«Пропискасы жоқтар» Алматыдан бір күнде кетіп қалса…
…Дұрыс қой, бірақ… Бірақ ірі мегаполистер созыла беретін резеңке емес, тәртіп керек. Мен Алматыға келгенде “жабық қала” еді. Қалада тұрақты да, уақытша да тіркеуі жоқ адамды еш жерге жұмысқа алмайтын.
Паспортыңның артында тіркеудің штампы болмаса, сен ешкім емессің! Мемлекеттің астанасы сенікі емес, қазаққа Алматы тасбауыр болған, сен тек қонақсың.
Келдің, аунадың-қунадың, енді қайт үйіңе! Қазақ жастары жатақханасы болғаны үшін ғана топырлап АХБК-ға жұмысқа кірді. Алдымен пәлен жылға — ұмытпасам, 5 жылға дейін жатақханаға уақытша тіркеуге алады.
Содан кейііііін барып тұрақты тіркеуге тұрасың. Тек АХБК жұмысшысысың, болды. Оны айтасың сол кеңестік кезеңде “байға тимеймін, бала мүлде тумаймын” дегізген жымысқы саясаты да болды оның. Армияда әлімжеттік болуға тиіс, таяқ көрмеген жігіт еркек емес деген жазылмаған ереже, көрінбейтін “қаулы” болды ғой, тура сол секілді. Жұмыстан кетсе, жылы бөлмесінен, қалалық тіркеуден айырылады. Ал үлкен фабрикаға жұмысшы керек! Ол кезде жұмысшыға барлық жағдай жасалды бірақ. Жұмысшылардың айлығы небір профессордың еңбекақысынан жоғары болды.
Жоспар орындалмай жатса, сенбі күні жұмысқа шығып беруін басшылар өтінетін. Бұйырмайды, өтінеді. Ал дүйсенбі күні жұмысшыға сенбі күннің екі еселеніп төленетін ақшасын қолына ұстататын.
Сол АХБК-ның салалық газеті болды апта сайын шығатын! Міне! Мен “Алматкілемнің” 4 разрядты арқау дайындайтын маманы болдым! Ал ол фабриканы “жаулап” алған орыс, ұйғыр, түрік, сосын барып қазақ болған!!!
АХБК патырлатып тек жатақхана сала берген. Жаңағы астыртын жымысқы талап: “байға тимейсің”, “бала тумайсың”!!! Мақаш ақсақалдың есебіндегі, ұмытпасам 7000 кәрі қыз, міне, осы мекенде ғұмыр кешті, жалғыз қап өмірден өтті!!!
Мойындасаң да, мойындамасаң да — осы! Айтылмайды, айтпайды! Жан-жарасын қалай тырнайды өзінің, қанталаған жараға уыстап тұз себетіндер дайын тұратыны тағы бар…
“Алматыкілем” үй салды. Қол-аяғыңды көрінбейтін жіппен матаулы, тіліңді байлаулы ететін “еркіндік” келетінін, жемқорлар мен жағымпаз жалбақбайлар жайлаған мемлекетке айналып кетерін қайдан білейік… Егер КСРО деген алып жүйеден 15 “баласы” бытырап қашпағанда, тағы бір бес жыл кешіккенде сол “Алматыкілемде” қызметте де өсер едім (дым күмәнің болмасын), үйге де қолым жетер еді. Мен 17-22 жас арасында бес-ақ жыл пәтер жағалаған адаммын.
Одан кейін қаңғып көрмегем. Рас, қазір де сондамын, базбіреудей үй алу үшін бар байынан құжат бойынша ажыраса қап, одан қалды бар үйін бірдеңе ғып басқаның атына рәсімдеп, “шешем қуып жіберді”, бла-бла деген өтіріктерімен қолжетімді баспана алған сумақай сужұқпастың қатарынан табылмадым. Айналаңа қара, ондай іннен шығып, иттен туғанның құрығанда бір-екеуі — сенің де танысың, менің де қасымнан табылып қалуы!
Тәртіп керек! Қылмыс та көп, ұры-қары да толып жүр. Одан бұрын Алматыдай үлкен мегаполисте өз үйі жоқ адамға бәрібір, өзінікі емес, қақырады, түкіреді! Лақтырады, ластайды! Қоқысын. Өтірік емес. Көшеге қоқыс тастауды, жерге қақырып-түкіруді қазақ қойса, ең алдымен! Өзге ұлт төбеге тышқанды тыяр ма еді сонда… Бұл — басқа әңгіме!
Тәртіп керек! Бірақ қалалық тіркеуі жоқ қазақтың бәрін қаладан қуып шығу жол емес. Тіпті қаладан нәпақа тауып жүрген қалың қазақ бір күнде саналы түрде түгел Алматы мен Астананы тастап шығып кетіп қалса, салақтаған қарнының астындағыны көре алмай талтаңдап жүрген байшыкештің бәрі кешке нәжіске батып қалмаса, маған кел!
Ақсаусақ қатындары тамақ пісірудің не екенін білмейтінін де қаперге ал. Балабақшадағы боқмұрын баласының көтін жуатын да қалалық тіркеуі жоқ ауыл қазағы екенін ұмытпасын.
Екі күн жауған қарды тазалау миына кірмеген Алматының басшысымақтарының артын жақсылап жауып жатқан да осы — қалалық тіркеуі болмай тентіреп жүрген дала қазағы. Қуу, айып салу тығырықтан шығатын жол емес. Бірақ тәртіп керек!
Бір кезде үй иесі рұқсат етсе болғанын айтып жомарттық танытқанда тап мына мен 20 адамды тұрғызғам тіркеуге! Егер менің өмірде жолым болып, анау өзін Жердің кіндігі сезінетін лауазымды-мансаптымен, қызметтік креслосында шіреніп отырған атқамінермен тең дәрежеде бір дастарқанда, бір тойда жүріп қалсам, 25-ке толғанда ауылына сандалмай дер кезінде төлқұжатын ауыстырғанның, тіркеудің арқасында жақсы жұмысқа орналасып кеткеннің, қашан айып төлетеді екен деген қорқыныштан ада болып аз жыл болса да тыныштықта өмір сүрген 20 қыз-жігіттің тілеуінің арқасы!!!
Оның ішінде біреуінің жақсы баспана алғанын білем. Қалған 19-ы да қаңғып жүр деп ойламаймын. Өліп бара жатып артыма қарағанда Қазақстанның әр түкпірінен келген, рулас, кластас, жерлес емес 20 қазаққа септігімді тигізе алдым деп алаңсыз кете алам.
Әлгі жұмақты айтып мастанып, тозақты айтып қоқаңдайтындарға: “Байқа, жұмақтың төріне өзіңді көрмей қап жүрмейін” немесе: “Тозақта қасымда отырып қап қызық болмасын”, — дейтінім — сол. Жо-жоқ, мақтанып отырғам жоқ, жылдар бойы 30 шаршы метрде 22 адамның тұруы мүмкін емесін қалай дәлелдей алмасам, солай 22 адамның ыстық-суық суына ақы төлегем. Қандай жағдай болсын басым шалқақ, еңсем биік!!! Ал бізде кез келген креслода ұлтына жаны ашымайтын ішкен-жегеніне мәз топас тобырдың отырғанына мен кінәлі емеспін.
Алматыға тәртіп керек. Шіркін, бір күнде Алматыны нәпақа іздеп келгендер тастап шығып, екі күн болмағанда көрер едім боқтан шыққан байшыкеш бағландар мен ашкөз тоғышарлардың нәжістен шыға алмай қалай тырбаңдайтынын…
Тәртіп керек! Бірақ айыптың ақшасы қайда кетеді? Көлік тұрақтарының ғана қаржысы кімнің құлқынын тойдырып, кімнің кеңірдегін бітеп жатыр, соған тоймадыңдар ма, еу, түк көрмей өскен тегінен жарымаған қазақтар?
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.