Бас мүфти Наурызбай қажының деңгейі де белгілі болды

0
1180

«Шаншардағы» Уәлибектің әйел мен еркек арасындағы ерегіске байланысты бір интермедиясы бар. Отбасыдық дау, әйелі ашулы. Көгереңдеп беттен алып, төске шауып күйеуін табаға салып қуырып жатыр. «Қой ей» дейді бұл бір-екі рет. «Қоймағанда не істейсің, ұрасың ба, мә, ұр, ұр!»

Көгереңдеп алдына көре береді. Уәлидің кейіпкері қайтеді. «Ұр, ұр!» өзі сұрап тұр ғой, сосын бар-ей көздің тұсын көздеп тартып жібердім» дейтіні бар ғой.

«Жұмақта кеудесі алмадай төрт мың хор қызы, қатының болады, арақ дегенің өзен болып арқырап ағып жатады. Алла саған жақұттан үй салып береді» деп сарнап отыратын, жұртты өнер, білімге емес, мешіттен шықпауға, анау дүниеге амал етуге, садағасын молынан беруге емініп отыратын уағызшыларға Уәлибектің кейіпкері құсап бір-екі мәрте қой-ей дейсің ғой.

Бірақ, оларың «қой дегенге қоймаған, қой дегенге зар болатының кебін келтіреді» ғой. Қазақ руханиятына, салт-дәстүріне тас атуын қоймайды. Өзлерін әлемдегі білімпаз көреді.

Жарқын Мырзатай деген бір уағызшы біраз уақыт бұрын қазақтың әдемі салт-дәстүрі, өнегелі ғұрып шақалақты қырқынан шығаруының мәнін басқалай түсіндіріп жақсы ырымды ит тартқан терідей етіп еді.

Жұмақтағы хор қыздары ертегісіне киевандай елтіп қалған мәнжубастың түсіндіруінше қырқынан шығарудың нәрестеге еш қатысы жоқ.

Ол әйелдің төсек қатынасына дайын болған мезгілін білдіреді екен. «Көзі ойнақшып, чё там, жатайық па?» деп сайқалданады.

Бір қызығы, осы уағызшылар орысша қосып сөйлейтінді әдетке айналдырған. Біреуі «қазақтың сөзінің жетпіс проценті арабтан, қалғаны отызы орыстан енген» деп айды аспанға шығарып еді. Сосын қазақтың сөзі жетпей қалған жерге орысша қосатын болса керек.

Әлгі Жарқын Мырзатай дегеннің тағы бір ертегісін әлеуметтік желіде көріп қалдық. Сұхбат беріп отыр. Мұхамедияр дейме біреу Абайды сатыпты.

Бұлар, ұлт зиялылары болу керек, Семейге жиналып қазақтың жайын ақылдасыпты. Мәшһүр Жүсіпті де шақырған екен. Ол құпия кеңеске келмепті. Әулие ғой, соңы жақсы болмайтынын білген болу керек.

Мына Абай, бірақ қай Абай екенін Мырзатайдың өзі біледі. Мәшһүрге ағажан-ау деп әбден шағынады.

«Ағажан, егемен ел бола алмайтынымызды білдіңіз бе, неге қауіп бар деп бізге ескертпедіңіз. Енді не болды, бізді түрмеге қамады. Біз де келмесек-ау ескерткеңізде».

Мырзатайдай айта алмайды екенбіз. Дауыс интонациясы сұмдық. Түрін келістіріп тірі Абай болып өкпе айтып отыр. Мәшһүр Жүсіп шыдамапты.

«Сездім депті. Арамызда сатқындар бар. Бірақ, кейінгі ұрпақ ағаларымыз ел, дін үшін күреспеді деп айтпасын» деп сендерге білдірмедім.

Осы Мырзатай жазған осы сөзімен әлгі Мұхамедияр ма еді, Мұхамедсабыр ма еді сатқынның қасына әулие Мәшһүр Жүсіпті де қосып жібергенін өзі де сезбей қалды-ау деймін.

Біліп отырып, сезіп отырып, бір топ ұлт зиялыларына айтпауын қалайша бағалауға болады?! Әңгімесінің тоқетеріне келгенде әлгі Мырзатай «төбелесетін жері осы» деп төндіріп қояды.

Сосын ойландық. Апыр-ау, Мәшһүрге сөзі өтетіндей бұл қай Абай?! Семей болған соң Абай Құнанбаевқа нәмі келеді. Бірақ, хакім Абай 1904 жылы дүниеден көшкен жоқ па? Сосын Мәшһүрге «ағажан» деп айтатындай емес, оншақты жыл үлкендігі бар.

Сонда бұл қай Абай?!

Комменттерді шолып шықтық. Абай Құнанбаевтың емес белгілі журналист Абай Балажанның баласы Серғали Балажан тауып берді.

«Сендер қырықсыңдар,-дейді ол. -Бұл ұстаз Абай Құнанбаевты емес Абай Байтұрсынұлын, Абай Бөкейхановты, бәлкім Абай Дулатовты айтқан шығар. Түбіне жетпей жамандайтындарың-ай» деп біраз сөгіпті. Серғали өз баламыз ғой, енді біз ұялып қалдық.

Бірақ, Ербол Бейілхан деген коммент жазушы күдігімізді сейілтті. «Тарихтан дым білмейтін таза суаит екен мынауың. Қасындағы да сұхбат алушы өзі сияқты топас-ау».

Айгүл Елшібаева деген қарындасымыздан жауап тапқандай болдық. «Мына молдасымақтың кластасын білем. Мектепте дым оқымаған қараңғы біреу еді» деп айтқан болатын.

Айгүл шындықты айтпаса қай Абай еді деп шақшадай басымыз шарадай болып жүрер ме едік бәріміз.

Бұдан да ащы жазылған комменттерді жазбадық. Түсінген адамға осы да жетер.

Айтпағымыз не?!

Кейінгі кезде дүмше молдалар тым көбейіп кетті. Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай айтады. Пәленше сақаба айтты деп құдіретті Алланың да, қасиетті пайғамбарымыз Мұхаммедтің де қадірін түсіріп бітті. Сүрелерді қалауына бұрып алады.

Бұларға қой дей алмаса, бас муфти Наурызбай Тағанұлының да деңгейі белгілі болды.

Әлгінде біреу, жетпісті алқымдаған бар молда «тәңірі-қазақ сөзі емес, қытайдікі. Нанбасаңдар ғалымдардан сұраңдар» деп қылғынып отыр екен.

Ғұлама Мұхтар Мағауин ағамыз тірі болғанда жіберетін жеріне жіберер еді. Сол Мағауин «біз Еуропадан өркениетті едік. Темір балқытып, одан керекті дүниелер жасай алдық.

Олар атқа жайдақ мініп жүргенде біздің бабаларымыз ертоқым, үзеңгі, жүзен, шылбырмен келістіріп мінді. Найзаласқанда үзенгіге аяғын тіреп жайдақты ат үстінен сайып түсіретін» дейтін. Нақты болмаса да мағынасы осы.

Мағауин де қателескен сыңайлы. Тағы бір арабқұл уағызшы ауызы көпіріп жабайы жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақтар емес, Исмайл пайғамбар дейді. Сонда біздің «Ботай мәдениетіміз қайда қалды?!

Түгің жоқ екен ғой, сорлы қазақ! Бұндайлармен Мағауин ағам айтқандай үзеңгіге табан тіреп сайыспасақ түгімізді қалдырмайды.

Сонау жетпісінші жылдары Ауғанстан, Сирия, Иран сияқты мемлекеттер зайырлы қоғам еді. Дүмше молдалар түбіне жетті.

Қазақстанда идеологиямыздың әлсіздігі әркез байқалып қалады.. Тозғындап кеткен мемлекеттердің кебін кимеу үшін ұлтқа қорған керек. Бәріміз болып.

Санжар Керімбай сияқты ұлттың мерейін тасытып, ұлт көсемдерінің өнегелі істерін насихаттайтын мемлекетшіл жігіттердің қатары көбеюі керек. Әйтпесе, мемлекеттігімізден айырылып қаламыз.

Қазақ оларға керек болмаса, бізге керек!

Бақтияр ТАЙЖАН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.