Бибігүл Төлегенова: «Енді қайтесің…Өмір деген — осы»

0
404

Кеше, 2024 жылдың 16 желтоқсанында Халық әртісі, опера әншісі, қазақтың біртуар таланты Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды. Ғасырға таяу уақыт жасаса да өнерден әлі қол үзбеген аңыз тұлға туған күнінің қарсаңында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, өмірі, өнері, бала-шағасы туралы сырын ақтарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Сұхбатын бастамас бұрын Бибігүл Төлегенова осы жасқа келгенше махаббатын аямаған халқына алғыс айтқан.

«Халқым 95 жасқа келсем де «әнші қызымыз» деп бағалайды. Соған қарағанда, халықтың сүйіспеншілігін ақшаға сатып ала алмайсың», — деген опера әншісі.

Бибігүл Төлегенова денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, Қазақстанды аралап, мерейтойлық концерттеріне қатысып жүр. Дегенмен, жүріс-тұрысым қиындаған дейді.

« Бұрын үлкен адамдар жер үй керек деп отырғанда түсінбейтінмін. Енді түсініп жатырмын. Кіріп-шығып жүргісі келеді екен. Мен кей кезде үйден жарты айлап шықпаймын. Өйткені омыртқам екі жерден сынып, қос таяққа, коляскаға мәжбүр болып қалдым. Енді қайтесің… Өмір деген сол», — деген әнші сұхбатында.

Сонымен қатар, Халық әртісі «өз бала-шағаңыздың ішінде жолыңызды қуған ұрпақ бар ма?» деген сұраққа жауап бере келе немере-шөберелерінің өнер жолында жүргенін, өзінің бір қызы қайтыс болып, ұлы ауруға шалдыққанын айтты.

«Құдайға шүкір сары қызым бар. Екі қызым, бір ұлым болды. Кіші қызым 2007 жылы жүректен кетті. Жалғыз қызым қалды. Өзі шешеме тартқан. Ұлымның белі ауырып, екінші топтағы мүгедектігі бар. Сол ұлымның Малика деген бір қызы бар. Сол Малика Төлегенова «Астана Операда» директордың халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары. Жуықта Біріккен Араб әмірліктеріне әйгілі «Щелкунчикті» апарып қояды. Былтыр өздері сұранып барып еді, биыл арабтар шақырыпты», — деп қуанған әнші.

Естеріңізге сала кетейік, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев аңыз адам Бибігүл Төлегенованы 95 жасымен құттықтаған болатын. Бибігүл Төлегенова сондай-ақ әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің үнемі сыйластық танытатын асыл адамы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.