Бұл жаңа жылда қандай сыйлық сыйламаған жөн?

0
35

Көптеген қазақстандық асыға күтетін «Жаңа жыл» мейрамы келе жатыр. Онда блогерлер, басқа да ығай мен сығай жан жарынан, нақсүйерінен, дос-жаранынан немесе әлдебір құпия табынушысынан қандай ұлы сый-сияпат, құрмет-қошемет көргенін айтып, фото, видеосын паш етіп, жарыс пен әлекке қатар түседі.

Қымбат көліктер, сәнді көйлектер, алтын-күміс, гауһар-бриллиант әшекейлер, сән-салтанатты курорттарға жолдамалар… Бұл кезең нағыз «атақ-даңқ жәрмеңкесіне» айналып кетеді.

Бірақ білгір мамандар шын мәнінде жүрекке ыстық сыйлықтар бағасымен есептелмейтінін ескертеді. Біздің бәріміз көл-көсір әсер, жақсы естелік қалдыратын сыйлық жасауға ұмтыламыз. Сондықтан ең жақын адамдарымызға тарту етілетін затты да асқан жауапкершілікпен іздеп, үлкен ыждаһатпен таңдаймыз.

Ең бастысы, сыйлық шын жүректен, ықылас-ынтамен сыйланса құнды. Сонда ол алушыны қуанышқа бөлеп қана қоймай, сондай-ақ берушіге жаңа жылда жақсылық пен сәттілік әкеле алады.

Қытай астрологиясы және фэншуй бойынша эксперт Юлия Богданова «Жылан жылының» қытай күнтізбесі бойынша 3 ақпанда, қазақы жыл санау бойынша тек 22 наурызда табалдырықтан аттайтынын еске салды.

Дегенмен, оның қуатты энергиясының әсерін қазірден сезінуге болады екен. Сондықтан зайырлы «Жаңа жыл» мерекесінде туыс-туған, тамыр-таныс, жора-жолдасқа сыйлық ұсынғанда оның жыл қайыру бойынша келесі символдық аңның талап-талғамына да сай келуін ойластырсаңыз құба-құп.

«Ендеше таяп келе жатқан жылдың тенденцияларына сәйкес келу маңызды. Сонда жаңа жылда да ғаламмен гармонияда боласыз. Сыйлығыңыз да айналасына шуақ шашып, иесіне үлкен шабыт пен сарқылмас қуат береді», – деді эксперт.

Астролог берген тартуыңыздың рухани қайтарымы болып, өз өміріңізге де үйлесім-гармонияның, ырыс-игіліктің нұрын молынан құюы үшін сыйлықты қалай таңдау керектігі жөнінде кеңес берді.

Маманның айтуынша, бұл үшін сыйлықтың өте қымбат болуы тіпті де маңызды емес. Ол 3 шартқа сәйкес келсе болғаны.

Біріншіден, сыйлығыңыз сұрықсыз, кеспірсіз болмасын.

«Қаржылық әл-ауқат пен табысты магниттей тартатын тарту-таралғының кепілі – оның жақсы талғамға сай, көркем болуында! Мысалы, классикалық стилде жасалған заттар, көз тартатын әдемі аксессуарлар орынды болады. Жылан – отты белгі. Ол әсемдікті, нәзіктікті, талғампаздықты жоғары бағалайды. Асығып, сүрлікпейді. Сондықтан осындай презенттер үйге символдық тұрғыда табыс әкеледі», – дейді Юлия Богданова.

Екінші шарт – сыйлық күнделікті өмірде қолдануға жарағаны жөн.

«Маңыздылығы бойынша екінші орында өмірде, жұмыста практикалық тұрғыдан пайдалануға болатын пайдалы сыйлықтар тұр. Сондай-ақ үйде қолайлылық, жанға жайлы жай-күй туғызатын заттар да жарап қалады. Жақындарыңызға тұрмыстық техниканы, көліктің құрал-жабдықтарын, бөлмені безендіретін декор элементтерін, тұрғын үй жағдайларын жақсартатын өзге де заттарды тарту етуге болады», – деді сарапшы.

Үшіншіден, өзіндік кемелденуге, дамуға, шыңдалуға, өзін-өзі жетілдіруге септесетін сыйлықтар да жаңа жылда жоғары бағаланатын көрінеді.

Себебі, жылына бірнеше рет ескі, өлі терісінің қабатын жоғалтып, оны жаңасына ауыстыратын жылан – үнемі жаңаруды қалайтын жануар.

«Жылан қателіктен сабақ алатын, өзгерген жағдайға бейімделе білетін, оқып-үйренетін және жаңа бағыттарда өзін сынап көретін ізденімпаз, жасампаз адамдарды жақтап, жебейді», – деп түсіндірді Богданова.

Сондықтан нақты біліктілік игеруге мүмкіндік беретін оқыту курсына сертификат, шеберлік сабақтарына шақыру, білім беру депозитін ашу, фитнесс-залға, бассейнге абонемент сияқты сыйлықтар да артық болмайды.

Атап өтетін жайт, эксперт жаңа 2025 жылдың символы кескінделген заттарды, мысалы, жылан бейнеленген ойыншықтарды, мүсінше-статуэткаларды, киім-кешекті және басқасын сыйлаудың жағымсыз екенін, қаланбайтынын ескертті.

Астрологтың пікірінше, мұндай сыйлықтар кейбір жан үшін проблема, тіпті тауқымет тудыру тәуекелін арттыруы мүмкін. Сол себепті ондай сыйлықтан аяқ тартқан абзал.

Сарапшының айтуынша, саяхаттау да Жаңа жылға тамаша тартуға айнала алады. Өйткені Жылан жарықтық белсенділікті, жаңа жерлерді тануды, айналаны шарлауды ұнатады. Сондықтан сапарға шыққандарға демеу, саяхаттағандарға сүйеу болмақ.

Жалпы, ХХ ғасырдан бастағанның өзінде «Жылан жылы» үлкен бетбұрыстармен тарихта қалған екен. Сонымен, «Жылан жылы» келесідей: 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013, 2025 жылдар.

1905 жылы Ресейде бірінші революция болып, ғасырлап дәуірлеген алпауыт Ресей империясы күйрей бастады. Есесіне, 1905 жылдың соңында Орал қаласында Қазақстанның облыстарынан делегаттар құрылтайға жиылып, Қазақ съезі өтті. Онда қазақ үшін қасиетті де қастерлі «Алаш» атауын иеленген ұлттық қозғалыс құрылды.

1917 жылы да тарих жаңарды, Ресей империясы құлады.

1941 жылы фашистік Германия мен Кеңес Одағы арасында соғыс басталды. Екінші Дүниежүзілік соғыстың бұл үзігі Қазақстанда «Ұлы Отан соғысы» деп аталады.

1953 жылы Еуропаның көмір мен болат бірлестігі ассамблеясының тұңғыш отырысы өтті, соның негізінде кейін қазіргі Еуропалық Одақ құрылды.

1965 жылғы 18 наурызда «Байқоңырдан» ұшқан ғарыш кемесі адамзат тарихында тұңғыш рет адамды ашық ғарышқа шығарды. Америка тарихында бетбұрыс болды: 1965 жылы Алабама штатында Мартин Лютер кіші Кинг азаматтық құқықты талап еткен үлкен шеру өткізді. Ақыр соңында, қара нәсілділерге, әйелдерге, азшылық ұлттарға дауыс беру құқығы берілді.

Жалпы, тере берсе, «Жылан жылының» Қазақстан мен дүниежүзі тарихына қосқан еншісі зор. Оның кейбірі шошынтса, енді бірі сүйсінтеді. Тарихи бетбұрыстардан еліміз аман, жұртымыз тыныш өтіп, еліміз ырысқа толсын деп тілейік.