Алматыдағы мистикалық мекен: Түнде сәбидің жылаған даусы шығады

0
97

Ғасырлық тарихы бар Алматы қаласының көп ғимараты түрлі оқиғаның куәгері. Олардың кейбірі уақыт сынына төтеп бере алмай қазір қаңырап бос тұр. Сондай нысандардың бірі — Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған госпиталь.

Бір кездері майдангерлерге қызмет еткен емдеу мекемесі бүгінде тозған, қараусыз күйде тұр. Байырғы тұрғындардың сөзінше, ғимаратта түрлі мистикалық жағдайлар да жиі болып тұрады. Мassaget.kz тілшісі тастанды тарихи ғимаратпен танысып қайтты.

Тарихтан тамшыдай

Госпиталь — 1967 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін емдеу және оңалту үшін ашылған болатын. Кейін онда Ауғанстан соғысына қатысқандар, Чернобыльдегі АЭС апатын жоюшылар, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандары да емдік шаралар қабылдады.

Жыл сайын онда бес жүзден астам ардагер денсаулығын жақсартатын. 2010 жылы ғимарат апатты деп танылып, жабылып қалды.

Бастапқыда қайта қалпына келтіруге уәде берілген ғимарат әлі күнге дейін қаңыраған күйінде тұр. Бірнеше жылдан бері тонаушылар госпитальдің жарамды жабдықтарын алып кетіп, вандалдар қабырғаларды бояп, кей кәсіпкерлер атыс ойындарын ұйымдастыратын алаңға айналдырған.

Үш қабатты ғимараттың қаңқасы қаз-қалпында тұр. Алғашында 26 гектар аумақты құраған нысанның қазір 11-і ғана қалған. Аймаққа көз жүгірткен жан аурухананың терезелері мен палата балкондарына қарап, өткен ғасырдың көріністерін елестетеді. Фотографпен бірге ғимаратты аралауды жоғарғы қабаттан бастадық.

Өткеннің жаңғырығы

Госпиталь Алматының тау жақ аймағында орналасқандықтан, шатырынан күн тіреген тауды, түтін тұмшалаған қаланы, көкжиекпен таласқан Көктөбені көруге болады.

Госпитальдің шатырын қар жамылып жатыр. Шұңқырлар мен сүріліп кеткен қабырғалары қар құрсауынан мүлдем көрінбейді. Қанша қауіпті болса да, тастанды ғимараттың әр бұрышын көруге асығып жүріп, вандалдар сызып кеткен бірнеше карикатуралық кескіндерді де байқадық.

 

 

 

 

 

 

1999 жылы сол кездегі қала әкімі Виктор Храпунов госпиталь аумағындағы жердің бір бөлігін «Ардагерлер» бағбандар қоғамына берген болатын. Қазір қаңырап қалған нысан күзет қарауында. Күзетшінің сөзінше, жастар қызық қуып, тастанды ғимаратты аралауға жиі келеді. Кейбірі аймақтағы ағаштарды кесіп алып кетеді екен. Десе де, қазір ғимараттың жан-жағында элиталық коттедждер, үйлер бой көтеріп жатыр.

Госпиталь нысаны 2018 жылы толығымен сүріліп, қайта жөндеуден өтуі керек еді. Бұған республикалық бюджеттен 146 миллион теңге бөлінген. Тендерді жеңіп алған жобалаушы жұмысты 2020 жылдың мамыр айында аяқтауы керек еді. Жұмыс нәтижесіз болды.

2021 жылы жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік бюджеттен тағы да 128 миллион теңге бөлінген еді. Алайда 4 жыл өтсе де ғимараттың жаңа құрылысын әлі көрмедік.

«Жастар келіп түнде жасырынбақ ойнайды»

Жоғарыда айтқанымыздай, қазір госпиталь түрлі мақсатта пайдаланылады. Қызық қуған жастар келіп жасырынбақ ойнаса, кей киногерлер ғимараттың бөлмелерін кино локация ретінде пайдаланады. Оны жүргізілген тоқ сымдарынан байқауға болады.

Госпитальдің түнгі көрінісі тіптен қорқынышты әрі қауіпті. Қабырғалардың көбі қирап, палаталардың құр сүлдесі ғана қалған. Қараңғы кезде қай жерден сүрініп кететініңді болжап білу мүмкін емес. Аса сақ болмасаң, мына лифтінің есігінен төменге қарай құлдилап кетуің де мүмкін.

Баспалдақтарды да байқап баспасаң болмайды. Үш қабатты аурухана баспалдақтарының темір жақтауларын бұзақылар ұрлап әкеткен. Әр қабатында қиранды заттар шашылып жатыр. Кей жерлерден аяқ алып жүру мүмкін емес.

Мистикаға толы мекен

Госпиталь туралы қала тұрғындары арасында түрлі мистикалық аңыздар айтылады. Талай жылдан бері тастандыға айналған аймақта түрлі елестер мекендеп, қорқынышты жайттар жиі болып тұрады деседі.

Күзетші аға өзінің басынан бірнеше оқиғаны баяндап берді.

«Мен мына жерді күзетіп жүргеніме 2,5 жылдай уақыт болды. Күн ара келіп, тыныштықты бақылап отырамын. Басында бұл жерде мистикаға жақын оқиғалар болып тұратынын білмедім. Бір күні түнде ұйықтайын деп жатсам, кішкентай сәбидің жылаған дауысы естілді. Күркемнен шығып, қолшамыммен айналамды көзбен бір шолып өттім. Адамдар жүрген болар деп мән бермейін десем, ешкім жоқ. Кенет әлгі дауыс тағы жақыннан үдей түсті. Артынан жүріп, не екенін білгім келді. Мен қуған сайын алыстай берді. Сәбидің жылаған дауысы азаяр емес. 15 минуттай уақыт жүре беріппін. Бір қарасам, өзім отыратын күркемнен алыстап кетіппін. Жан-жағыма қарасам, зиратқа жетіп қалыппын. Есімді жинадым да, кәлимамды айтып, дереу орныма қайттым», — дейді күзетші ағай.

Күзетші кейін әріптесінен бұл жердегі қорқынышты жағдайлардың үйреншікті нәрсе екенін ұғып, сабырға келген.

Қызыл көзді ешкілердің оқиғасы

Күзетші ағай тағы бір оқиғаны әңгімелеп берді.

«Былтыр жазда түннің ортасында бір топ қазақ жігіттер келді. «Ағай, мына жерді жай аралап көргіміз келіп еді, кірейікші» деп өтінген соң рұқсат бердім. Шамамен сағат 2-ден өте бұлар қайтуға бекінген көрінеді, күркеме қарай келе жатыр екен. Бастарында шамы бар, түрлері сұсты болып кеткен. «Қайттыңдар ма?» деп едім, «ағай, ішінде 4 ешкі жүр ғой, байлап қоймайсыздар ма» деп шүйлікті. «Қайдағы ешкі» деп таңырқадым. Бұл жақта ешкі түгілі, мал атаулының кіре алмайтынын айттым. Олар сөздеріне сендіріп, «ағай, біз екі қап-қара, екі қоңыр, көзі қып-қызыл ешкіні көрдік. Олар ішінде бізге қарады да, ары қарай кетіп қалды, сеніңізші» деп айғай салды. Мен оларды қорқытқым келмей, тыныш үйлеріңе қайтыңдар дестім. Бірақ оның не екенін іштей біліп тұрдым», — деді ол.

Күзетші келушілердің саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ дейді. Дені — жастар. Арасында қорқынышты күдік туғызатын адамдар да болатынын айтты.

«Былтыр бір жігіт күнде келетін. Амандасып, осы маңда тұратынын айтып, өтіп кететін. Кезекті күні келіп, шлагбаумнан кері қайтпады. Не болды деп аймақты түгел қарап шықтым. Шынымды айтсам, менің өзіме түнде бару қорқынышты. Жанымды шүберекке түйіп, әлгі жігітті іздедім. Үлкен ғимарат қой. Қай бұрышынан табамын деп, кері қайттым. Екі күннен кейін полицейлер келіп, әлгі жігітті сұрады. Мен екі күн бұрын осы жаққа қарай өткенін, қайтып оралмағанын айттым. Бір топ полицейлер ғимаратты тінтуге көшті. Жарты сағаттан кейін әлгі жігіттің денесін тауып алды. Ол асылып қалған екен. Жанымдағы әріптесімнен сұрасам, оның да кезекшілігінде күнде келіп жүрген екен. Бәлкім, оны осы нәрсеге тылсым нәрсе шақырған болуы керек деп топшыладым», — деп әңгімесін айтты күзетші.

Тылсымға толы тастанды ғимараттың келешегі не болары белгісіз. Жыл сайын қайталанатын сценарийге сүйенсек, құжат жүзінде құрылысы жүріп, іс жүзінде күйі бұзылмай әлі тұрары анық. Күзетші ағай да, біз де, сан жылғы тарихы бар нысанның өткен-кеткеннің табаны тиетін маңызсыз мекенге айналғанына қынжылған күйде қайттық.