«Ғани Бейсембаев» деп сауатты жаза алмайтындар Білім басқармасында не бітіріп жүр?

0
2661

Мұғалімдерге тағы бір тапсырма жүктелді. Бұл жолы отбасылық тұрмысы төмен, әлеуметтік санатқа жататын оқушылардың тізімін жинақтау туралы жоғарыдан бұйрық беріліпті деп жазады Democrat.kz.

Бұл бұйрық туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі жазды.

«Цифрлы педагог деген не?!

Сыныптарыңызда үлгерімі төмен, әлеуметтік санатқа жататын оқушылар болса, солардың тізім сұратып жатыр екенсіздер.

Қосымша сабаққа ата-ананың рұқсаты болуы керек дей ме, түсініксіз бірдеңе…

2023-2024 оқу жылындағы оқу-оқыту нұсқаулық құбыла бере ме?! Сабақты бұйрықсыз бастағанымызды ұмытпадық!

Мұғалімдер қосымша сабақ жүргізу үшін тағы кімнен рұқсат алуы керек?! Министрден бе?! Немесе Ғани Бейсембаев мырза, қосымша сабақты сіз, өзіңіз жүргізесіз бе?!

Неге мұғалімдердің ісіне араласып отырсыздар?! Мынау жоба ма?

Бұл не жоба?? Мұғалімдерді цифрлап, код қойып қойған ба?!

Үлгерімі төмен оқушы деген өтірік есепті түсіндіре алмадық! Айтып- айтып шаршадық! Енді не мынау?!» деп тиісті мекемедегі кісілердің атына сауал жолдады.

Белсенді мұғалімнің бұл жазбасына Алматы Облыстық Білім Басқармасы деген атпен тіркелген Facebook қолданушысы:

«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының тұрмысы төмен отбасындағы балаларға арналған «Цифрлы ұстаз» жобасын іске асыру жөніндегі 42-тармағын орындау шеңберінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлы ұстаз» жобасын іске асыру бойынша ҚР Оқу-ағарту бірінші вице министрі Н.Жумадильдаева мен ҚР Оқу-ағарту вице министрі А.Ілиясовпен келісілген, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бисембаевпен бекітілген жол картасының 3 және 4 тармағын орындау мақсатында оқушылардың тізімін мен мектеп тізімі жинақталуда» деп жауап жазыпты. (төменде жазбаның скринін бердік)

Мына жауапты оқып біткенше, тынысыңыз бітіп, тұншығып қалмадыңыз ба?

Білдей бір облыстың Білім басқармасының атынан жазылып отырған мынадай шұбырынды сөзге толы жауап нені білдіреді? Қасақана ми ашыту ма бұл?

Парақшадағы атауында «облыстық» сөзін бас әріппен қате жазуына да, берген жауабындағы үтір-нүктесіз шұбалаңқы сөйлеміне де көз жұмдық делік.

Ау, тікелей басшысы, білдей министр Ғани Бейсембаевтың тегін «Бисембаев» деп жазып отырған Алматы облыстық Білім басқармасына не деуге болады?

Министр Ғани Бектайұлы, таңнан кешке дейін «мұғалімдерді қалай шаршатсақ екен» деген идеяны шетке ысырып, еліміздегі бүкіл Білім басқармаларын қатаң аттестациядан өткізгеніңіз дұрыс-ау.

Бірі мұғалімді шырша құруға жұмсап, өлтіріп ала жаздады. Бірі пәндік олимпиадаларда оқушылардың еңбегін саудалап, құлқынын тығындап жатыр. Енді бірі министрдің фамилиясын дұрыс жаза алмай отыр. Бұл не масқара!?

Осындай «сауат деңгейіндегі» кісілер еліміздің білім саласын басқарып жүргенде, білім сапасы туралы жақ ашудың өзі — таза тозақылық күнә емес пе?

Министр мырза, Астана жақтан «мұғалімдер сауатсыз» дегенді айтудан жалықпайтын көкелер мен әпшелер өз айналасы мен Білім басқармаларындағыларды сауаттылық сынақтарынан бір сүзіп өткізсе, шікірейіп жүрген талайының бір сөйлемнен бес қате жіберетініне көз жеткізер еді.

Қазақстанда «Нысаналы мектеп» емес, «Нысаналы Білім басқармасы» деген жобаны жүзеге асыру керек. Себебі, бүкіл облыстағы, аудандардағы Білім бөлімдерінің қызметкерлері сауатты болмай, директор, мұғалім, оқушыдан білім сапасын талап ету — суға сурет салғанмен бірдей.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін.