Түркияда қазақ жігітін бір топ адам жабылып ұрып, тонап кеткен

0
86

Әлеуметтік желіде Қарақат Байтұрғанова Түркияның Сакария қаласында медицина мамандығында оқитын баласына Ыстамбұлға барған кезде 7 түрік жігіті жабылып ұрып, құжаты мен телефонын алып кеткенін айтты.

Әйелдің айтуынша, баласы бір-екі күнде демалысын пайдаланып, Қазақстанға оралу керек болған. Осы ретте әйел қазақстандық елшіліктен көмек сұрап, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарақат Байтұрғанованың айтуынша, түрік жігіттері баласына пышақ тақап, қорқытқан. Әйел жергілікті полицейлер көмек берудің орнына, әрекет етпей қарап жатқанына шағымданды.

«Балам Түркиядағы Сакария қаласында дәрігер мамандығында оқиды. Елге сарқыт алуға Ыстамбұл қаласына барған кезде жеті түрік жігіті ұрып-соққан. 1 ақпанда біздің сағатпен санағанда таңғы 04:00-де олар баламды аяусыз ұрып-соғып, құжатын, ақшасын және телефонын алып кеткен. Сол жерде ұлымның айғайлағанын көрген полицейлер кішкене ғана жүгіріп, «шаршадық, жүгіре алмаймыз» деп айтқан. Пышақ тақаған кезде де тәртіп сақшылары еш шара қолданбаған. Енді балам полицияға барып арыз жазса, шағымды қабылдамай қойған. Екі күнде 1 айлық демалысын пайдаланып, Алматыға ұшуы керек еді. Қазақ елі көмектесіңіздерші. Біздің елдегі түріктер емін-еркін жүреді ғой. Шетелдің азаматы бізде құжатын жоғалтып алсыншы, бірден полицейлер жүгіріп шығады. Неліктен біздің құқығымыз қорғалмайды. Балам алыс жолдан келеді деп күтіп отырған анамын. Енді балам ұшайын десе құжаты жоқ», – деді Қарақат Байтұрғанова.

Әйел бастапқыда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі көмек беруге асықпағанын айтты. Оның айтуынша, түркиялық қазақ бауырлар жағдайды әлеуметтік желіде таратқаннан кейін ғана кері байланысқа шыққан. Кейін елшіліктің көмек бергені белгілі болды. Бұл хабарды сыртқы істер министрлігі растады.

«Қазақ бауырларым, Бас елшіліктің басшысы Нұриддин Аманқұл және директоры Шыңғысқа көп рахмет айтамын. Әлі де хабарласып, жағдайы реттеп береміз деп айтып жатыр. Тағы бір азамат баламның барлық құжатын жасап беруге көмектесемін деді. Осы ретте Түркиядағы барлық қазақ бауырларына алғысым шексіз», – деді Қарақат Байтұрғанова.