Кітап бетін ашпайтын ата-ана баласына да, өзіне де абай болсыншы…

0
47

Менің мүлде өзге салада еңбек етіп жүрген таныстарым көп. Олардың әдебиетті, рас, аса әспеттей бермейтіні де бар. Білетіні – Абай, Әуезов, Жамбыл, Мұқағали (байқаймын, төртеуін де тек еміс-еміс естіген, бүгінде жұрттың аузында сөз тұра ма)…

Сізде де осындай таныс – мың….

Мұны мен еш айып санап отырған жоқпын.

Әркім өз саласын білсін, рақмет! Әманда аман жүріңіздер!

Дегенмен…

Өзі еш бейхабар салаға аса араласпай-ақ қойсын да солар!

Бізде кітап оқуды өткен ғасырда қойып кеткен адамдар бар. Солардың біразы қазір жастарға ұстаз боп та жүр деп естиміз…

Соңғы рет кітап бетін өзі мектеп бітірген жылдың 24 майы күні ашқан – онда да (биология болса керек) ішінде бірдеңе қап кетпеді ме екен деп, кітапханаға өткізуі керек тә! – жандар да аз емес.

Ең қорқыныштысы – солар бүгін ата-ана.

Баласы «көке, апа, Әбіш Кекілбайдың (немесе Оралхан Бөкейдің) мына сөзі нені білдіреді?» деп сұраса, сол байғұстар не дейді?

«Интернеттен қара» дейді.

Өйткені өзі оқымаған.

Ал интернет – білім бұлағы ма еді? Ол жерде былжырақтың бәрі жүр ғой…

Амал жоқ, әлгі Өгізбай (немесе Танагүл) интернет деген әлемге кіреді де, шыға алмай миы ашып отырады.

Қазір тіпті әке-шешесінен сұрай салуға да болатын нәрсенің жауабын әлеуметтік желіден іздейтін болды балалар.

Өйткені әке-шешесі түк білмейді.

Ал солар – әдеби кітаптың бетін ақырғы рет қашан ашқанын ұмытып үлгергендер – неге екенін қайдам, Жазушылар одағы, ақындар, жазушылар туралы жазба шыға қалса, сайрайды ғой! Ит терісін басына қаптайды!

Кімді балағаттап жатқандарын өздері де білмейді! Оқымаған! Әйтеуір ақыры біреу біреуді сабап жатыр ма – қосыла теуіп қалу, түрте кету, бір жұдырық сілтей салу! «Ойбай, Жазушылар одағын жабу керек! Пәленбайдың басын алу керек! Түгенбайдың түгі қалмасын! Ұр! Теп!».

Мен сөзімнің басын өзге салалардың адамдары туралы айтып бастадым ғой. Оқитыны бар, оқымайтыны бар, әңгіме онда емес. Өз саласының майталманы болсын!

Бірақ біз «сен неге ана гайканы дұрыс бұрамадың?», «сіз, кешіріңіз, мына жерде инфузория-туфелька мен амебаны шатастырып алыпсыз», «Фрегенің пікірінше, мына математикалық шешіміңіз дұрыс емес-ау» деп араласамыз ба? Жұмысымыз жоқ қой тіпті!

Сондықтан өздеріңіз оқымайтын (и оқымаған да!), балаларыңызға да оқытпай жүрген (әзірге деп үміттене тұрайық) КІТАП туралы, оны жазатын АҚЫН-ЖАЗУШЫ туралы әңгімелерге абайлап аралассаңыздар деп өтініш айтуға бола ма?

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.