Жұрт TESLA-дан жаппай бас тарта бастады

0
160

Интернеттегі тегін хабарландырулар платформалары тиісті жарнамаға толды.

Мысалы, бастапқы жиынтықта 22 миллион теңгеден басталатын «Tesla Model Y-дің» 4 жыл бұрын шығарылған көлігін иелері 10-12 миллионға, 2022 жылғысын – 14-15 миллион теңгеге беруге дайын.

Ал, жаңасының құны 70 миллион теңгедей болатын Tesla Model X маркасын 30 миллионнан да табуға болады.

«Темір тұлпар» қожайындары оның пайдалануда тым қымбатқа түсетініне, қосымша бөлшектерінің жетіспейтініне, ұзақ күтуге тура келетініне шағымданады. Оның үстіне қысы үскірік аязымен, қардың қалың жаюымен ерекшеленетін Қазақстанда электромобильді қолдану тиімсіз болып тұр.

Ал, поляктар Tesla-ға бойкот жариялаудың басқа бір себебін тауып алды. Польша саясаткерлері мен қоғам белсенділері «ақылы бар бірде бір поляк енді Tesla-ны сатып алмауға тиіс!» деп жатыр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Бұл бойкот Польшаның Tesla электрокарларының саудасын арттыруға бағытталған жаңа үкіметтік жоспарына қайшы келіп, тосқауыл болғалы тұр.

Польшаның Спорт министрі Славомир Нитрас та «төл-тыйым» мен наразылыққа қосылып, поляктарды Tesla автомобильдерін сатып алмауға шақырды. Шенеуніктің пікірінше, осы компания қожайынының жаңа мәлімдемесі кезіндегі нацистік Германияның Екінші дүниежүзілік соғыстағы адамшошырлық қылмыстарын жуып-шаюға бағытталған.

Айта кету керек, осының алдында Илон Маск ГФР-дегі «Германияға арналған балама» ультраоңшыл партиясының саяси митингінде бейнебайланыс көмегімен қосылып, есіле сөз сөйлеген болатын.

Таяуда Америкада «зига» жасап, әлемді шулатқан миллиардер Илон Маск ультраоңшылдардың жиынында немістерге «өткен үшін өкініп, өзін-өзі айыптай беруге енді тым көп уақыт шығындауды қоюға» кеңес берді.

Германиялық ақпарат құралдары ГФР-дің барлық мектептері мен жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасына сәйкес, жас ұрпаққа фашистердің төбе шашты тік тұрғызатын әскери қылмыстары туралы көп айтылатынын қаперге салды.

Бұл сол зұлмат заман қайталанбауы, Германияның халқы өз кінәсі мен жауапкершілігін нақты түсінуі және бейбіт жолдан енді айнымауы үшін жасалады екен.

Маск немістерді бұдан арылуға үндеп отырғандай.

«Балалар арғы ата-бабаларының да, тіпті өз ата-аналарының да күнәлары үшін жауапкершілік арқаламауға тиіс!», – деп шорт кесті сөзіне еш дәлел келтірмеген Илон Маск.

Бұл үндеу Германия қоғамында үлкен резонанс тудырды. Халық өзін-өзі ұзақ күстәналаудан қажыса керек, қоғамның үлкен бөлігі Маскты қолдады. Ал, ел басшылығы қарсы мәлімдеме жасады. Мысалы, канцлер Олаф Шольц бастаған социал-демократтар және елдің ірі кәсіподақтары миллиардердің сұрқай ісін қатты сынады.

Масктің мәлімдемесі әсіресе Польша тұрғындарын теңселтті. Өйткені Гитлер кезінде бұл елді мүлдем жоқ қылуға ниеттенді, қан-қасап қырғын салды. Сондықтан әлемдік лидерлер Аушвиц концлагері тұтқындарының босатылуының 90 жылдығын Израильде емес, ең қатты зардап шеккен Польшада атап өткен болатын.

Тарихтан белгілі, 1939 жылы неміс фашистері басып кіргеннен кейін олар шамамен 6 миллион полякты қырып салған. Сонымен қатар, мұндай үндеудің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығында жариялануы да жаһан жұртшылығының бір бөлігін тіксінтті.

«Бәлкім, Маск мырза миллиардтарының буымен адамзатқа төнген қатерді түсінбейтін болар?! Бірақ Еуропаның орталығында өмір сүретін кез келген ақыл-есі түзу адам осыдан 80 жыл бұрын мұнда не қырғын болғанын жақсы түсінеді, жадынан өшірген жоқ. Ендеше тарихтың бұл бөлігіне бей-жай қарай алмайды. Бұған жауап ретінде айтарым, бұдан былай бірде бір есі сау поляк Tesla-ны сатып алмауға тиіс», – деді Польшаның министрі Славомир Нитрас.

Bloomberg поляктардың бойкоты Польшадағы электромобильдерді сатып алуды ынталандыратын жаңа үкіметтік жоспармен тұспа-тұс келгеніне назар аудартады. Бұл бағдарлама тікелей Tesla-ға тиімді еді.

Үкіметтің бағдарламасы бойынша электрокарды сатып алған поляктарға 40 мың злотый (9 958 доллар немесе Ұлттық банк бағамы бойынша 5,2 миллион теңге) қайтарымсыз дотация ақша беріледі.

Енді бағдарламаға қатысушы поляктар Тесланың бәсекелестерін таңдауы мүмкін. Осылайша, қызыл тіліне ие бола алмаған Илон Маск өз компаниясына залал келтірді.

«Samar зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Tesla Польшадағы ең танымал электромобиль брендіне айналған еді. Америкалық компания бұл елде бір жылда 4 400-ден астам автомобилін сата алды. Компания қазіргі кезде Польшада 5 автосалоны мен 15 қуаттандырушы станцияларын іске қосып үлгерді», – деп жазады Bloomberg.

Ұлыбритания Tesla Cybertruck көлігін заңсыз деп таныды. Қазіргі кезде құзырлы органдар көшеге шыққан Tesla Cybertruck-тарды тәркілеп, иелерінен тартып алып жатыр.

Электрокарлар тақырыбына маманданған Electrek порталының түсіндіруінше, америкалық электрлі пикап Ұлыбритания Корольдігінде пайдалануға рұқсат ала алмады. Сондықтан британдық полиция бұл көлікті иелерінен алып қоюға кірісті.

Басылым мысалы, Манчестер полициясының Tesla Cybertruck импорттық электрокарларын «заңсыз эксплуатациялануда» деген себеппен тәркілеп жатқанына назар аудартты.

Құқық қорғау органдары бұл электромобильдің Британияның жалпы пайдаланымдағы жолдарында қолдануға рұқсаты жоқтығын ескерткен. Демек, адам оны өз ауласында экспонат қып ұстағысы келсе, немесе төл қожалығындағы жер аумағында (имение) қолданғысы келсе, мейлі, өз еркі. Ал, егер өзге көліктер жүйткіген жолға шықса, тәркіленеді.

Electrek қатаң талаптар Еуропаның өзге де елдерінде барын еске салды.

Айтқандай, Қазақстанда да жалпы пайдаланымдағы жолдарда Cybertruck пикапын пайдалануға әзірге рұқсат жоқ.

«Өйткені рұқсат ету үшін ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізілуі, автомобильдің бұл түрін сертификаттау рәсімі жолға қойылуға тиіс. Білуімізше, жауапты құрылымдар да, Парламент те дәл қазір Тесла үшін ондай заңнамалық түзетулерге бастамашы болуды жоспарлап отырған жоқ. Cybertruck қазақстандық көшелерге шыға алуы үшін Масктың Tesla компаниясы бұл көлігінің жаяу жүргіншілерге және жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп-қатер төндірмейтінін растап, қауіпсіздік сертификатын алуға тиіс», – деп түсіндірді елордалық автосалон менеджері Ерсұлтан Сәдуов.

Ондай құжаты болмағандықтан, қауіпсіздігі толық дәлелденбегендіктен «Cybertruck» Қазақстандағы жолдарға шыға алмайды. Сарапшының айтуынша, бүгінде Tesla-ның өзі «Cybertruck» пикапын ресми түрде Қазақстанға жеткізбейді. Бірақ оны сұрап келетін клиенттер кездеседі екен.