Желтоқсан-1986: Өмірден азап шегіп, ұлып өткен әйел

0
5033

«Бұл оқиға жыл сайын 16 желтоқсанда есіме түседі. Әр түскен сайын қорқыныштан аза бойым қаза болады» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз — Айсұлу Айдарханқызы. 

«Алматыға студент болып келген жылы еді. Жамағайын туысымыздың үйінде бір айға жуық уақыт тұрдым.

Алғаш келген күні үйдегі у-шудан аса байқамадым. Алайда кейінірек мен жататын бөлменің қабырғасының арғы жағынан түсініксіз бір дыбысты еститін болдым.

Ол дыбыс та басқа емес, таңғы сағат 4-5-те күнде қайталанатын. Бастапқыда үйдегілерге айтуға ыңғайсызданып жүрдім. Кейін мазам кете бастаған соң, амалсыз апама айттым.

Қипақтап тұрмын. «Апа, қабырғаның арғы бетіндегі кім? Неге ондай дыбыс шығарады?» деп сұрап қоймадым.

«Көршіміз. Білетіндердің айтуынша, 1986 жылғы қанды қырғында бір топ қыз-жігіттерді полицияға ұстап беріп, онысымен қоймай жала жапқан көрінеді.

Қыз-жігіттердің айтпаған сөзін — айтты деп, жасамаған қылмысын — жасады деп сотталып кетуіне күш салған екен.

Сол кезде жатақхана вахтері болған ба, кезекшісі болған ба, нақты қандай жұмыс істегенін білмеймін. Әйтеуір он шақты жас студенттердің обалына қалған дейді.

Біз алғаш көшіп келгенде, сыртқа өзі ақырын кіріп-шығып жүретін көрші апа соңғы 5-6 жыл болды, төсекке таңылды. Дәрігерлер ауруының нақты диагнозын таппады.

Төсекке таңылғаннан кейін көп өтпей, түн ауғанда біртүрлі дыбыс шығаратын болды. Кей кездері кәдімгі қасқыр секілді ұлиды. «Олай етпе» дей алмаймыз. Жасы келген кісі.

Екі баласы ол төсекке таңылмай тұрып-ақ күтушіге тастап кетіп қалған. Қазір жанында күтушісі бар. Басқа ешкімі жоқ. Мүгедектер үйіне өткізсін деп көршілер талап етпек болған. Ол жаққа алмады ма, әлде басқа себебі болды ма, кемпір үйінде қалды осылай.

Кейде ойлаймын, 1986 жылғы желтоқсанда қар төсеніп, мұз жастанған сол бір жастардың наласы ма, көз жасы ма екен деп. Кім білсін… Түнде шығатын жан даусынан-ақ тартып жатқан азабы жеңіл емес-ау деп ойлаймыз, кім білсін…» — деп апам терең бір күрсінді.

Көп ұзамай, қыздармен басқа пәтерге шықтым. Бір күні апам хабарласып ауыл жаққа баратындарын, «үйге келіп, балалардың жанында боласың ба? Түнде кеш келеміз» деп өтініш жасады. Апамыздың екі немересі 14-15 жастағы қыздар. Үшеуміз үйде қалдық.

«Көрші кемпір соңғы екі күннен бері қатты «ұлып» жатыр. Мән бермеңдер. Біздің бөлмеге төсек салып, ұйықтаңдар» деді  апам.

Үш қыз үй шаруасымен жүріп, кештің қалай батқанын байқамадық сол күні. Екі қыз көрші кемпірдің даусына үйренген бе, аса елең қылмады.

Алайда қараңғылық түсе, дегбірім қашып, мазам кетті. Қорқа бастадым. Апамыздың бөлмесінде жаттық дегеніміз — жай аты ғана екен. Ол жаққа да көрші кемпірдің үні естіледі. Сол баяғы таңғы 4-5-те басталды.

Иә, расымен де бұрынғыдай емес, кемпірдің даусы сұмдық шығып жатты. Ұлыған, қыңсылаған, ыңырсыған, ышқынған, шыңғырған түрлі дауыстар шықты.

Жанымдағы екі қыз алаңсыз ұйықтап жатыр. Жастығымды құшақтап мен отырмын. Көрші кемпірдің мына даусынан өне бойым дірілдеп, қорқыныштан қалшылдадым. Кенет ұлыған үн біртіндеп басылып, кілт тоқтады. Сағатқа қарадым. Таңғы 4-45 минут өткен екен.

Құлағымды әрі тостым, дыбыс жоқ. Бұрынғы бөлмеме барып тың тыңдадым. Тым-тырыс. Бір кезде жедел жәрдем келгенін аяқ дыбыстары мен іште сөйлескендердің даусынан түсіндім.

Ақырын сыртқы есікті ашып, сығалап қарағанымда зембілге салып, біреуді әкетіп бара жатқан дәрігерлерді көрдім. Осы кезде ауылдан келген апам мен атам да үйге кірді. Көрші кемпірдің қайтыс болғанын солардан естідім.

Таңертең есік қаққан егде жастағы апай:»Кеше кешке екі аяғы тізеге дейін суып, сіресіп қалды. Түнге қарай кеудесінен мойнына дейін суыды. Соңғы екі сағат бойы жаны кеудесінен шықпай, қатты қиналды» деген күтушісі апама болған жағдайды айтып, балаларына хабар беруге көмек сұрады.

Ол күннен бері қанша уақыт өтті. Алайда сол оқиғаны ұмыта алмадым. Және түсінгенім, біреуге жасаған қиянатыңның азабын о дүниеде емес, осы дүниеде тартып кетеді екенсің» деп әңгімесін аяқтады Айсұлу апай.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.