«Бала қауіпсіздігі» деп бала құқығын бұзбайық

0
55

Шымкент қаласында Әлия Молдағұлова атындағы №29 мектепте шу шықты.Даудың басы әжетханаға бейнебақылау орнатқан директордың әдепсіз қылығынан басталған.Осыған дейін бұл жағдай Атырауда болып,әлеуметтік желіде біраз талқыға түскен еді.

Осы мәселеге орай Democracy.kz. тілшісі жұрттың пікірін сұрап көріп, төмендегідей жауап алды.

Дана НҰРЛАНҚЫЗЫ, қоғам белсендісі:

-Мектеп әжетханасына камера қою ұлдарға қатысты кейбір мәселелердің алдын алуға көмектесуі мүмкін деп ойлаймын.

Себебі ұл балалар арасында әжетханада бұзақылық жасау, төбелес, мүлікті бүлдіру немесе басқа да тәртіпсіздіктер жиі кездеседі.

Мұндай жағдайлар балалардың қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.Камера орнату олардың әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға үйретеді, себебі бақылау бар екенін сезінгенде, көпшілік дұрыс емес әрекеттерден аулақ болуға тырысады.

Сонымен қатар, кейбір ата-аналар балаларын мектепте қауіпсіз сезінуі үшін мұндай шаралар қажет деп санайды.Дегенмен, камералар әжетхананың ішіне емес, тек кіреберісіне немесе дәлізге орнатылуы керек.

Бұл жеке өмірді бұзбай, тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Бастысы, бұл шешім балалардың қауіпсіздігі үшін жасалатынын дұрыс түсіндіру керек.

Аяжан АҚЫЛБЕК,студент:

-Мектеп әжетханасының ұлдардың әжетханасына қою керек деп ойлаймын, әрине әжетхананың тура ішіне емес тек сыртқы қол жуатын жеріне орнату керек.

Кез келген мектепте ұлдар арасында келіспеушілік әлімжеттік мәселесі орын алуы мүмкін.Ал, оның орын алатын жері сол әжетхана.Сол себепті қадағалап қарап, камера қоюды құптаймын.

Жасұлан ДАЙЫРБЕК, дәрігер:

Балалардың әжетханаға уақытылы бармауы денсаулыққа өте зиян.Бұл мәселе әжетханаға бейнебақылау қоюмен тікелей байланысты.

Бұл өте ұятты жағдай.Оқушыларымыз бұдан кейін әжетханаға кіре ме? Өсіп келе жатқан қыздар мен ұлдар үшін олай әдепсіздік танытпайық.

Алма КӨШЕНОВА, көп балалы ана:

-Менің мектепте екі ұлым,бір қызым оқиды.Негізінде әжетханаға бейнебақылау орнатуды қолдаймын. Қазіргі оқушылар арасындағы әлімжеттік сияқты неше түрлі тәртіпсіздіктер әжетханада орын алады.

P.S.Осылайша қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бірі дұрыс деп таныса, енді бірі әдептен озбай балалардың қауіпсіздігін сақтауды сұрап отыр.

Әжетхананың ішіне дейін бейнебақылау қою, оқушыларды тәртіпке салудың бір жолы деп айта алмаймыз.

Бұл оқушыларға деген құрметсіздік болып саналады. Жасөспірімдердің арасындағы түрлі жағымсыз оқиғалардың алдын алу үшін басқа шараларды қабылдау қажет.