Қай рудан шыққанымызды әспеттеудің керегі бар ма?
Рушылдық 80-ші жылдардың ортасында жойыла бастап еді. Одан кейінгі буын білімге жақсы ұмтылды. 90-шы жылдардың ортасына дейін қазақ ру сұраспайтын.
Ал 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басынан біз қайтадан рушыл халыққа айналып шыға келдік.
Бұл өте қауіпті қасірет. 80-ші жылдың жастары рушыл болмаған. 2000-шы жылдардың басында мектепке кенже балам бара бастағанда, мектепте рушылдық пайда бола бастапты.
Үш Найман бар екенбіз, бес Албан бар екен, жеті Жалайыр жүр екен дегенде, мен жағамды ұстадым.
Мен университетте өзіммен бірге қанша Арғын оқығанын, қанша жеті ру оқығанын білмеймін, ал менің балам мектепке бара сап, бастауыш класта біз бәлен Найман, бәлен Жалайыр бар екенбіз деді.
Рушылдық мектеп деңгейіне жеткен. Бұл бізді өсірмейді. Бізді құртады бұл. Мұның себебі – ру-руды дәріптейтін кітап көбейіп кетті.
Қазақ батырларының ескерткіші ортақ болуы керек. Қабанбайға неге Алматы мен Талдықорғанның ортасында емес, Шығыс Қазақстанда ескерткіш орнатылады?
Қабанбайға неге Қызылордада ескерткіш орнатылмайды? Ал Қызылордада Жанқожа батырдың ескерткіші неге жоқ, ол неге Аягөзде тұрған жоқ, ол неге Қазалыда тұр?
Ойлап қарасаң, міне, бізде бүкіл ұлтты құрған, тұтас елді құрған батырларды біз деген ру-руға бөліп алатын болдық. Қабанбай қазір қазақтың батыры емес, Найманның батыры саналады.
Райымбек тек қана Албанның батыры саналады қазір. Осы бізді құртты. Батыр ортақ болуы керек болатын. Ата-атаға бөлінген, шежіре қуалаған кітап әдебиетке айналып кетті.
Олар ғылыми айналымда ғана болуы керек еді, біз оны тұрмыстық деңгейге әкелдік. Кімнің қай рудан шыққаны ешқандай қажет емес болатын.
Ал қазіргі жағдайда қызметке бару үшін, атақ алуың үшін қандай рудан шыққаның өте маңызды болып кетті. Ашаршылықтың неден болғаны кейін барып анықталды.
Сол сияқты біздің рушылдық дертіне неге шалдыққанымыз кейін анықтала жатар. Бірақ мұны тоқтатпасақ, болмайды.
Ру деген бір-ақ жерде керек, жеті атаға дейін қыз алыспауы үшін ғана. Бұл өте маңызды. Бұл қазақтың ең үлкен тарихи жетістіктерінің бірі. Бұл бәдәуилерде бар, көшпелі халықтарда болған. Отырықшы халықтарда ондай емес.
Руды білу бізге жақын туыспен қыз алыспау үшін ғана керек болатын-ды. Одан кейін медицинада атадан балаға тарайтын ауруды зерттеу үшін керек.
Одан кейін бұл тарих ғылымындағы шежіре, анау Шоқанның әкесі мынау болған, оның әкесі анау болған деген сияқты жайғдайда ғана руды тарату керек болатын.
Ал күнделікті тіршілікте, қызметте, мемлекеттік қызметтің, жеке кәсіпкерліктің бір де бір саласында бізге рушылдық керек жоқ.
Рушылдық біздің ұлтымызға дендеген үлкен дерт. Үлкен қатеміз. Бұл қазақты дамытпайды, бұл қазақты кері тартады деп ойлаймын.
Қайнар ОЛЖАЙ, қаламгер, публицист.
Фото көрнекілік үшін.