Ерлан Қарин: «Ұсақ-түйек әңгіме, кикілжіңдерді ысыра тұрсақ»
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Ara media» ютуб каналына сұхбат беріпті. Асылхан Мамашұлының «омартасына» балдай тәтті жаңалықтар да, удай ащы шындықтар да құйылған екен.
Қаринды қанша жерден «Асарлатқан», «Нұрланған», кезіндегі «Назарбаевшыл», қазіргі «Тоқаевшыл» десекте бұл сұхбатта айтылған жаңалықтар елім дейтін еш қазақты бейжай қалдырмасы анық.
«Жеке басыма айтылған сындарға ренжімеймін» дейді Ерекең. Әрине ел қызметіндегі мансаптының өлшем таразысы осылай болуға міндетті.
Алаш, Алашорда – мемлекетіміздің тұғыры, қазақтың қазығы, болашағымыздың «құбыласы» және ұлттың қансоқта қайғысы мен қаралы қасіртеі…
Бізді қуантқаны Алашорда тарихына қатысты тың деректердің 12 том болып жарыққа шыққаны болды. Сонымен Қарин басқарған Мемлекеттік комиссияның үш жылдық жұмысынан ұққанымыз:
ҰҚК, Прокуратура, ІІМ жабық қорларындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына қатысты 700 мыңға жуық, жалпы саны 2 миллионға жуық құжат құпиясыздандырылған. Әр құжатта он томнан елу томға дейін материал бар.
Олардың кейбіреуі уақыттың өтуіне, тиісті жағдайдың жасалмауына байланысты бүлінген, тозған, өшкен, көгеріп кеткен. Сол себепті бұл құжаттарға залалсыздандыру, қалпына келтіру, цифрландыру жұмыстары жасалған.
Өткен жылы жиырма том, биыл отыз томмен қоса тағы жиырма том дайын. Яғни жетпіс том. Бұл ғылыми академиялық жинақ болғандықтан жалпы құжаттарды реттеп, айналымға түсіру бірнеше он жылдықтардың жұмысы.
Өйткені бұл кезекті жай тапсырма емес тәуелсіздіктің отыз жылындағы ең үлкен ұлттық жоба. Сабыр Қасымов, Мәмбетов Қойгелдиевтердің ұсынысымен Алашордаға қатысты материалдар бөлек топтастырылды.
Қазірге «Алашорда ісі. Құжаттар мен материалдар. 1920-1940» деген атпен кіші шрифтарды қолданғанның өзінде 12 том 2000 данамен шықты. Басты мақсат ең алдымен қала, аудан, университеттердің ірі кітапханаларына жеткізу.
Ресеймен ортақ тарих жазылады деген тек қауесет. Біреулер айтып жүргендей Ортақ тарих бойынша комиссия емес жұмыс тобы ғана құрылған.
Бұл тек Ресеймен ғана емес өзге мемлекеттермен де қолданыста бар тәжірибе. Ал «Ертеден бүгінге дейнігі» Қазақстан тарихының жеті томдығын тек отандық ғалымдарымыз жазып жатыр.
Оның басты құндылығы тәуелсіздіктің отыз жылында ашылған археологиялық жаңалықтар, көпшілікке беймәлім архив құжаттары ғылыми айналымға енгізіледі.
Мысалы, Түркі кезеңіндегі Қазақстан тарихы, Алтын орда, Жошы ұлысы тарихы бөлек том болып шықпақ.
Бабаларымыз алдындағы, болашақ ұрпақтың алдындағы осы ұлы міндетті абыроймен атқаруға отандық бес институт, 250 тарихшы айналысып отыр.
Үкіметаралық келісімдердің арқасында шетелдің мол архив қорларына жол ашылды. Сондықтан билік, халық деп бөліп қарамайық. Бәріміз бір мүдде үшін жұмыс жасап отырмыз.
Тым құрыса өз тарихшыларымыздың жанкешті еңбегіне құрметпен қарайық. Осы ұлттық жобаларды абыроймен жүзеге асыру үшін ұсақ-түйек әңгіме, кикілжіңдерді ысыра тұрсақ дейді Мемлекеттік хатшы.
Біләл ҚУАНЫШ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен алынды.