістіру орталығы басшысының орынбасары Олег Игнасюк.

Ақпарат құралдарының дерегінше, Ресей әскери ұшақтары жұмадан сенбіге қараған түннен бері Алеппоның бірқатар ауданын бомбалауға кіріскен.

Британияда орналасқан «Сирияда адам құқықтарының сақталуына мониторинг орталығының» (SOHR) ақпараты бойынша көтерілісшілер Алеппоның тұтас аудандарын еш қарсылықсыз басып алды.

«Мысалы, қалалық кеңестің ғимараты, полицейлер учаскелері, арнайы қызметтердің кеңселері олар келгенде бос жатқан. Мұндай бұрын-соңды ешқашан болмаған», – деді журналистерге SOHR өкілі.

Ресейлік телеграм-арналар Киевке қарсы соғыс басталғалы Ресейдің Сириядағы әскерінің үлкен бөлігі Украинаға бағытталғанын, Сирияда қалған шағын топ нашар қаруланғанын, тіпті соққы беруші дрондармен жете жабдықталмағанын жазуда. Олардың мәліметінше, қазіргі қақтығыс басталғалы «Вагнердің» ондаған содыры өлген.

Соғыс осы аптадағы сәрсенбіде басталды: алдымен, «Хайят Тахрир аш-Шам» исламистік тобы Алеппо жаққа аттанды. Оған жақсы қаруланған оппозициялық күштер қосылып, жұма күні сириялық мегаполиске кірді.

«Сирия азаматтық қорғанысы» атты құтқару қызметінің мәлімдеуінше, бұған жауап ретінде сириялық және ресейлік авиация тұрғын үй алаптарына, жанар-жағармай құю станцияларына, мектептерге авиасоққы беруде. Олар шаһардағы мұндай объектілерді Идлиб көтерілісшілері пайдаланады деп ойлайды. Құтқарушылар шамамен 255 адамның қаза тапқанын, көптеген бейбіт тұрғынның жараланғанын хабарлады.

Оппозициялық күштердің шапқыншылығы басталғанда, Сирия басшысы Башар Асад Мәскеуге қашты. Ресейлік ақпарат құралдары оның өз отбасын да РФ-қа жеткізуі мүмкін екенін тұспалдады. Бұл кезде В.Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитіне қатысып жатқан болатын. Мәскеу Дамаскіге пәрменді көмек көрсете алмаса, Сирияда Асад режимі күйреуі мүмкін.

Ақпарат құралдары Кремльдегі келіссөздер кезінде Мәскеудің Сирияға қосымша әскери көмек көрсетуге уәде еткенін жеткізді. Ол көмек 72 сағат ішінде түсе бастауға тиіс. Осылайша, РФ келесі апта басында Сириядағы қалыптасқан жағдайды өзгертуге ниетті.

Кремль өкілі Дмитрий Песков сириялық көтерілісшілердің үкіметтік әскерге қарсы шабуылын «азаматтық соғыс» деп емес, Сирияның егемендігін бұзу деп бағалайтындарын мәлімдеді.

«Сондықтан біз Сирия билігіне өз елін тәртіпке келтіруіне, конституциялық тәртіпті қалпына келтіруіне көмектесетін боламыз!», – деді ол.

«Джайш әл-Изза» көтерілісшілер бригадасының командирі Мұстафа Абдул Джабердің айтуынша, көтерілісшілердің ресми армия бақылайтын территориялармен жылдам жылжуына Иранның Сириядағы топтарын елеулі қысқартуы да себеп болды. Өйткені Иран ол күштерін Израиль шабуылдаған Йемен, Ливан және Таяу Шығыстың басқа елдеріне жұмылдыруға мәжбүр.

«Оппозициялық күштер жауынгерлерінің айтуынша, ресейлік және сириялық авиацияның көтерілісшілер күші шоғырланған аудандарға, соның ішінде Идлибке кейінгі айларда жиі соққы бере бастауы өздерін осы шабуылды бастауға итермелеген. Яғни, бұл арандатушылыққа жауап болды. Сондай-ақ, түрік барлау қызметімен байланысты оппозиция ішіндегі дереккөздеріміздің мәліметінше, бұл қадам Сирия армиясы тарапынан жоспарланған жердегі шабуылының жолын кесуге бағытталды», – деп жазды Reuters.

Түркия тарапы Сириядағы оқиғаларға ресми түсініктеме бермеді. Тек ТР СІМ-і Сирияның солтүстік-батысындағы көтерілісшілер мен үкіметтік күштердің арасындағы қарулы қақтығыс қажетсіз эскалацияға соқтырғанын, Түркия оны болдырмау үшін барын салғанын мәлімдеді.

Кеше Түркия Ресеймен ақпарат алмасуды, бірлескен іс-шараларды тоқтатқаны белгілі болды. Мұны Түркияның Бас штабына сілтеме жасап, халықаралық ақпарат құралдары жариялады. Түркия Бас штабы Сириядағы бірге патрульдеу сияқты бірлескен барлық іс-шаралар доғарылғанын, ақпарат алмасу шектелетінін ресейлік әскерилерге ескерткен екен. Мұндай келісімге тараптар «Астана процесі» қорытындысында қол жеткізген еді.