Черчесов кетті, орнына кім келді?

0
37

Әли Әлиев – Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметте Станислав Черчесов болған, деп хабарлайды Dalanews.kz

Әли Әлиев 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында өнер көрсеткен.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Ұлттық құрама сапында алғашқы матчын 2002 жылы Эстонияға қарсы өткізді.

Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды.

2021 жылы Әлиев Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болып жұмыс істеп, кейін «Астана» ФК жастар командасын басқарды.

2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырып, содан кейін қайтадан «Қызылжарға» оралды. Әли Әлиевтің жетекшілігімен петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жетті.