Әкімдік алдында ер-азамат өзін-өзі өртеп жіберді
Бүгін облыстық әкімдік ғимаратының жанында төтенше оқиға болды. Ер азамат аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесуді талап етіп, рұқсат берілмегеннен кейін өзін-өзі өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atyrau ONLINE телеграм каналына сілтеме жасап.
«Әкімдік қызметкерлері азаматқа бүгін облыс әкімі жеке сұрақтар бойынша қабылдау жүргізбейтінін түсіндірді. Оған қабылдау күнтізбесіне сәйкес белгіленген күні келу ұсынылды. Кейін оны Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қабылдады. Алайда азамат бұған қанағаттанбай, өзіне жанармай құйып, өртеп жіберді», — деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Полиция мен дәрігерлер дереу шақырылды. Полицейлер отты сөндіріп, жедел жәрдем келгенше зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Өзін өртеп жіберген ер адамның әкімдікке қандай мәселемен келгені белгісіз.
Қазір ол ауруханада, жағдайы ауыр.
«Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайларды анықтау үшін тергеу жүргізілуде», — деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.