«Сақалтайлар» қазақты Мағауинге қарсы қоюға жанталасуда
«Мағауин өз қазағынан жиіркенді, менсінбеді, құсқысы келді, жаназасына да тұрғызбады»деп сақалтайлар өте ауыр сөз қолданыпты.
Жалпы, осы салафандардың тілі ащы.
Сонша зұлымдық, негатив, ауыр сөздер қалай іштеріне сияды екен, топырағы да әлі кеппеген адамның артынан былай ым — жымын бүгіп халыққа қарсы қою деген…
Өздері және шыңқ етсе сол ащы тілдерімен жәман құмкешкен орама бәдәуилер сияқты қарғап — сілеп шыға келетінін қайтесің..
Меніңше, Ұлы Мағауин өз қазағын сүйген адам. Баяғыда қытай қазақтарының «Сен қазақ», «Күл тегін» деген әдемі танымдық сайт- порталдары болатын.
Ол сайттарда көздері жәудіреп, Қазақстан жаққа қарайлап, осы жақтың күнделікті жаңалықтарына елеңдеп, оны жапырлап талқылап отыратын біраз ағайын отыратын.
Қазақстанның біраз зиялылары, жазғыштары ол сайттарды жақсы білсе де ол жаққа аяқ баспайтын.
Ал ізденімпаз, қазақшыл Мұхаң Прагада отырып сол сайттарды оқып, сол сайттың иелеріне қолдауын білдіріп, арқасынан қағып қоятын.
Сол сайттарды ұстап отыратын жігіт «бізді Мағауиннің өзі оқиды» деп мақтанатын.
Ұзын сөздің қысқасы, Мағауин қай жерде қазағы бар, сол жерде жүрді.
Сол қазағына бар ғұмырын сарп етті. Қазақтың ұлы жазушысы да болды, прозаигы болды, ұлы тарихшысы да болды, жыршысы, публицисті, журналисті, академигі…
Бәрі болды.
Өте еңбекқор адам болатын. Сол еңбегінің өтеуі ретінде қазақ билігі оны ескеріп оны дұрыстап бағалау керек еді.
Оның «Бес ғасыр жырлайды» деген қазына еңбегінің өзі Мағауинге тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары наградасын алып беруші еді.
Алайда біздің Бабель мен Гегельді оқығыш билік Мағауинды ескермеді.
Ал міне жәдігөймен жантықтар құтырған қалмақтың жүйесі келмеске кетті дегенде Мұхаңның үміті қайта жанып, наградаға Тұрысбек Сәукетай деген азаматты ұсынғанда өзінің де бар екендігін білдіріп жөткірінген еді, оны тағы біреу түсініп ешкім керек қылмады.
Мен түсініп отырмын осы жазбаның астына қазір небір қырттар шығып «Мағауинге ондай атақ, даңқ, ескеру қажет емес» деуі мүмкін, олар — қырттар.
Өздері Мағауиннің бір абзацын да жаза алмайтын адамдар болғасын солай айта береді.
Мағауин өте дарынды, сұмдық ізденімпаз, өте білімді тарихшы, оның тарихи бір абзацында он шақты оқылған кітап болуы мүмкін. Ал ондай еңбек ескерілу керек.
Ол кісі жоғары дәрежеде ескеріліп бағалану керек еді, шыны керек билігі де халқы да оған аса құлықты бола қоймады.
«Көзінің тірісінде осы Мұхаңды ескерелік, өлгенін күтіп жүрсіңдер ме еу ағайын» деп мен біраз жазған едім, оған халқы жаппай үн қосып, билігі ескермесе зиялысы, байшікештері елге шақырып ақбоз атын мінгізіп, шапанын жауып, сыйлыққа ұсынып дегендей….
Қайда әлгі Назарбаевқа «орыс тілін мемлекеттік тіл қылыңыз» деп хат жазып жүрген қазақ (қазақтың ба?) меценаттары, ұлттық буржуазиясы?
Бүгінгі күңіреніп жатқандардың жартысының жартысы сол кезде үн қатқанда шіркін…..
Қысқасы, өзіне билік, қоғам тарапынан осындай ыстық ықылас, лайықты баға болмағасын ұлы Мұхаң, балаларына «сүйегімді осында қоя беріңдер» деген болу керек.
Сонысы дұрыс сияқты..
Олжас ӘБІЛ, саясаттанушы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.