Мектеп директорының есігі әрқашан ашық болуға тиіс

0
529

Мектепте директор болып жүргенде министрліктің кейбір әрекеттерін түсінбейтінмін. Мектепішілік бақылау, сабақ кестесі, тәрбиелік шаралардың жоспары, т.б. сұрақтармен айналысып кететін еді ғой.

Кейін өзім сол министрлікке барғанда түсіндім.

Министрлік білім беру саясатымен айналысуы тиіс болса да, олар мектептің директорының, директордың орынбасарының лауазымдық міндеттеріндегі шаралармен айналысуға көп жағдайда мәжбүрліктен барады екен ғой.

Министрлікке келетін, әлеуметтік желіде көтерілетін шағымдар мен сұрақтар тиісті деңгейде тыңдалмай жатады, тыңдалса да әділ шешім болмай жатады.

Ұлытау облысының білім басқармасына келгелі де анда-санда осындай жағдайларға тап болып жатырмын, өкінішке орай…

Оқушы үнін тыңдау, оның проблемасын тыңдау, сараптап, елеп-екшеп тиімді шешім қабылдау — директордың “наны” дер едім.

Себебі, МЕКТЕПТІҢ ИЕСІ — ОҚУШЫ! Барлық ресурс (уақыт, бюджет, маман, ми) ОҚУШЫҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА қалыптастыруға жұмсалуы тиіс!

Сондай-ақ, сол оқушыға қолайлы орта жасайтын педагогтер мен жұмыскерлердің сұрақтарын, мәселелерін тыңдау да маңызды.

Олардың көпшілік ортада (педкеңес, семинар, т.б.) айта алмайтын ойлары, ұсыныстары, тіпті ұжымдық қарым-қатынасқа қатысты пікірлері, жеке мәселелері болуы мүмкін.

Сынып жетекшісі әр баланың оқуынан басқа психологиялық-эмоционалдық жағдайын назарда ұстауы тиіс болса, басшы (орынбасарлары) да ұжымдағы әрбір адамның еңбек өнімділігіне әсер ететін жағдайларды (оның ішінде психо-эмоционалдық та бар) назарда ұстап, ҰЖЫМДЫҚ ҚОЛАЙЛЫ АТМОСФЕРА қалыптастыруға міндетті.

Менің білетінім, мұғалімнің психо-эмоционалдық ресурсы оның педагогикалық біліктілігімен тең дәрежеде маңызды.

Мұғалімнің күйзелісі, агрессиясы сабақта да өзінің жағымсыз әсерін қалдырады.

Ендеше, қызметкердің үні де басшының құлағына, құлағы арқылы түйсігіне жетуі тиіс.

Біздің басты тапсырыс берушіміз ретінде ата-аналармен құрылған коммуникацияның маңыздылығын мен айтпасам да түсінесіздер деп ойлаймын.

Маған жазатын, менімен сөйлескен оқушылар арқылы кейбір мектеп басшыларының оқушыға қолжетімсіз екенін білдім.

Бірқатар мектеп қызметкерлерінің жеке проблемаларын тыңдағанда, тағы да кейбір ұжым басшысыларына ренжідім.

Ата-ана шұғыл сұрақпен барғанда, “директордың қабылдау уақыты бейсенбі күні сағат алтыда” деген де жауап болған.

МЕКТЕП БАСҚАРУШЫСЫН БАҒАЛАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШТЕРІ (жазбада қарастырылған мәселелерге қатыстысын ғана жазайын):

Мектепішілік тиімді коммуникацияның қалыптасуы;

Талдаушы және түзетуші менеджмент;

Конструктивті менеджмент;

Балаға қолайлы мектеп құруы.

Содан Аятжан Ахметжанұлы сияқтыларға (тіпті өзіме де) ұнамаса да мектеп директорлары мен директор орынбасарларына оқушыны, қызметкерді, ата-ананы қабылдау кестесін қайта қарап, жариялауды тапсырдым.

Орындап жатыр, оны таныстырып та жатыр. Дегенмен, қабылдау форматтарын ресмиліктен еркіндікке бағыттауды ұсынамын.

Сафура ТӨЛЕКҚЫЗЫ,

Ұлытау облысы Білім бөлімі басшысы.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.