Башар Асад билігі халыққа химиялық қару қолданған

0
62

Сириялық тұрғындар Башар Асад билігі тұсында көрген қорлықтарын айтты. Сөздерінше, Асад билігі 2018 жылы химиялық қару қолданып, салдарынан бірнеше тұрғын қаза болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сириялық Тофик Диам 2018 жылы Дамасктің шетіндегі Шығыс Гутаның орталық қаласы Думада болған оқиға туралы айтты.

«Егер ол туралы бұрын айтсам, Башар Асадтың күштері тілімді жұлып, тамағымды кесіп тастайтын еді. Бізге бұл туралы тіл қатуға рұқсат етілмеді», – деді сириялық.

Тофиктың әйелі, 8 бен 12 жас аралығындағы төрт баласы – Джуди, Мұхаммед, Али және Камар 2018 жылдың 7 сәуірінде химиялық шабуылда қаза тапты.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым өткен жылғы баяндамасында Сирия әуе күштерінің тікұшағы Думайр әуе базасынан көтеріліп, екі сары баллонды құлатып жібергенін айтты. Хлор газының жоғары концентрациясы бар баллондар үйге құлады. Тофик бірінші қабатта тұрған. Жарылыс болған кезде оның әйелі мен балалары пәтерден енді шығыпты.

«Мен жарылыс естідім, көшеде адамдар «Химия, химия» деп айқайлады. Жүгіріп шықтым. Жағымсыз иіс пайда болды. Адамдардың аузынан сары көбік шығып жатқанын көрдім. Балаларым дем ала алмай, тұншығып жатты», – деді ол.

Халықаралық ұйым мәліметінше, бұл шабуылдан 43 адам қаза тапты. Тофик 100 шақты адам өлді деп есептейді.

«Мен де өле жаздадым. Ауруханада 10 күн жаттым. Біздің үйде бес-алты адам ғана қалды» – дейді ол.

Асад үкіметі химиялық қару қолданғанын жоққа шығарады. Ал оның одақтасы Ресей Думадағы шабуылдың ұйымдастырылғанын айтты.

Шығыс Гута – Сириядағы бес жылдан бері созылған азаматтық соғыс кезінде ең қатты қақтығыстар болған аймақ. Ақырында Асад режимі оны қоршауға алып, одақтасы Ресеймен бірге «Джейш әл-Ислам» тобы бастаған көтерілісшілерді қуып шығу үшін аймақты ретсіз бомбалады.

Женева хаттамасы мен Химиялық қару туралы конвенциямен тыйым салынған химиялық қару Шығыс Гутада бірнеше рет қолданылған. Башар Асадтың күштері Думаны хлор шабуылынан кейін көп ұзамай басып алды.

Тағы бір сириялық Халид Насирдің айтуынша, 2018 жылы хлор шабуылында қызы Нур, екі жасар ұлы Омар және оның жүкті әйелі Фатима қаза тапқан.

«Ол кезде негізінен балалар мен әйелдер мерт болды. Бүкіл әлем Башар Асадтың залым әрі өтірікші екенін және оның өз халқын өлтіргенін біледі. Әйелім баламызды босанарға екі күн қалғанда өлтірілді», – деді ол.

Хлор шабуылы – аймақтағы жалғыз химиялық шабуыл емес.

2013 жылы құрамында зарин деген жүйкеге әсер ететін элементі бар зымырандар Шығыс және Батыс Гутаның бірнеше маңына атылып, жүздеген адам қаза тапты. БҰҰ сарапшылары зариннің қолданылғанын растады.

Асад бұған өз әскерінің қатысы жоқ екенін айтты, бірақ химиялық қару туралы конвенцияға қол қоюға және химиялық арсеналды жоюға келісті.

2013 және 2018 жылдар аралығында Human Rights Watch ұйымы Сирияда кем дегенде 85 химиялық қару шабуылын құжаттап, олардың көпшілігі үшін Сирия үкіметін айыптады.

Тергеу тобы Думадағы шабуылдан басқа, Сирия әскері 2017 және 2018 жылдардағы тағы төрт химиялық қару шабуылына жауапты екенін анықтады.

Басқа тергеулер Сирияда барлығы 20 рет химиялық қару қолданылғанын анықтады, бірақ қылмыскерлердің аты аталмады, өйткені бұл тергеу миссияларының міндеттеріне кірмеген.

Сириялықтар шабуылға қатысты тергеудің қайта жүргізілгенін қалайды.

Абдул Рахман Хиджази оқиғаға куәгер болғанымен, шындықты айта алмаған.

«Барлау қызметкерлері мені ұстап алып, өтірік айтуымды талап етті. Маған адамдар химиялық заттардан емес, шаңнан уланып өлді деп айтуды бұйырды. Келіспесем, отбасым аман қалмайтынын айтып қорқытты», – деді Абдул.

Енді ол жаңа тергеу жүргізгісі келеді.

«Мен шындықтың шыққанын қалаймын. Мен ұйықтай алмаймын. Әр ата-анаға әділдік тілеймін» – дейді ол.