Еліміздің қай аймағында бойдақтар көп?

0
62

Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы ел азаматтарының неше жасында отбасын құрып жатқаны жайлы статистика ұсынды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ел жастары неше жаста үйленгенді құп көреді?

Статистикаға сенсек, еліміздегі қыз-жігіттер 30-ға жақындағанада бір-ақ отбасын құрып жатыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда қазақстандық жігіттер 25-29 жас аралығында ең көп некелескен.

«2022 жылы — 41 207 жігіт, 2023 жылы — 36 882 жігіт отбасын құрған. Оның ішінде 2022 жылы — 38 038 жігіт, 2023 жылы — 33 824 жігіт алғаш рет некеге тұрған. Ал 2022-де 39, 2023 жылы — 41 ер адам әйелінен айырылып, екінші рет некелескен. 2022 жылы — 3095, 2023 жылы — 2982 ер адам ажырасып, қайта үйленген» делінген деректе.

Еліміздегі қыздардың ең көп тұрмыс құратын орташа жасы 20-24 жас. Бұған Ұлттық статистикалық бюро ұсынған дерек дәлел. «Отырған қыз орнын табады» деген мақалға сүйенетіндер қыздар да аз емес.

«Соңғы үш жылда жалпы алғанда 20-24 жас аралығындағы 97 774 қыз тұрмыс құрған. Оның ішінде 94 439-ы алғаш рет қалыңдық атанғандар. Ал 72-сі жесір қалып, қайта некелескендер. Сондай-ақ 3171 әйел ажырасып, қайта өз бақытын тапқандар» деген сандар көрсетілген деректе.

Қай аймақтың жастары үйленуге асықпайды?

2023 жылғы статистикамен есептесек елімізде бірінші некеге тұрған жігіттердің орташа жасы — 27,8 құрайды. Ең кеш үйленетін жігіттер Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан.

«2023 жылғы дерекке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының жігіттері орташа алғанда 29,1 жасында шаңырақ көтереді. Одан кейін, Шығыс Қазақстан — 29,0, Алматы қаласы — 28,8 жастары көшті жалғайды. Өзге аймақтармен салыстырғанда Маңғыстау облысының жігіттері ерте үйленетін жастар қатарына жатады (Маңғыстау — 26,1 орташа жас)» делінген деректе.

Ал қыздардың орташа жасы бұдан да ерте. 2023 жылғы дерекпен алсақ, қазақстандық арулардың тұрмыс құратын орташа жасы — 25,2 құрайды.

«Солтүстік Қазақстан облысының қыздары орташа алғанда — 26,6 жасында отбасын құрады. Одан кейін тізімді Павлодар — 26,5, Шығыс Қазақстан облыстары — 26,4 жастары жалғайды. Ал Түркістан облысының қыздары (орташа жас — 22,9) ерте тұрмыс құратындарға жататыны белгілі болды» делінген ақпаратта.