Бас мүфтидің аймақтағы «күмбезді үйі»: Саудаға түскен діни ғимарат (ВИДЕО)

0
2199

Астанадағы үш күмбезді коттедж және Қарағандыдағы мешітке ұқсайтын үй… Халық неге имамдардың сөзіне иланбайды?

Астанадағы «Алланың үйіне» ұқсайтын үш күмбезді алып коттеджді «Зекет» қорының экс-директоры, бүгіндері өзін табысты кәсіпкер санайтын Нұрлан Лесбекұлы Алжанқұлов «менің үйім» деп шыр-пыр болғанда, былайғы жұрт оған сене қойған жоқ.

Менің ойымша, көңілге күдік ұялаудың себебі күмбезде. Мешітке ұқсатып салынған үй көрсек, бірден «мұнда — дін адамы тұрады» деп ойлаймыз.

Сондықтан болса керек, ҚМДБ басшылары үш күмбезді коттедждің «мүфтиятқа дым қатысы жоқ» деген нарративті күшейтіп бақты.

Тіпті, үш күмбезді коттеджді видеоға түсіріп жариялаған таксисті ұстап алып кешірім сұратты. Әрине, бұған да көзі қарақты былайғы жұрт сенген жоқ. Неге?

Гәп мынада: Қарағандыдағы «әл-Машани» мешітінің шарбағына тиіп тұрған мынау (видеодағы) үйге назар аударайықшы.

Бұл үйдің де маңдайшасы «әл-Машани» мешіттің қасбетіне ұқсас. «Дін адамына» — имам мен мүфтиге арнап салынған үй екені менмұндалап тұр.

Бұл үйді Наурызбай Тағанұлы Өтпенов 2006-2011 жыл аралығында облыстың бас имамы қызметін атқарған тұста Қарағанды әкімдігі өңірге келіп-кететін имамдарға арнап салып берген.

Мүлікті тіркеу органындағы құжаттар соны дәлелейді. Бірақ, мешітке ұқсас үй өңірге келіп-кететін дін адамдарына қызмет етпеді, Өтпенов Қарағандыдан кетерде үйді Түлкібаста тұратын қарындасы Гауһар Тағанға «сатты».

Ал Гауһар Таған үйді басқа біреуге сатты, сөйтіп Н.Өтпенов облысқа келіп-кететін имамдарға арнап әкімдік салған діни-қызметтік үйді жоқ қылды.

Қазір Қарағандыда бірнеше имам пәтер жалдап, үйсіз-күйсіз қаңғып жүр… Осыдан кейін мүфтияттың мәлімдемесіне кім сенеді?!.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.