Қазақстан «мұсылман елі» болуы мүмкін бе?

0
531

Қоғам белсендісі, тәуелсіз дін зерттеуші Тұрарбек Құсайынұлы қазіргі қоғамдағы діни мәселелер туралы өз пікірін бөлісті. Democrat.kz. тілшісімен болған сұхбатта түрлі проблемалар сөз болды. 

Мүфтиятты реформалау туралы петицияның басты себебі

Бұл бастама қоғамда дін саласындағы мәселелердің ушығуына байланысты көтерілді. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал мүфтият зайырлы қоғамның діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы тиіс мекеме.

Өкінішке қарай, қазіргі мүфтияттың жұмысы қоғам сұранысына толық жауап бермейді, оның ішінде ашықтықтың болмауы, кадрлық мәселелер, шетелдік идеологияның әсері сияқты түйткіл проблемалар бар.

Реформа арқылы бұл институтты халыққа жақын, тиімді, әрі зайырлы мемлекет қағидаттарына сай құрылымға айналдыруды мақсат еттім.

 Қазақ ұлтына төніп тұрған ең үлкен қауіп

Қазіргі таңда қазақ қоғамына ең үлкен қауіп – саяси исламизм. Ол дәстүрлі исламды мойындамай, қоғамды мәдени және рухани тұрғыда бөлшектеуге алып келеді.

Саясиланған дін қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы келіп, жастарды өз тектілігінен ажыратады.

Сонымен бірге, бұл идеология зайырлы мемлекетті жоққа шығарып, Қазақстандағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Тәңіршілерге қарсы шабуылды қалай түсінеміз?

Бұл – діни фанатизмнің көрінісі. Тәңіршілерді сынап, қарғап-сілейтіндер көбіне ұлттық құндылықтар мен дінді шатастырады.

Исламист-діншілдер үшін тәңіршілерді «қауіпті» етіп көрсету – өз идеологиясын күшейтудің тәсілі. Оларға қарсы пікір айту арқылы, өздеріне ұпай жинауды көздейді.

Тәңіршілерге қатысты үрей – қоғамда діни сананың төмендігінен, сауаттылықтың жеткіліксіздігінен туындаған мәселе.

Уағызшылардың қисынсыз сөздеріне жауап

Уағызшылардың бәдік сөзі — қисынсыз әрі қауіпті. Бір діни ағымды немесе сенім жүйесін әртүрлі апаттардың себебі ретінде көрсету – қоғамды арандату.

Бұл – бірлікке емес, бөлінуге әкеледі. Әрбір азаматтың сенім бостандығы бар, ал бір топты кінәлау – жауапсыздық. Тәңіршілерді айыптаудың орнына, қоғамның діни сауатын арттыру қажет.

Қазақстанда “мұсылман елі” орнауы мүмкін бе?

Жоқ. Қазақстан – зайырлы мемлекет, бұл Конституцияда бекітілген. Қазақстандағы көпұлттылық пен көпконфессиялық жағдай “мұсылман елі” моделіне сай емес.

Мұндай жүйенің орнауы елдегі тұрақтылықты бұзады.

Интернеттегі уағыздарға тыйым салу қажет пе?

Интернет – ақпарат тарату алаңы, оны шектеу демократиялық қағидаларға қайшы. Бірақ экстремизм мен радикализм насихатталса, оған заң аясында жедел тосқауыл қою қажет.

Сонымен қатар, интернет арқылы қисынсыз уағыздар айтылған сайын, қоғамда оларға сыни көзқарас күшейеді. Сол себепті, тыйым салудан гөрі, түсіндіру һәм ағарту жұмыстарын арттырған дұрыс.

Қазаққа жақын, дұрыс имамдар бар ма?

Меніңше жоқтың қасы.Олардың қызметін бағалау үшін қоғам мүфтиятқа реформа жүргізуді тез арада талап етуі керек.

Діни радикалдардың шектен шығуының себебі

Радикалдардың шектен шығуы діни білімнің таяздығынан, шетелден келетін қаржылай немесе идеологиялық қолдаудан, сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылаудың әлсіздігінен болып отыр.

Олардың әрекеттеріне қарсы күрес үшін қоғамның діни сауатын арттыру, заңды күшейту қажет.

Қазақ қоғамы қайда бағыт алуда?

Қазіргі қоғамның беталысы алаңдатарлық. Жастар арасында радикалды ағымдардың ықпалы күшейіп келеді.

Бұл – ұлттық бірегейлікке, мәдениетке қауіп төндіреді. Билік бұл мәселеге назар аударса да, шешімдер тиімсіз болып отыр.

Егер мемлекет нақты шаралар қабылдамаса, діни бағыттағы теріс ағымдар қоғамды одан әрі әлсіретіп,құрдымға апарады.

Сұхбаттасқан — Хақназар САДЫРХАН.

Фото интернеттен алынды.