Екпе алған және алмаған екі баланың қазіргі жағдайы

0
713

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде аутизмге қатысты түрлі пікірталас жүріп жатыр. Журналист Оңғар Қабденнің осы тақырыпқа жазған жазбасына пікір білдірген жұртшылық түрлі болжамдарын білдіріпті деп жазады Democrat.kz.

Жазылған пікірлердің басым бөлігі көзбен көрген немесе басынан өткен жағдайларға сүйеніп жазылған екен. Әрине, бұл саланың маманы болмаған соң, дөп басып бірдеңе дей қою қиын.

Десек те, жазылған пікірлердің басым бөлігінде адамдар перзентханада сәбиге алғаш рет жасалатын екпелердің бала денсаулығына зияны болуы мүмкін деген күдіктерін айтады.

Осыған байланысты өз басынан өткен және көзі көрген екі жағдайды салыстырып, оқырманмен пікір алмасуды жөн санаған кейіпкеріміз өз оқиғасын баяндап берді.

«Сіңлім екеуіміз бір күнде босандық. Екеуміз де балпанақтай ұлды өмірге әкелдік.

Бір палатада жаттық. Екінші күні сәбилерге екпе салу басталғанда, шырылдап, жылап жатқан балама медбике: «Ана балаңның аузын жап та, екпеге дайында!» деп діңк етті. Медбикенің мына әрекеті ашуыма тиіп: «Дұрыстап айтуға болмай ма?» дегеніме ол: «Ақыл үйретпей, дайында балаңды!» деп тағы діңк етті.

Сол сәтте медбикенің мына әрекеті ашуыма тигені сондай, «салдырмаймын!» дегенімді өзім де байқамай қалдым.

Осыдан кейін басталды. «Неге салдырмайсың? Мен екпені шприцке құйып, дайындап қойдым ғо!?» деген медбике ақырында жалына бастады.

Мен де қырсығып, сөзімнен танбадым. Қысқасы, бас дәрігер араласты мәселеге. «Осы баланың денсаулығы үшін мен жауаптымын» деп қолхат жазып берсең, салдырамын. Әйтпесе елімізде мынадай дөрекі дәрігер барда, баламның саулығын ондайларға тапсыра алмаймын» дедім.

Әрине, бас дәрігер ондай қолхат бермеді. Керісінше менен «отказной» деп аталатын қолхат алды.

Екпеден бас тартқанымыз сол екен, бірден керексіз заттай болдық. Перзентханадан сол күні шығарып жіберді. Ал сіңлім бөпесімен екі күннен кейін шықты. Бірақ баласының жиі ыстығы көтеріліп, әлсіз ыңырсып жылап, мазасы болмаған.

Біз сияқтыларды дәрігерлер «отказник» деп атайды екен. Сіңлім екеміз бір учаскелік дәрігерге барамыз. Алайда бізді ешкім іздеп, ешкім дәрігерге шақырмайды. Ал сіңліме күнде медбике, дәрігер үйіне келіп қарайды. Қарағанын қайтейік, баланың денсаулығындағы ақауды ешбірі сол кезде білмеген.

Себебі ол бала аяқ-қолын ербеңдетіп, қимылдамайтын. Сұлық жата беретін.

Дәрігерлердің «отказникті» адам санамайтынын түсінген соң, өзім әр ай сайын баламды алып, емханаға барып, таразыға салып салмағын, бойын өлшеп жүрдім.

Уақыт өте берді. Сіңлімнің ұлы уақыт өткен сайын әлсіз, арық болды. Менікі керісінше болды. Кезекті екпесін алып келген соң, сіңлімнің ұлынан маза кетті. Ыстығы жиі шығады. Дұрыс ембейді. Қараған дәрігерлер «осылай болады екпеден кейін» деп шығарып салды.

Балам алғашқы қадамын басқанда, сіңлімнің ұлы әлі төсекте жатты. Мықты дәрігерге қаратуға ақшаның реті келмей, «кей бала осылай кеш дамиды» деген білгіштердің сөзіне жұбанып, уақыт өте берді.

Сіңлім баласын бір жастан асқанда басқа дәрігерлерге қаратуды бастады. Өкінішке қарай, баланың диагнозын әр дәрігер әр түрлі қойып, ұзақ сандалтты.

Массаж жасатумен қанша уақыты өтті. Әлдебір витаминдер ішкізумен тағы уақыт жоғалтты. Не керек, екі жастан асқан сол баласына ақырында дәрігерлер ДЦП диагнозын қойды.

Туғанда ешқандай ақауы болмаған баланың денсаулығы екпеден кейін бұзылғанын ешкімге дәлелдей алмады.

Қазір ол бала 9 жаста. Арбаға таңылған. Бір нүктеге қадалып отырады. Отырады дегенім жай сөз ғой. Арнайы жіптермен байлап отырғызады.

Менің «отказник» балама қарап: «Сол медбикемен ерегіскенің дұрыс болыпты. Ешқандай екпе алмаған баланың денсаулығы бәрібір мықты болады екен. Екеуміздің жағдайымыз соның дәлелі емес пе?

Ешбір екпе, тіпті БЦЖ алмаған сенің балаң (тіл-көзден сақтасын) басқалар секілді апталап тұмау да болып ауырмайды ғой. Әрі кетсе, үш күн ауырып, жазылып кетеді.

9 жасына дейін ешқашан ащы дәрі ішпей, бір рет те укол салдырмай, жай ғана лимон, бал, сарымсақтан жазылатын баланың демек, иммунитеті өте мықты болғаны емес пе?

Баламды дәрігерге қаратып жүріп, қаншама анамен сөйлестім. 80-90 пайызы баласы екпе алған соң, ауруға ұшырағанын айтады. Сенбейін десең, өз басымнан өтіп жатыр ғой» дегенді сіңлім жиі айтып, жылап қалады», — деп әңгімесін аяқтады біздің кейіпкеріміз Мейіркүл Тұрабай.

Редакциядан: Бұл мақала арқылы екпе алмау керек деуден аулақпыз. Алайда біздегі медицина саласынан зардап шеккендердің қатары күн санап артпаса, кемімей тұрғанын да жоққа шығара алмаймыз. Әңгімеге арқау болған аутизм дертінің елімізде соңғы он бес жылда 20 есеге көбею себебі неде?

Мұнан бөлек, қазіргі кезде Қазақстанда науқас бала саны да күрт көбеюде. Ата-ананың денсаулығы дұрыс болмауы ма, ас-суының нашар болуы ма, әлде медицина кінәлі ме, кім кінәлі деген сұраққа әзірге жауап жоқ.

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.