«Бәрінің күші тек мұғалімге жете ме?» деген белсенді ұстаз режиссерге жауап берді
Режиссер Еркін Рақышевтің «Мұғалімді сотқа беремін!» атты сөзіне қатысты көптеген мұғалім ренішін білдіруде деп жазады Democrat.kz.
«Мектеп бітірген оқушылар қазақша білмейді» деген режиссер «мұғалімдерді сотқа берем» деген еді. Осыған байланысты белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі:
«Еркін Рақышев ағай?!
Мен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде айтайын. 2020-2023 жылдары қазақ мектебінің ауыр халін айтып дабыл қақтым.
Талғар қаласындағы #25 мектепті қазақ мектебіне бермей, аралас ашу үшін дөкейлер қолынан келгенін істеп, ақыры аралас тілді мектеп ашты.
Қазақ мектебінің мүддесін ешкім қорғаған жоқ. Қоғамдағы біраз журналистер мен қазақ тілі қоғамындағы бірлі жарым ағалар араласты.
Бірақ шамалары келмеді. Бұл іс-әрекеттен не түсінесіз?!
Екіншіден, ұмытпасам сізден де, көмек сұрағанмын. Сол кезде қайда болдыңыз?! Қазақ тілі үшін ешқандай қиындықтан, ешкімнің құқайынан қорыққан емеспіз. Бәрінің шамасы мұғалімге жете ме?!
Үшіншіден, аралас тілді мектептердің, қазақ тілі пәні үшін қандай талаптар бар?! Соны анықтап алыңыз.
Оқу-оқыту бағдарламасын зерттемей жатып, мұғалімдерді сотқа беремін деп, ашуға мінгеніңізге таң қалып отырмын. Біз қазақ тілі үшін талай құрбандыққа барғанбыз.
Қазақша рухты видео көрсеткен мұғалімді, ұлтараздық тудырды деп ата-аналар жұмыстан шығартқан жағдайлар болды.
Сол кезде, ол мұғалімді тағы да мұғалімдер қорғап алдық. Сіз қай мұғалімдерді айтып отырсыз?!
Қазақстан қоғамының “ Қазақ тілді қоғам”құра алмағанына мұғалім кінәлі ме?! Кім кінәлі?!» деп жазды әлеуметтік парақшасында.
Фото көрнекілік үшін.