Биыл қай өңірлерде су басу қаупі бар?

0
48

«Қазгидромет» көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындалу үшін барлық мемлекеттік органға алдын ала болжамды жолдап қойған. Бұл туралы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның басшысы Данара Әлімбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, «Қазгидромет» шекаралас елдермен де гидрометеорологиялық ақпарат алмасып отыр. 10 ақпанға дейін Ресейден қардың жиналуы туралы болжам түседі. Сонымен қатар Өзбекстан да, Қырғызстан да өз болжамдарын ұсынады.

«Біз көктемгі су тасқынына алдын ала болжамды кеше жарияладық. Тиісті шешім қабылдау үшін барлық мемлекеттік органға жолдап қойдық. Қазіргі параметрлерге талдау жүргізіп, су басу қаупі бар аймақтарды анықтадық», — деді ол Сенатта өткен үкімет сағатында.

«Қазгидромет» болжамынша, су басу қаупі жоғары аймақтарға Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары кіреді.

Су басу қаупі орташа өңірлер: Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Атырау облыстары. Ал су тасқыны қаупі төмен облыстар: Павлодар, Маңғыстау және Қызылорда.