ҚМБД-ға 35 жыл: Мерейтойды атап өту қалай жоспарлануда?
Кеше Алматы Орталық мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Мүфтилер алқасының кезекті отырысы өтті деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл туралы ҚМБД баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай өзінің әлеуметтік желі парақшасында: “Басқосуға мүфтиятты әр жылдары басқарған Бас мүфтилер – Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз қатысты.
Жиында ҚМДБ Төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Алла қаласа, бірер күндерден кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады.
Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді өздеріңіздің қолдауларыңызбен, жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқара береміз.
Бәріміздің ортақ мақсатымыз, Ахмет Ясауи бабамыз айтқандай, Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталады. Хаққа да, халыққа да қызмет етіп жатқан істерімізге Алла мол сауаптан жазсын! Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, Алла Тағала мұсылман қауымын рухани алауыздықтан сақтасын. Әмин!» – деді.
Мәжілісте дін қайраткерлері қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиялық ықпалынан сақтандыру, жамағаттың бірлігін арттыру сынды мәселелер төңірегінде пікір алысты”, — деп жазды.
Фото Ағабек Қонарбайдың парақшасынан алынды.