Барлық шындық айтылып, құпия құжаттар ашылуға тиіс
Ылғи екіұдай сезімнің арасында жүреміз. Айту керек пе? Айтпау керек пе? Біреулер – «Ұлт алдындағы қылмыс әшкере болу керек!» деп ышқынады. Енді бірі – «Олардың бәрі қазақты сүйді, кемшілігін айтқаннан не пайда?» деп сабырлы кейіпке енеді.
Осы дилеммаға қай уақытта тап болдық екен. Әйтеуір біреудің сатқындығын, біреудің аярлығын, бірінің қорқақтығын сөз еткен сайын қазақ қоғамы соны алғаш естіп тұрғандай жаңалық ашып жатады. Тағы таңырқап, тағы тосырқап қабылдайды.
Бізде жабық тақырыптар бар. Оны ашық айтуға әсте болмайды. Бірақ ошақ басында пыш-пыштауға рұқсат. Сыбырлап, сыр ғып айтуға болады. Тек айғайламасаң болды. Егер сол «сырды» дауыстап айтып қойсаң, қалың жұрт тағы шу ете қалады. «Өлгеннің артынан жаман айтуға болмайды! Тек!» Олай қарасаңыз – кешегі Шығайбай мен Қарабай да өлген адам.
Дегенмен бұл біздің ділімізде бар ұстаным болса керек. Тек қана өлген адамның емес, тірі адамның да артынан жаман сөз айтуға болмайды.
Бірақ біз осының тірісін алып, өлгенін қалдырдық. Және жаман сөз айтуға болмайдыны – қылмысын ашуға болмайдымен алмастырып алдық.
Өте ыңғайлы жол. Кешегі сатқынның ұрпағы бүгін бастық болуы мүмкін. Атасының әрекетін айтсаңыз, ренжиді. Айта да алмайсыз. Сондықтан «жас ұрпаққа оның керегі қанша?» деп тоқтаймыз.
Расымен, осы тарихымызда қанша тұлға бар. Солардың әрқайсының артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Соны айту керек пе? Кемшілік жамандық емес. Жеке басының да кемшілігі емес, қызметінің, әрекетінің кемшілігі. Енді алдыңғы ұрпақтың айыбын айтқанда, кемшілігін білгенде не тұр?
Ең бірінші сол «жамандықты жасырып, жақсылықты асырып» сөйлейтін ұлттық мінезімізге жат. Бұл жерде діни көзқарастың да ықпалы зор. «Сен бір мұсылманның күнәсін жасырсаң, сенің де күнәң жасырылады». Осы принципті негіз етіп алғанда, бұрын өткен бір адамның ұлт алдындағы айыбын ашу, жалпы азаматтық келбетіне нұқсан келетін детальды айту – мұсылмандық, қазақшылық болып есептелмеген болса керек.
Екіншіден, біздің ұлттың жан дүниесі тарихи реабилитациядан әлі де өткен жоқ. Бір фобия бар. Біреудің кемшілігін айтудан қорқамыз. Неге қорқамыз? Бұның тарихи, әлеуметтік себебі бар.
Біз 1937 жылдың қырғынын, сатқындығын, айдауын – бәрін көрдік. Солардың бәрі біреуді кінәлаумен, күйе жағумен, сатумен жүзеге асқан.
Егер біреудің айыбын айтсақ, ол біздің тұтас трагедиямызды еске салады. Жеке адамның кемшілігі ғана емес, ұлттың шеккен зардабы, тартқан азабы сөз болады.
Бұл ұлтқа психологиялық тұрғыда өте ауыр. Сол үшін өткенді ұмытуға тырысамыз. Айтпаймыз, айтқызбаймыз. Егер біреу айта қалатын болса, өз еркімен айтпайды. Айтқызады.
1960 жылдары әдебиетімізге үлкен буын келді. Өжет, өр. Бұлар алдыңғы буынның кемшілігін, айыбын көбірек айтты. Себебі «қиянат көрдік» деді.
Бұлардың алдындағы толқын репрессиядан аман шыққан, әртүрлі партиялық қызметтерді атқарған, ұйым басқарған адамдар еді. Бұл көп ешкімге ұнаған жоқ. Сосын біраз уақыт тыйылды.
Біздің әдебиетімізде Жарасқан Әбдірәш деген талантты ақын болды. Ғажап поэмаларын, балладаларын, өткір сынын, лирикалық әйбат өлеңдерін айтпағанның күннің өзінде, эпиграмма жанрын үлкен деңгейге жеткізіп кетті. Осы жанр қазір ақсап қалды. Оның себебі – шындықты өте ауыр қабылдаймыз. Қарым-қатынас бұзылады. Жеккөрінішті боласың. Ал бар нәрсені бар күйінде қабылдап үйренсек, бәрі де басқаша болар ма еді.
Сексенінші жылдары тарихи ақтаңдақтарды ашу деген ұранмен біраз материалдар архивтен шықты. Тарихшылар, ғалымдар зерттеді. Тұрсынбек Кәкішев, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай сияқты ағаларымыз шындыққа бәрінен бұрын жетті.
Бірақ олардың да алдында таңдау тұрды. Қайсысын айту керек? Қайсысын айтпау керек?
Тіпті айтқысы келсе де – айта алмай қалған шындықтар да бар. Естіген әңгімем: Бұрын Әуезов Семейге барып, Қайым Мұхамедхановтың үйіне түсіп, қаланы аралап қайтады екен. Артынан іле Әбділда Тәжібаев барады. «Әуезов қайда барды, мені де сонда апар», – дейді. Әрине, алып жүреді.
Полковник аралына барғанда, бір өлген мысықтың денесі жатыр екен. Соны бір шұңқырға теуіп көміп: «Кезінде алашордалықтарды да осылай көмгенбіз», – депті Тәжібаев.
Көп кейін, сол сексенінші жылдары Қайымның шәкірті Тұрсын Жұртбай архивті қопара қарап жатады. Бір папкіге тап болады. Өте қызық құжаттар. Кеш батып, жұмыс уақыты аяқталып жатқан соң, ертең қарармын деп, бір қолайлы жерге қойып кетеді. Кейін үйге жеткенде (мүмкін басқа бір ыңғайда) Әбділда Тәжібаев телефон соғады. Шахмат ойнауға шақырады. Жасы үлкен адам қолқа салған соң, архивке ерте баруды сәл шегере тұрып, екеуі шахмат ойнайды. Бірінші партияда Тұрсын Жұртбай әдейі жеңіледі. Екінші партияда шынымен ұтылып қалады.
– Осы сен кімге сеніп жүрсің? – деп Тәжібаев күле қарайды. Сәл қатуланған ғалым:
– Қайымға сенем… Мен мысық туралы оқиғаны білемін, – деп жауап береді. Сонда Тәжібаевтың өңі бұзылып кетіпті.
Ойын аяқталып, архивке қарай, кешегі тапқан папкісіне асығып Тұрсын Жұртбай кетеді. Бірақ папка қойған жерінде болмай шығады.
Оның себебі архив пен Әбділда Тәжібаевтың, мүмкін КГБ-ның әлі де байланысы үзілмегендігі.
Оның үстіне зерттеушіні әдейі шахмат ойнауға шақырып, уақытын ұрлаған Тәжібаевтың тактикасы бар.
Солай табылмаған, ашылмаған папка жалғыз сол ғана деп ойлайсыз ба? Жоқ! Әлі қаншама шындық ашылған жоқ.
Біз ұлт ретінде сол ашылар шындықтарға дайын болуымыз керек. Тіпті ғалымдар кей ақиқатты әдейі жасырып та отыруы мүмкін ғой. Себебі – мен айтсам, ол да айтады деген қорқыныш. Кейде рулық деңгейде ойлап, әркім өз руынан шыққан тұлғаларды қорғаштап, қырықпышақ болады. Өйтудің де қажеті жоқ. Тарихтан өз орнын, өз бағасын алған тұлғаларға біздің ендігі берер бағамыздың қажеті жоқ.
Егер тұлғаларға қатысты бар шындық ашылса, онда тағы сол «Осының керегі қанша?» деп отырамыз ба? Біздіңше, айту керек.
«Ұлт алдындағы азаматтық парызын толық өтеді ме деген сауал үнемі тұлғаларға қатысты қойылады. Ол мәңгілік сұрақ.
Осы сияқты ұлт алдында жасалған сатқындықтар, кемшіліктер де ешқашан ұмытылмайды. Бұл тарихтың сабағы. Оны осы күнгі атқамінерлер де естен шығармауға тиіс.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, жазушы.
Фото интернеттен.